Воскресенье, 22 декабря, 2024
Басты бетЖаңалықтарРайымбек Баталов жаңадан құрылған Жетісу және Алматы облыстарының кәсіпкерлерімен кездесті

Райымбек Баталов жаңадан құрылған Жетісу және Алматы облыстарының кәсіпкерлерімен кездесті

«Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов Талдықорған және Алматы өңірлерінің бизнес өкілдерінен құралған Өңірлік кеңес өкілдерімен кездесті.

Жиында Райымбек Баталов ҰКП назары шағын және орта бизнесті дамыту бағдарламасын іске асыруға, мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылын күшейтуге және салалық сараптама сапасын арттыруға бағытталғанын айтты.

«Атамекенге» көптеген өтініш түсіп жатқанын көріп отырмыз. Бізде заңгерлердің саны шектеулі екенін ескере отырып, кәсіби адвокаттармен және заңгерлермен бірлесіп жұмыс істеуге және олармен мәселелерді мемлекеттік органдардың алаңдарында шешуге тиіспіз. Мұндай жүйелі жұмыс жедел түрде сұрақтарға жауап беруге, бизнестің барлық сегменті үшін пайдалы болады. Салалық саясатты дамыту да маңызды. Біздің міндетіміз – қалыптасқан тәсілдерді өзгерту, облыс, аудан және қала әкімдіктеріндегі осы тәсілдерді өзгертуге көмектесу», – деп атап өтті Төралқа басшысы.

Кездесу барысында Өңірлік кеңес мүшелері агроөнеркәсіп кешен, салықтар, тарифтер саласындағы проблемаларды, әкімдіктермен өзара іс-қимылдағы мәселелерді айтты. Кәсіпкерлерге санкциялық ықпал ету мәселесі де көтерілді. Райымбек Баталов барлық сұрақ «Атамекеннің» жіті назарында екенін атап өтті.

«Өңірлік кеңес мүшелерімен осымен екінші рет кездесіп отырмыз. Біздің әрбір кездесуіміз алдыңғы кеңес барысында айтылған мәселелер бойынша атқарылған жұмыс туралы есептен басталуы тиіс деп есептеймін. Сонда нақты жұмыс жүргізіліп, қандай мәселе шешімін тапқанын, ал қайсысы шешілмей жатқанын көретін боламыз», – деді Райымбек Баталов.

Кездесуді қорытындылай келе, Өңірлік кеңес төрайымы Римма Салықова ҰКП басшылығына палатаны трансформациялау және бизнес ахуалды жақсарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстары үшін алғысын білдіріп, кәсіпкерлік мәселелерін талқылау мен шешу барысына өңірлік бизнестің қатысуының маңыздылығына назар аударды.

«Мұндай ашық және сындарлы кездесулер бизнес үшін өте пайдалы. Менің ойымша, кездесулерде жағдайдың бәрі жақсы дей бермей, алдымыздағы өзекті мәселелер мен кедергілер туралы да айтуымыз керек. Өйткені, жасап жатқан қызметіміз, қолдау шаралары туралы ақпарат ауылдарға жете бермейді. Бұған аудандарға шығып, азаматтармен кездескен сайын көзім жетіп келеді», – деп атап өтті Өңірлік кеңес мүшесі Дәрібек Қарабасов.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments