Бүгін еліміз үшін маңызды саяси науқан – Құрылтай депутаттарын сайлау өтуде. Алматы облысының тұрғындары да өз азаматтық таңдауын жасап, дауыс беруге белсенді қатысып жатыр.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Қонаев қаласындағы №9949 сайлау учаскесіне барып, өз таңдауын жасады. Өңір басшысы дауыс бергеннен кейін журналистерге сайлау барысы туралы пікір білдірді.
«Бүгін – еліміз үшін маңызды саяси күн. Мен де Алматы облысының тұрғыны әрі Қазақстан азаматы ретінде тіркелген сайлау учаскеме келіп, өз таңдауымды жасадым. Жалпы, біздің өңірде миллионнан астам азамат дауыс беруге құқылы. Бүгін облыста 683 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр. Сайлаушыларға қажетті жағдайдың бәрі жасалған», – деді облыс әкімі.
Марат Сұлтанғазиев бүгінгі сайлаудың ел дамуы үшін маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл саяси науқан Қазақстанның жаңа кезеңге қадам басуына ықпал ететін маңызды оқиғалардың бірі.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында бұл сайлаудың ұлт тағдырына тікелей әсер ететін тарихи оқиға екенін атап өтті. Саяси шара қоғамдық диалогты жаңа деңгейге көтеріп, еліміздің болашағын бірге айқындауға мүмкіндік береді», – деді өңір басшысы.
Алматы облысында сайлау учаскелері таңғы сағат 07:00-ден бастап жұмысын бастады. Өңір бойынша барлығы 683 сайлау учаскесі сайлаушыларды қабылдап, азаматтардың өз таңдауын жасауына мүмкіндік беріп отыр.
Сайлау барысын отандық және халықаралық байқаушылар бақылауда. Бұл сайлау үдерісінің ашық әрі заң талаптарына сәйкес өтуін қамтамасыз етуге бағытталған.
Саяси науқанға қатысу – әр азаматтың ел болашағына деген жауапкершілігін танытатын маңызды қадам. Өз таңдауын жасау арқылы әрбір сайлаушы қоғамның дамуына, елдің ертеңіне өз үлесін қоса алады.


