Ауылдың дамуы ең алдымен тұрғындардың тұрмыс сапасынан, елді мекеннің инфрақұрылымынан, жолы мен жарығынан, ауыз суынан, əлеуметтік нысандарының жағдайынан көрінеді. Осы тұрғыдан алғанда Мыңбаев ауылдық округінде соңғы жылдары қордаланған мəселелерді кезең-кезеңімен шешуге, ауылдың əлеуметтік-экономикалық əлеуетін арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізілуде.
Мыңбаевқа кірген сəтте алматыға сəт сайын жүріп жатқан қоғамдық көліктерді көзіміз шалды. Аудан орталығы болмасада қатынас мəселесі оңтайлы шешілген ауылдың бірі екенін байқайсыз. Мұнда 2023 жылдан бастап Алматы-Мыңбаев бағытындағы автобустар жолаушы тасымалдайды. Ауыл тұрғындарының Алматыға барып келуі өте ыңғайлы болған. «Оңай» картасымен небəрі 120 теңге төлеп қалаға жетуге болады.
Бүгінде Мыңбаев ауылдық округінде 5783 адам тұрады. Оның 1326-сы – жастар, 654-і – зейнеткерлер. Округте бір мектеп, бір аурухана, бір емхана жəне үш балабақша жұмыс істейді. Ауылда 24 «Алтын алқа», 44 «Күміс алқа» иегері жəне 196 көпбалалы ана бар. Бұл көрсеткіштердің өзі елді мекеннің əлеуметтік тынысы мен демографиялық əлеуетін айқын аңғартады.
Мыңбаев ауылдық округінің негізгі тіршілік көзінің бірі – ауыл шаруашылығы. Округтің жалпы жер көлемі 34 579 гектар болса, оның 32 577 гектары жайылымдық, 1972 гектары егістік жерлерге тиесілі. Бүгінде ауыл шаруашылығы саласында 14 шаруа қожалығы мен 3 жауапкершілігі шектеулі серіктестік жұмыс істейді. Шаруа қожалықтарын қоса есептегенде 3571 бас мүйізді ірі қара, 28 162 бас ұсақ мал, 1243 жылқы, 64 түйе жəне 6 мың құс бар. 2026 жылы 600 гектар күздік бидай, 392 гектар жаздық арпа, 50 гектар картоп, 90 гектар мақсары егу жоспарланған. Сондай-ақ 50 гектарға шөп егілген.
Ауылдағы кəсіпкерлікті дамытуға, тұрғындардың өз ісін бастауына мүмкіндік жасауға да назар аударылып отыр. Соның бір мысалы – «Ауыл аманаты» ұлттық жобасы. Бағдарлама аясында жеңілдетілген несие алу шарттары мен оған қатысу тəртібі тұрғындарға тұрақты түрде түсіндірілуде. Қазіргі уақытта округтен бес өтінім берілген. Оның екеуі ауыл шаруашылығы бағытына арналса, бір тұрғын тігін цехын, енді бірі жылыжай ашуды жоспарлаған. Тағы бір өтінім сауынды сиыр бағытындағы кооператив құруға берілген. Қатысушылардың тиісті құжаттары аудандық ауыл шаруашылығы бөліміне жолданған. Олардың өтінімі мақұлданса, қызу тіршілік басталғалы тұр. Алайда осы тұста аталған бағдарлама арқылы өтініштер тым баяу қаралып жатқанын қатысушылар айтуда.
Ауыл тұрғындарының күнделікті өміріне тікелей əсер ететін маңызды мəселенің бірі – жол. Осы бағытта Мыңбаевта ауқымды жұмыстар қолға алынған. 2025 жылы ауылдағы 16 көшенің жалпы ұзындығы 8,5 шақырым болатын ішкі жолдарына жобалық-сметалық құжаттама əзірленіп, 321 млн 971 мың теңгеден астам қаражат қарастырылды. Құрылыс жұмыстарын «Дортехмонтажсервис» ЖШС жүргізуде. Жоба 2025-2026 жылдарға ауыспалы болғандықтан, жұмыстар биыл да жалғасуда. Қазіргі таңда мердігер ұйым 16 көшеде асфальт төсеуге арналған қиыршықтас негізін дайындап қойған. Жол жабындысын төсеу жұмыстарын 2026 жылдың қыркүйек айында жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жоба аяқталғаннан кейін ауылдағы ішкі жолдардың сапалы үлесі 54 пайызға дейін жетеді деп күтілуде.
Бұл жұмыстар мұнымен шектелмейді. 2025 жылдың желтоқсан айында тағы 13 көшенің 5,2 шақырым жолына жобалық-сметалық құжаттама əзірленіп, құрылыс-монтаж жұмыстарына 2026 жылға бюджеттік өтінім жолданған. Аталған көшелерге асфальт төселген жағдайда ауылдағы сапалы ішкі жолдардың көрсеткішін 67 пайызға дейін жеткізу көзделіп отыр. Ауылдың іргесі кеңейген сайын сұраныстар арта түсетіні анық.
Сапалы ауыз су мəселесі де ауыл өміріндегі негізгі қажеттіліктің бірі. Мыңбаев ауылында 2023 жылдан бастап ауыз су жүйесін қайта жаңғырту жəне салу жобасы жүзеге асырылды. Жоба аясында жалпы ұзындығы 39 874 метр су құбыры желісін тарту қарастырылған. Сонымен бірге мердігер мекеме өз қаражаты есебінен қосымша 6 шақырым құбыр төсеген. Бүгінде жеке тұрғын үйлер мен нысандар жаңа су жүйесіне қосылып, жаңартылған ауыз су жүйесі қолданысқа берілген. Мыңбаев тұрғындары судан таршылық көріп отырған жоқ.
Халық санының өсуі ауылдағы əлеуметтік инфрақұрылымға да жаңа міндеттер жүктеп отыр. Əсіресе білім саласында бұл мəселе өзекті. 2026 жылы ауыл мектебінде 1265 бала білім алса, 2027 жылы оқушылар саны 1410-ға жетеді деген болжам бар. Мектеп жасындағы балалар санының жыл сайын өсуі алдағы уақытта білім ошағының үш ауысымды оқыту жүйесіне көшу қаупін туындатып отыр. Сондықтан жаңа мектеп салу – бүгінгі күннің маңызды мəселелерінің бірі. Осы мақсатта 2022 жылы жаңа тұрғын үй алабындағы Хан шатыр көшесіне мектеп орналастыру үшін 3,2 гектар жер телімі тұрақты жер пайдалану құқығымен бөлінген.
Денсаулық сақтау саласында да ауыл тұрғындарына қажетті медициналық қызмет көрсетіліп келеді. Мыңбаев ауылдық ауруханасы 1968 жылы салынған, кейін 2013-2015 жылдары екі кезеңмен күрделі жөндеуден өткізілген. Қазіргі таңда мұнда 7 дəрігер мен 19 медбике еңбек етеді. 20 орындық ауруханада терапия, неврология бөлімдері жəне алты орындық күндізгі стационар жұмыс істейді. Сондай-ақ Шолаққарғалы – Қасымбек – Мыңбаев бағытындағы жедел жəрдем бригадасы тұрғындарға тұрақты қызмет көрсетуде.
Ауылдағы өзекті мəселелердің бірі – электр желілерінің жағдайы. Округ бойынша электр энергиясын тұтынатын 1520 абонент бар. Елді мекен аумағында 21 трансформатор орналасқан. Алайда электр бағаналары, трансформаторлар мен желілердің бір бөлігі тозып, ескірген дейді ауыл тұрғындары. Соның салдарынан кей кездері электр қуатының кернеуі төмендеп, желілерде үзілістер мен ақаулар орын алуда. Бірқатар трансформаторлардың тиісті қоршаумен қамтамасыз етілмеуі де қауіпсіздік тұрғысынан назар аударуды қажет етеді. Осыған байланысты алдағы уақытта электр желілерінің техникалық жағдайын тексеру, тозған бағаналар мен желілерді жаңарту, трансформаторларды талапқа сай қоршау жəне электрмен жабдықтаудың тұрақтылығын арттыру қажет.
Ауылдың ажары оның тазалығы мен абаттандырылуынан да көрінеді. Осы орайда Мыңбаев округіне ауыл атауы жазылған кіреберіс қақпасын орнату жобасы қолға алынған. Жобалық-сметалық құжаттамасы əзірленіп, құрылыс-монтаж жұмыстарына 4 млн теңге қарастырылған. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар округте тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға арналған төрт толық жабдықталған алаң салу жоспарланған. Бұл жобаның да құжаттары əзірленуде екен. Құрылыс жұмыстарына 3 млн 904 мың теңге қажет жəне оны 2026 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асыру көзделген.
Балалардың бос уақытын тиімді өткізіп, қауіпсіз ортада демалуына жағдай жасау мақсатында да нақты жұмыс жоспарланыпты. Балалар ойын алаңын орнатуға 23 млн теңге қарастырылып, бүгінде оның құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталған.
Ауыл экономикасын дамытуда инвестиция тартудың орны бөлек. Бұл аудан əкімінің үнемі бақылауындағы мəселенің бірі. 2026 жылға Мыңбаев ауылдық округіне 1 млрд теңге инвестиция тарту жоспары белгіленген. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 38 млн теңге көлемінде инвестиция тартылыпты. Округ əкімі Темірлан Елдесұлының айтуынша жыл соңына дейін округ аумағында бірқатар жаңа кəсіпкерлік нысандарын іске қосу көзделіп отыр. Олардың қатарында кірпіш зауыты, киім-кешек сауда орталығы, моншалар мен азық-түлік дүкендері бар.
Сонымен бірге округ аумағындағы кірпіш зауытын пайдалануға беру құжаттарын рəсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Құжаттары толық аяқталғаннан кейін жоба инвестициялық көрсеткішке енгізіліп, жылдық жоспардың орындалуына үлес қоспақ.
Кəсіпкерліктің дамуы ауылға инвестиция тартумен ғана шектелмейді. Əрбір жаңа кəсіпкерлік нысаны – жаңа жұмыс орны, тұрғындардың тұрақты табыс көзі жəне жергілікті экономиканың жандануына жасалған қадам. Сондықтан ауыл шаруашылығымен қатар шағын жəне орта кəсіпкерліктің өрісін кеңейту де Мыңбаевтың алдағы дамуында маңызды рөл атқарады деп есептейміз.
Жалпы, ауылды дамыту – бір жылдың немесе бір жобаның аясында аяқталатын жұмыс емес. Жол салу, су жəне электр желілерін жаңарту, мектеп пен медициналық нысандардың жағдайын жақсарту, ауылды абаттандыру, кəсіпкерлікті қолдау – барлығы бір-бірімен сабақтасып жатқан міндеттер. Бір мəселе шешілген сайын тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға тағы бір қадам жасалады.
Мыңбаев ауылдық округінде бүгінде осы бағыттағы жұмыстар жоспарлы түрде жалғасып жатқаны көзге көрініп тұр. Ауыл əкімі өз сөзінде: «Алдағы кезеңдегі басты міндет – басталған жобаларды сапалы əрі уақытылы аяқтау, шешімін күткен мəселелерді кезең-кезеңімен реттеу жəне ауылдың əлеуметтік-экономикалық əлеуетін одан əрі арттыру. Жолдардың жөнделуі, инженерлік инфрақұрылымның жаңғыруы, жаңа əлеуметтік жəне кəсіпкерлік нысандардың пайда болуы түптеп келгенде бір мақсатқа – Мыңбаев тұрғындары үшін жайлы, қауіпсіз əрі қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған», – деді.
Алдағы уақытта қордаланған мəселелер кезең-кезеңімен шешімін тапса, Мыңбаев округі тұрғындар үшін қолайлы, инфрақұрылымы қалыптасқан, экономикасы орнықты елді мекеннің біріне айналары сөзсіз.
Б.АЙТАЛЫ,
Ұзынағаш ауылы.


