Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы отандастарымызды отыз жылда жүріп өткен күрделі тарихи жолымызға нақты талдау жасауға, келешек бағыт-бағдарымызды пайымдауға жәрдемдескен аса маңызды құжат болды. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» дейтін отандастарымыз қазақ халқына ненің қымбат екенін терең түсінді. Азаматтық танытуда, әділеттілік орнатуда, сабақтастықты құрметтеуде мемлекеттік дәстүр осылай қалыптасады. Ғасырға татитын отыз жыл ішінде өркендеу жолымызды үш кезеңге бөліп қараған Президент біздің ұрпақтың еншісіне тиген кезеңнің бақытты күндері мен ұйқысыз түндерін, мың толғандырған мазасыз сәттерін тап басып айтқаны қандай ғанибет. Иә, бұл – өзгені қайталаған басқаның соқпағы, біреудің сүрлеуі емес, бұл – қазақстандық жол, яғни сіз бен біздің тарихымыз, өз дастанымыз.
Әрине, тәуелсіз ел атанудың өзі адамдардың бойында азат сана-сезімді бірден қалыптастыра алмайды. Оның жүгі батпандай ауыр, қысқа-ұзақтығы уақытпен шектелмейді. Тіршілік үшін қажеттігі ауа тәрізді. Қысқасы, мұндай өтпелі дәуірді бастан кешіру төзімді жүйкені, орасан зор еңбекті, сабыр мен шыдамдылықты талап етеді. Сондықтан, соңғы отыз жылдың барысында қазақ халқының арманы көркейіп, келешекке деген үміті бекігені аян. Десек те, әлі де тиянақталмаған шаруа шаш-етектен, бұйыртса рет-ретімен жоғымыз табылар, барымыз бағаланар.
Тәуелсіздік бәрінен қымбат, бәрінен жоғары екенін жастардың санасына орнықтыру – мемлекет үшін де, әрбір отбасы үшін де аса жауапты міндет. Тәуелсіздік идеяларын халық арасында қуаттандыруға зор еңбек сіңіріп, осы жолда шейіт болған біртуар тұлғалар қаншама? Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын да бүгінгі жастар білуге тиіс.
«Биыл Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толады. 1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде Тәуелсіздігімізді жариялауымыздың символдық мәні зор. Бұл орайда, азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек» деп жазды Мемлекет басшысы аталмыш мақаласында.
Сонымен қатар, мақалада 1991 жылы Семей полигонының жабылғанына, Елбасы қол қойған Жарлықтың арқасында Қазақстан бүкіл дүние жүзіне ядролық қару-жараққа қарсы әлемдік қозғалыстың көшбасшысы болып танылғанына, алып мемлекеттердің сеніміне ие болып, халықаралық қоғамдастықта жауапкершілігі жоғары ел ретінде мойындал-ғанына да ерекше мән берілген.
Отыз жылдағы жасампаздық жолымызды ең алдымен өзіміз құрметтеуге тиіспіз. Сонда өзгелер де бізбен санасатын болады.
Айгүл Аштаева,
С.Бердіқұлов атындағы орта мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.