Біз бұл кісіні білгелі де біраз жылдың жүзі ауды. 1982 жылы Сарыжазық жайлауында бейресми бір кездесуде Тұрсынбай ағаға алғаш жолыққан кезімізде желкілдеген жас едік. Ол кезде бұл кісі қырықтан жаңа асқан қылыштай өткір сайыпқыран, аудандағы ең ірі шаруашылықтың бірі – Ленин атындағы колхоздың бас зоотехнигі. Дәурені жүріп, дәуірлеп тұрған шағы. Біз болсақ, аудандық газеттің әлі пісіп жетілмеген фототілшісіміз.
Содан кейін де аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас зоотехнигі қызметінде жүрген кезінде редакция тапсырмасына байланысты іс барысында талай рет ұшырастық. Жылы шырай танытатын, қажетті мәліметтерді билігін бұлдайтын бәз біреулер құсап бәлсінбей ұсынатын. Сондықтан да шығар, шіренімпаздық шектен шыға бастаған шақта өзімізді тең дәрежеде қомсынбай қабылдаған бірен-саран ағаларға деген ілтипатымыз ерекше қалыптасып еді. Тұрсынбай аға солардың қатарында болды.
***
Тағдырға шара бар ма, жас кезімізде жалғыздық пен жетімдіктің дәмін молынан таттық. Енді ойлап қарасақ, соның салдары ма, әлде табиғатымыз солай ма, әйтеуір әр кезде саяқсып, топ жаратын талай тұста ортаға батынып кіре алмаппыз. Тартынбайтын жерде тізгін тежеп, талай жерде есе жіберіппіз. Комплекс неполноценности! «Тепсінісіп келгенде, тең атаның ұлы» (Шалкиіз) екенімізді айта алмай, орынсыз ұяла қалатын мінездегі кембағалдықтың психологиялық зардабын әлі тартып жүргендей сезінеміз кейде. Бізді қойшы, Тұрсынбай ағамыз да тура біз сияқты «намыскер» ме, қалай өзі? Әйтпесе, жасы сексенге келгенше, бірде-бір марапатқа ие болмағанын не деп түсінуге болады? Жыламаған баланың аузына бұл қазақ қашан емшек тосыпты. Өзгесін айтпағанда, осы аудандағы мал шаруашылығының бүкіл мәселесін саралап сүзгіден өткізіп, талай жыл сүбелі еңбек сіңірген айтулы азаматттың тым болмаса ауданның құрметті азаматы атанбағаны қалай? Аға сексенге келеді дегенде бізді әуелі осы бір жайт қатты толғандырған.
***
Е-е, кешегі күңгірт күндердің дерегі кейде алдымыздан кес-кестеп шыға келгенде көңілді мұң басатын сәттер аз емес. Тұяғы бүтін тұлпар қалды ма, анау бір ашаршылық жылдарында. Тұрсынбай ағаның туған анасы Әсемді де тағдыр талайы талықтырған. Арада бір ғасырдан астам уақыт сусып өтсе де сол бір өкпекті күндердің өксігі әлі басылмаған сияқты. Кезінде Аңырақай-Доланқара-Ақсеңгірді мекендеген арыс ел еді ғой. Дулат-Ботбай-Шағатайдың қызы болатын. Нағашылары – Бидастар асырап өсірген. Жазмыштың бұйрығымен Тайторы руының Серғазы аталығынан тараған Жылқыбайдың табалдырығын он алты жасында аттапты. Алапат ашаршылықта көрмегені жоқ, бауырындағы баладан, қойнындағы байдан айырылап, бағы күйген күндердің бірінде Қадір деген қайынағасына қосылып, Ұзынағашта тұрыпты. Ол да дімкәс жан екен, көп ұзамай көз жұмады. Қадірден туған Мейрамбай атты ұлын Жылқыбайдың інісі Құрамыс асырап алады. Бұл енді 1936 жылдың соңындағы оқиға болса керек.
Содан Әсем Жылқыбайдан қалған бір ұл, бір қызымен Қоғамшылға көшіп келіп бір жылдай отырыпты. Бұл кезде Бірімқұл да үйленген, алайда аурушаң әйелі ұзамай бақилық болады. Енді екеуі де жесір. «Екі жарты қосылып бір бүтін болсаңдаршы» деп әркім-әркім сөз салғанда Әсем тұрып: «Әй, мен енді күйеуге тиіп болған шығармын, әурелемеңдерші» депті. Десе де, Алланың бұйрығынан кім асқан, бір күні Бірімқұл Зағипа, Қырғызбай атты екі баласымен Әсемді үйіне алып келеді. Ол кезде атасы Байбосын тірі екен. Екеуі қосылғаннан кейін бір жылдан соң қайтыс болды деседі.
Өмірдің өзекті жібі тағы жалғанады. «1938 жылы январьдың 28-де туған әпкем Нұрипа қазір бар. Күлипа деген әпкем және менен кейін туған Маусымбай деген інім шетінеп кетіпті. «Он бір құрсақ көтердім, жетеуі жерде. Төртеуің қалдыңдар» деп отыратын еді шешем» деді Тұрсынбай аға бір әңгімесінің арасында.
Тұрсынбай ағаның әкесі Бірімқұлды білетіндер оны өте аңғарлы, көпті көрген кенен кеуделі азамат еді деседі. Халық қателеспесе керек. 1934 жылы «Қоғамшыл» колхозы ұйымдасқанда Қастек МТС-ның директоры Владимир Денисович Незвигин Бірімқұлды трактор-егіс бригадасының бригадирі етіп тағайындапты. Ол кезде МТС басшысының дәрежесі аудандағы партия хатшысының беделімен пара-пар екен. Табиғатынан техникаға бейім, алғаш келген тракторларды еркін тізгіндеп, тегершігін тез меңгерген Бірімқұл Байбосынұлы Қоғамшыл мен Шиендегі бүкіл тіршіліктің тірегіндей тұлға болыпты. Соның арқасында соғысқа бармаған. Аудандық әскери комиссариат екі рет шақыртып, екі ретінде де Незвигиннің дәргейінен аса алмапты. Мына бір оқиға соның дәлелі.
Сұрапыл соғыс жалындап тұрған кезде Қарақыстақта аудандық әскери комиссариаттың бөлімшесі тұрыпты. Бірде Незвигин шопырын жіберіп, Қоғамшылдан Бірімқұлды жедел алдырады да, осы бөлімшеге әкеледі. Өзі ентелей басып ішке енгенде Бірімқұл есіктің сыртында қалады. Іштегі адаммен орысша дауыс көтере қатты сөйлескенін естиді. «Екі колхозға кім ие болады, а?!» деп Незвигин столды жұдырығымен бір қойғанда алдында жатқан әйнек қақ бөлініп кетті дейді мұны есіктің саңылауынан көріп тұрған Бірімқұл. Әңгіме сонымен тамамдалады. Бұл 1942 жылдың көктемі екен. «Осы жұмыстың арқасында үкіметтің жабық есігін (түрмені меңзегені болса керек) көргем жоқ, кейінгі соғысты да көрмедім» деп айтып отыратын еді әкем» дейді Тұрсынбай аға.
Әңгімеміз әрі жалғасқанда Тұрсынбай аға мектепті Дегересте, Қырғызбай ағасының үйінде тұрып бітіргенін, әу баста КазГУ-дің химия факультетіне өте алмай колхозда жұмыс істегенін, кейін Алматыдағы оқу комбинатында шоферлік курсты аяқтап шыққанын жүгірте айтып өтті. Ақыры, арманшыл жігіт 1960 жылы шілде айында Алматыдағы зооветеринарлық институттың студенті атанған. Оны 1965 жылы ойдағыдай аяқтаған соң арнайы жолдама бойынша Ақтөбе облысына жол тартады. Өйткені 1964 жылы желтоқсан айында Тұрсынкүл Ыдырбекова атты мойынқұмдық арумен тағдыр қосып шаңырақ көтерген еді. Тұрсынкүл болса КазГУ-ден жаңадан бөлініп шыққан халық шаруашылығы институтының алғашқы түлегі, «өнеркәсіп саласының бухгалтері» деген дипломның иесі. Енді екі жас маманның бірі Қарабұтақ ауданына қарасты ірі автобазада бухгалтер, бірі «Қызыл жұлдыз» совхозында бөлімше зоотехнигі болып шыға келеді.
«Қазақтар Жаманқала деп атайтын Орск қаласын сонда көрдім. Ор өзені бастауын сол жерден алады екен. КСРО Қорғаныс министрі болған Гречконың бұйрығымен қараша айының аяғында әскерге алынып, Киев қаласынан бір-ақ шықтым. 1966 жылы босатты. Осы аралықта Мейрамбай ағам келіп шешем мен Тұрсынкүлді ауылға көшіріп әкетіпті. Келінін Үңгіртастағы «Қастек» асыл тұқымды қой зауытына бухгалтер етіп орналастырыпты. Бұл зауыттың сол кездегі директоры, ауыл шаруашылығы ісінің шебер ұйымдастырушысы, Социалистік Еңбек Ері атанған айтулы азамат Шайхислам Мусин мені де қызметке алды. Сөйтіп, 1966-1969 жылдары Самсыдағы сиыр фермасының меңгерушісі болдым» дейді біздің кейіпкеріміз.
Иә, Тұрсынбайдың жастық жалынмен тынбай атқарған азды-көпті еңбегін ескергені болар, Шайхислам Мусин оны 1969 жылғы қатал қыстан кейін зауыттың аға зоотехнигі қызметіне тағайындайды. Үңгіртас ол кезде «кадрлар шеберханасы» деген абыройлы атаққа ие, небір мықты азаматтар осы ортадан өсіп шығып жатты. Кезінде асыл тұқымды қой зауытының бас ветеринар-дәрігері болған Ербай Қожабергенов деген жуалылық азамат 1971 жылы «Ақтерек» қой совхозына директор болып ауысқанда Тұрсынбайдың кандидатурасын аудандық партия комитетінің бюросы арқылы талқылап, бас зоотехник қызметіне лайық көреді. Сөйтіп бақандай бес жыл бойы осы «Ақтеректе» совхоздың бас зоотехнигі ретінде бүкіл мал шаруашылығының тұтқасын ұстаған ол 1976-1977 жылдар аралығында «Қастек» асыл тұқымды қой зауытына қайта келіп, бір жылдан соң 1977 жылы қазан айында Ленин атындағы колхозға бас зоотехник болып тағайындалады.
Осы шаруашылықта ол жеті жыл бойы қажырлы еңбек атқарды. Жаңақұрылыстағы жай ғана № 2 тауарлы сүт фермасын «Алатау» тұқымдас сиырлардан іріктелген асыл тұқымды ферма дәрежесіне көтерді, сөйтіп оны ауданда сүт бұлағын селдеткен өнімді ортаға айналдырды. Іскер маманды аудан басшылығы назардан тыс қалдыра ма, Жамбыл аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының төрағасы Елдос Талғаров 1983 жылы мамыр айының 3-де Тұрсынбай Бірімқұловты ауданның бас зоотехнигі дәрежесіне көтерді. Енді ол бүкіл аудандағы мал шаруашылығын үйлестіруші, бағыт беруші, мал санағының есебіне жауапты болып шыға келді. Осы кездегі алымды қабілетіне біз де куәміз ғой, ағамыздың алдына газетке қажетті мәлімет сұрап талай рет барғанымызды жоғарыда бір айтып өткенбіз.
Тұрсынбай аға Бірімқұлов 1983-1990 және 1994-2006 жылдары Жамбыл аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында жауапты қызмет атқарған кезеңде біздің сайын даламыздың төсіндегі аудан шаруашылықтарының еншісінде 25 мың басқа жуық жылқы, көктемгі төлімен қоса есептегенде бір миллионға жуық қой мен ешкі, 30 мыңға жуық сиыр малы өрістегенін ел біледі. Соның бәрінің есеп-қисабын реттеу, шаруашылық жұмысын үйлестіре ұйымдастыру, мал мамандарының қызметін тиянақты бағыттап отыру, асыл тұқымды малдың ғылыми негізде сұрыпталуы, ет, сүт, жүн өнімдерінің кесте бойынша ретімен тасымалдануы, оның игілігін көрудің қыры мен сыры, тағы да басқа толып жатқан мәселелерді тоқсан сайын облыстық статистика басқармасы арқылы жүйелестіру оңай шаруа еді деп кім айта алады. Міне, осынау аса жауапты қызметті аудан халқының игілігі үшін лайықты атқару біздің ағамыздың қолынан келді. Иә, айтпақшы арасында 1990-1993 жылдары бұл кісі «Рославль» қой совхозының директоры қызметін де зор жауапкершілікпен атқарды.
Өзі айтады ғой, мал өнімдерінің ішінде ет пен сүтті, жүнді ұқсата игерудің әрқайсысы бір-бір институт зерттесе шегіне жете алмайтын терең ғылым деп. Рас сөз. Осынау зоотехникалық ғылымды жетік меңгерген ол 1974 жылы ақпан айында Алматыда өткен партия активінің жиналысында сөз сөйлеген. Сонда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, қазақтың аймаңдай асыл перзенті Асанбай Асқаровтың өзі әр қойдан 33 сом таза пайда келтіріп, бір жылда 144 тонна қымыз өндірген «Ақтерек» қой совхозының бас зоотехнигі Тұрсынбай Бірімқұловтың баяндамасына ерекше назар аударғаны бекер дейсіздер ме.
Үңгіртастағы қой зауытында қатардағы зоотехник болып жүрген кезінен бастап, жыл сайын жүн өткізер кезде Тараздағы жүн өңдеу комбинатына Тұрсынбайдың 13 жыл қатарынан үзбей қатынап, биязы талшықты жүннің әрбір бумасы үшін талай рет талас-тартысқа толы күндерді басынан өткергенін кім бағалапты. Сол кезде жүнді ұқсатып тапсырудың өзі үлкен мәселе болғанын, оның сапасын 1 % -ке көтерудің өзі қыруар ақша екенін қазір біреу білсе, біреу білмейді. Иә, Тұрсынбай Бірімқұлов өзінің біліктілігі арқасында тіпті тегін кетіп бара жатқан жүн өнімінің сапасын 56 проценттен 60 процентке дейін көтеруге ықпал етіп, соны дәлелдеп шыққан соң да қастектік шопандардың жыл сайын қыруар қаржыға қарық болғанын біраз жұрт осы күнге дейін айтып отырады. Елінің ақ адал еңбегі мен намысын қорғай алған білімді де намысты ердің ісі бұл.
Әрине, тақыр жерге шөп шықпайды. Тұрсынбайдың өр намысы сонау ер бабаларының бойынан қанмен ұласа дарыған қасиет, білімділігі елінің данышпандығы арқасында болмысымен бірге біткен қабілет. Ол бүгін өзі кезінде үлгі алған, еңбегі мен өнегесін ерекше құрмет тұтып, талай тәлімін үйренген ауыл шаруашылығы ісінің майталмандары Жайлаубай Иманбаев, Жәнке Күреңбеков, Николай Васильевич Светохин, Шайхислам Мусин, Сәтімбай Қалибеков сынды ағаларына, Константин Гаврилович Рыжинский, Мүсімхан Қисықов, Владимир Николаевич Татаркин, Айтжан Найзабеков, Бескемпір Сейдалиев сынды қатарлас әріптестеріне, бүгінгі Темірлан Шәйнүсіпов сынды шебер ұйымдастырушы інісіне, 1985-1988 жылдары аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған кезінде қой бордақылау алаңдары мен тауарлы-сүт фермаларының жұмысын жандандырған Аманғали Сарин сынды іскер азаматқа зор ілтипат білдіреді.
Күні ертең мамырдың 25-де сексен жас мерейін атап өтетін біздің Тұрсынбай ағамыздың көңілі сергек. Тек әттең, елу бес жыл отасқан аяулы жары Тұрсынкүл жеңгемізден 2019 жылы қыркүйек айында көз жазып қалды. Десек те, қанаты бүтін, өрістеп өсіп-өнген ұрпағы бар. Жанна, Жәния, Шарлотта, Жанат, Талжан атты қыздарынан көрген жиен немерелері өмірінің мәуелі жемісі. Өзі ел ағасы атанған жасында қазыналы кеудесінен екі дәуірдің шежіресін еркін ақтаратын парасат иесі. Сабырлы да салиқалы мінезі мен сақи жаратылған сырбаздығына біз де әрдайым тәнтіміз. Жасай беріңіз, аға! Жамбыл бабамыздың жасына жетіңіз. Еліне еңбегі сіңген терең ойлы текті ереннің бірі сіздей-ақ болсын.
Рәтбек САҒИД-УАҺАС,
Қазақстан Республикасы «Ақпарат саласының үздігі».