Среда, 29 апреля, 2026
Басты бетЖаңалықтарОлжас Бектенов фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамыту мәселелері бойынша Отандық кәсіпкерлер кеңесі...

Олжас Бектенов фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамыту мәселелері бойынша Отандық кәсіпкерлер кеңесі отырысын өткізді

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының отандық фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде Отандық кәсіпкерлер кеңесі отырысын өткізді.

Жиынға мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ҰКП басшылары, салалық қауымдастықтар мен бизнес өкілдері қатысты.

Отырыс барысында Премьер-министр Олжас Бектенов отандық денсаулық сақтау, фармацевтика және медицина өнеркәсібін дамыту халықтың өмір сүру сапасы мен ұлттық экономиканың тұрақтылығына тікелей әсер ететінін атап өтті.

«Адамға бағдарланған мемлекет қағидаты Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қабылданған жаңа Конституцияның негізгі өзегіне айналды. Яғни, адам капиталын дамыту мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде танылды әрі ол Ата заңда нақты бекітілді. Бұл, өз кезегінде отандық денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамыту үшін де тың тәсілдерді талап етеді», — деді Олжас Бектенов.

«Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Қанат Шарлапаевтың айтуынша, бүгінде елімізде 209 отандық өндіруші тіркелген, оның 43-і дәрілік заттар өндірісімен, 166-сы медициналық бұйымдар шығарумен айналысады. Қазіргі таңда 31 қазақстандық тауар өндірушімен 2 мыңнан астам фармацевтикалық өнім түрін жеткізу бойынша 83 ұзақмерзімді шарт жасалған. 2025 жылғы желтоқсаннан бері 316,3 млрд теңге болатын 6 инвестициялық жоба іске қосылып, нәтижесінде 400-ге жуық дәрілік зат түрін шығару, 1,1 мыңнан астам жұмыс орнын құру және экспорттық әлеуетті кеңейту көзделген.

Үкіметтің қолдауымен уәкілетті органдармен бірлесіп, бағаны кезең-кезеңімен реттеу бойынша жұмыс жалғасуда. Бүгінгі таңда бұл шара рецептсіз сатылатын 2,5 мыңға жуық дәрі-дәрмекті қамтыды, сондай-ақ құны 1 АЕК-ке дейінгі тағы 1,8 мың рецепт арқылы берілетін дәрі-дәрмек бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді. Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің талдауына сәйкес, биылғы 1 тоқсанда 631 дәрі-дәрмек түрі бойынша баға орта есеппен 24,6%-ға төмендеген. Сондай-ақ дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды «бір терезе» қағидаты бойынша тіркеуді жеделдету тетіктері пысықталуда, бұл олардың нарыққа шығу мерзімдерін қысқартуға мүмкіндік береді.

Дәрілік заттардың бағасын реттеу мәселелері бойынша фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығы түріндегі заңды тұлғалар бірлестігінің басшысы Марина Дурманованың баяндамасы тыңдалды. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2025 жылы елімізде фармацевтикалық өнім өндірісінің көлемі 191,1 млрд теңгені құрады, 2024 жылмен салыстырғанда өсім 8,7%-ға артқан. Нарықтық ерекшеліктерді ескере отырып, отандық препараттарға баға белгілеу жүйесін жетілдіруге қатысты ұсыныстар айтылды.

«Еуразиялық медициналық қауымдастығы» ЗТБ атқарушы директоры Сәуле Сатыбаева ТМККК және МӘМС шеңберінде дәрі-дәрмек пен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алу мәселесін көтерді. Отандық өндірушілерге арналған преференцияларды күшейту және баға белгілеу бөлігінде ұзақмерзімді шарттардың тұрақтылығын арттыру мүмкіндіктерін қарастыру ұсынылды. Сондай-ақ отандық өндірістің бар екенін ескере отырып, дәрілік заттарды халықаралық ұйымдар арқылы сатып алу тетіктерінің ашықтығына ерекше назар аударылды.

Отандық медициналық техника өндірісін дамыту бойынша «Sintez-KZ медициналық холдингі» ЖШС директоры Игорь Рыбин ұсыныстар айтты. Аталған бастамалардың қатарында қазақстандық тауар өндірушілермен ұзақмерзімді шарттар жасасу практикасын жаңғырту, офтейк–келісімшарттарды енгізу және ҚР-да аккредиттелген сынақ зертханаларын құру бар.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесін реформалау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып, ашықтыққа, дәрі-дәрмек құнын төмендетуге және цифрлық технологияларды енгізуге баса назар аударылып отырғанын атап өтті. Ұзақмерзімді шарттар бойынша 5 мыңнан астам позиция қайта есептелді және өткен жылдың шілдесінен бастап жаңа бағалар белгіленді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша қабылданған шаралар есебінен бірыңғай дистрибьюторды сатып алу кезінде шамамен 75 млрд теңге көлемінде бюджет қаражатын үнемдеуге қол жеткізілді.

Премьер-министр Олжас Бектенов фармацевтикалық өнім өндірісін ұлғайту, технологиялар трансфері, халық үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру бағыттарында мемлекет пен бизнестің бірлескен жұмысының қажеттілігіне назар аударды.

«Отандық өндірушілерді қолдау басымдыққа ие болуы керек және бұл барлық салаға қатысты. Біз барлық бағытта, соның ішінде медициналық техника және дәрілік заттармен өзін-өзі қамтамасыз ету бойынша жұмыс істеуіміз қажет. Бұл – маңызды мәселе. Үкімет кәсіпкерлік қызметті реттеу саясаты аясында бақылау және әкімшілік жүктемені азайту, сондай-ақ бизнестің мемлекеттік қолдау шараларына қолжетімділігін кеңейту жұмыстарын жалғастырады. Өз кезегінде, бизнес тарапынан әлеуметтік жауапкершілікпен қатар, халықтың кең ауқымы үшін қолжетімді бағада қауіпсіз әрі сапалы фармацевтикалық өнімдермен қамтамасыз ету бағытында нақты қадамдар қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-министр мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берді:

Денсаулық сақтау министрлігіне осы жылдың 1 шілдесіне дейін «бір терезе» қағидаты бойынша дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды тіркеуді қамтамасыз ету тапсырылды. Осы жылдың 1 маусымына дейін көтерме және бөлшек сегменттегі құны 1 айлық есептік көрсеткішке дейінгі дәрілік заттардың бағасын дерегуляциялау жұмыстарын аяқтау қажет, ал 1 айлық есептік көрсеткіштен жоғары бағалар бойынша биылғы 1 желтоқсанына дейін аяқтау керек.

Денсаулық сақтау министрлігіне «Атамекен» Ұлттық палатасымен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, баға белгілеудің халықаралық тәсілдерін талдау негізінде отандық өндірістегі дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың әділ нарықтық бағасының теңгерімін қамтамасыз ету тапсырылды.

Бұдан бөлек, локализациялау құралы және сервистік инфрақұрылым ретінде медициналық техниканы жеткізуге ұзақмерзімді шарттар жасасу тетігі бойынша ұсыныстар енгізу.

Ұлттық экономика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, қосылған құн салығының бірыңғай жеңілдетілген мөлшерлемесін белгілеу мәселесін қарастырып, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды импорттау және өткізу кезінде салық салу тәсілдерін біріздендіру бойынша шаралар қабылдасын.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments