Қазақстан алғаш рет Азия ойындарында үздік ондыққа ене алмады. Қытайдың Ханчжоуында аяқталған Азиадада қазақстандық спортшылар 10 алтын, 22 күміс, 48 қоламен жалпы есепте 11-орын алды. Жанкүйерлер Қазақстанның Үндістан мен Өзбекстаннан қалып қойғанына қапалы. Спортқа көп қаржы бөліп, спорттағы нәтижелерін елдің ішкі және сыртқы имиджін көтеруге пайдаланатын елдің халықаралық жарыстардағы нәтижесі неге түсіп кетті?
«Пәлен-түген демейміз, болары болды, мойындаймыз. Келесі жолы екі бас, тіпті үш бас жоғары болуға бар күш салып, айқын жеңуге тырысамыз» деді қазақстандық боксшы Қамшыбек Қоңқабаев Азия ойындарының финалында өзбек Бахадор Жалиловтан жеңіліп қалған соң.
Қоңқабаевтың бұл сөзі – Азия ойындарына барған бүкіл Қазақстан делегациясының нәтижесіне айтылған сөз сияқты.
2018 жылдан бері ұлттық құрамаларға бюджеттен ақша бөлетін Қазақстанның халықаралық жарыстардағы нәтижесі күрт төмендеп, әлі бұрынғы деңгейіне шыға алмай келеді. Әдетте Азия ойындарында кемі 18-24 алтын алатын Қазақстан 2018 жылы Джакартадағы Азиадада 15 алтынмен 9-орын алып қалды. Артынша Токио-2020 олимпиадасында алтын медальсіз (8 қола), 2022 жылы Пекинде өткен қысқы олимпиадада мүлде жүлдесіз қалды.
Бұл жолы Қытайдағы жарысқа 500-ден аса спортшы апарған Қазақстан 10 алтын медальді әупірімдеп алды. Әдетте Қазақстан 1994-2014 жылдардағы Азия ойындарында үздік бестікке еніп жүрген еді. Ел жанкүйерлері Ханчжоудағы Азия ойындарында Қазақстан 48 қола жүлде алып, бұл көрсеткіш бойынша жеке рекордын орнатқанын әзілге қосып, Үндістан (28 алтын), Өзбекстан (22), Бахрейн (19), Иран (13) және Тайпейдің (12) озып кеткені жайлы көп айтып жатыр.
1994 жылы Қазақстан Хиросимада (Жапония) өткен Азия ойындарында 27 алтын иеленгенде Өзбекстан 11 алтын, ал Үндістан 4 алтын еншілеген еді. Әдетте спортшылардың нәтижесін Өзбекстанмен жиі салыстыратын қазақстандық жанкүйерлер екі Азия ойындары қатарынан Өзбекстаннан қалып қалғанына қапалы.
Азия ойындарын жүргізген спорт комментаторы Есей Жеңісұлы Қазақстанның екі Азия ойындарындағы сәтсіз нәтижесі «заңдылық» деп санайды.