“Таза Қазақстан” экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылған сенбілік Жамбыл ауданының барлық елді мекендерінде қарқынды түрде жалғасуда. Акцияның басты мақсаты – табиғатты қорғау, қоршаған ортаны таза ұстау, сондай-ақ жасыл аймақтарды көбейту.
Сенбілікке түрлі сала өкілдері, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, жастар ұйымдары мен ауыл тұрғындары белсенді қатысуда. Олар көшелер мен қоғамдық орындарды тазалап, ағаштар отырғызып, гүлзарларды ретке келтіруде. Бұл – қоғамның экологиялық жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Бүгінгі сенбілік жұмыстарына Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас арнайы қатысып, тұрғындармен бірге ағаш және гүл көшеттерін отырғызды. Аудан басшысының бұл бастамаға өзі үлгі болып қатысуы – елді мекендерді көркейту ісіне серпін беріп отыр.
Іс-шара Жамбыл ауылындағы мәдениет үйінің саябағынан басталып, Қарасу ауылдық округіне қарасты Сарыбай би саябағында жалғасын тапты. Бұл орындар алдағы уақытта тұрғындардың демалыс аймағына айналып, жасыл желекпен көмкерілген көрікті мекен болмақ.
Нұрлан Ертасұлы өз сөзінде аудан көлемінде атқарылып жатқан көгалдандыру жұмыстарының маңыздылығына тоқталды.
– Биыл Жамбыл ауданы бойынша жалпы 25 мың түп ағаш отырғызу жоспарланған. Көктемгі кезеңнің өзінде 10 мың түп ағаш көшеті отырғызылды. Бұл жұмыстар мұнымен тоқтап қалмайды, әр сенбі сайын барлық елді мекендерде жалғасады. Біздің басты мақсатымыз – аудан аумағын жасыл желекке айналдырып, тұрғындарға қолайлы әрі таза орта қалыптастыру. Көгалдандыру – бұл тек бүгінгі күннің емес, келешек ұрпақтың игілігі үшін жасалып жатқан жұмыс, – деді аудан әкімі.
Оның айтуынша, мұндай бастамалар тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, елді мекендердің көркі мен келбетін арттыруға оң ықпал етеді.
Экологиялық акциялар тек тазалықты қамтамасыз етіп қана қоймай, қоғамда бірлік пен ынтымақты нығайтады. Ал Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығы аясындағы көгалдандыру жұмыстары – ұлы тұлғаның рухына тағзым етіп, оның есімін жаңғыртудың жарқын көрінісі.
Бақтияр Айталы



