Қазақстан Республикасы Конституциясының 39-бабында Қазақстан Республикасын қорғау әр азаматтың қасиетті парызы мен міндеті екені көрсетілген. Сондай-ақ азаматтардың әскери қызметті заңда белгіленген тәртіппен өткеретіні айтылған. Бұл – Отанның қауіпсіздігін сақтау әрбір азамат үшін маңызды жауапкершілік екенін білдіреді.
Қазіргі таңда жастар арасында әскерге баруға қатысты түрлі көзқарастар кездеседі. Кейбір жастар әскери қызметтің маңызын толық түсінбесе, енді біреулері одан жалтаруға тырысады. Алайда Отанды қорғау тек әскери борышты өтеумен шектелмейді. Ол – елге адал қызмет ету, мемлекеттік рәміздерді құрметтеу, қоғамдық тәртіпті сақтау және туған жердің тыныштығына үлес қосу.
Жастарға отансүйгіштік тәрбие беруде мектептің рөлі ерекше. Мектепте өткізілетін патриоттық тәрбие сағаттары, әскери-патриоттық іс-шаралар, ардагерлермен кездесулер және алғашқы әскери дайындық сабақтары оқушылардың елге деген сүйіспеншілігін арттырады. Мұндай шаралар жас ұрпақты тәртіпке, жауапкершілікке, батылдыққа және ел алдындағы борышын түсінуге тәрбиелейді.
Әскери қызмет – азаматтың бойында төзімділік, ұйымшылдық пен тәртіп қалыптастыратын өмір мектебі. Дегенмен әскери қызметке шақыру, одан босату немесе кейінге қалдыру мәселелері заңда белгіленген тәртіппен шешіледі. Қазақстанда бұл қатынастар «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңмен реттеледі.
Отанды қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы. Елін сүйген адам оның бейбітшілігін, тәуелсіздігін және қауіпсіздігін бағалайды. Сондықтан отансүйгіштік тәрбиені мектеп қабырғасынан бастап қалыптастыру – болашақ ұрпақты елін құрметтейтін, жауапты әрі саналы азамат етіп тәрбиелеудің маңызды жолы
Әбу Әйгерім, Атамекен газетінің бас редакторы


