2025 жылдың қорытындысы бойынша ТМҰ мемлекеттерінің өзара саудасы 12,9 млрд. долларға жетіп, тұрақты өсімді және экономикалардың өзара байланысының күшейіп келе жатқанын көрсетті.
ТМҰ-ға мүше және бақылаушы мемлекеттердің жиынтық халқы шамамен 175 млн адамды құрайды, жиынтық ЖІӨ 2,4 трлн доллардан асады, ал 2025 жылғы сыртқы сауданың жалпы көлемі 1,27 трлн долларға жетті. ТМҰ елдерінің 2025 жылғы орташа экономикалық өсімі 6,86 пайыз болды, бұл әлемдік орташа көрсеткіштен екі есе жоғары. Сонымен бірге өңірішілік сауда әлі де қолдағы әлеуеттен төмен болып отыр, бұл экономикалық интеграцияны одан әрі тереңдету қажеттігін айқындайды.
Астана экономикалық өлшемді түркі интеграциясының негізгі бағыттарының бірі ретінде қарастырады және сауда мен инфрақұрылымдық кедергілерді одан әрі жоюды, шикізаттық емес экспортты кеңейтуді, шағын және орта бизнесті қолдауды, сондай-ақ заманауи және болжамды іскерлік ортаны қалыптастыруды дәйекті түрде жақтайды.



