Жамбыл ауданында алдағы сайлау науқанына дайындық жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Аудан аумағындағы барлық сайлау учаскелерінде ұйымдастырушылық және техникалық мәселелер пысықталып, тиісті талаптарға сәйкестендіру жұмыстары қолға алынған.
Бүгінде учаскелік сайлау комиссиялары өз қызметтеріне толық кірісіп, сайлаушыларға қолайлы жағдай жасау бағытында жұмыстар атқаруда. Учаскелер қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, дауыс беру кабиналары, жәшіктер мен ақпараттық стендтер талапқа сай дайындалуда. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беруіне жағдай жасау мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Пандустар, шақыру түймелерінің де жұмысы тексеріліп, арнайы бұрыштар қарастырылып, әр азаматтың өз таңдауын еркін жасауына мүмкіндік жасалуда.
Қауіпсіздік шаралары да күшейтіліп, құқық қорғау органдары мен жауапты мекемелер бірлесіп жұмыс жүргізуде. Учаскелерде қоғамдық тәртіпті сақтау, төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында тиісті шаралар қабылданған. Сонымен қатар, сайлау комиссиясы мүшелеріне арналған оқыту семинарлары ұйымдастырылып, заң талаптары мен рәсімдер жан-жақты түсіндірілуде. Бұл өз кезегінде сайлау үдерісінің ашық әрі әділ өтуіне ықпал етеді.
Жалпы, Жамбыл ауданында сайлау учаскелерінің дайындығы бақылауда. Жауапты мамандар сайлау күні барлық талаптардың сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстарды жалғастыруда.
Сайлау – ел өміріндегі маңызды саяси науқан. Сондықтан әрбір азаматтың өз таңдауын жасап, қоғамдық үдеріске белсенді қатысуы – ел болашағы үшін маңызды қадам.


