Пятница, 5 июня, 2026
Басты бетЖаңалықтар«Эколог сағаты»: Астанада экологиялық зерттеу жұмысының таныстырылымы өтті

«Эколог сағаты»: Астанада экологиялық зерттеу жұмысының таныстырылымы өтті

Астанада 5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні және Экологтар күніне орай Қ.Мұхамедханов атындағы №90 гимназияда «ЭкоJas» жобасы барысында жазғы лагерь оқушыларының қатысуымен «Қоршаған ортаны қорғау – ортақ міндет» тақырыбында экологиялық зерттеу жұмысының таныстырылымы өтті. Іс-шара «Эколог сағаты» акциясы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Аталған іс-шарада экологтар, педагогтер және жазғы профильді лагерьдің қатысушылары бас қосты. Олар қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша өзара пікір алмасты.

Іс-шараның басты мақсаты – оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне назар аударту, қалдықты қайта өңдеу мен тиімді пайдаланудың маңыздылығын түсіндіру және табиғатты сақтауға деген жауапкершілікті арттыру.

Таныстырылым барысында оқушылар қалдықтарды қайта өңдеу, тұрмыстық қалдықты кәдеге жарату және экология мәселелерін шешуге бағытталған зерттеу жұмыстарын ұсынды. Сонымен қатар, қатысушылар жергілікті аумақтың экологиялық жағдайына талдау жасап, қоршаған ортаны қорғауға қатысты ұсынысын ортаға салды.

«Экологиялық мәдениетті қалыптастыру үшін біз мектепте оқушыларды экологиялық мәдениетке үйрету үшін арнайы іс-шаралар ұйымдастырамыз. Ол дәріс түрінде, тәжірибелік жұмыс түрінде де өткізіледі. Қазір бізде арнайы бейіндік лагерь жүріп жатыр. Оның мақсаты – балаларды ғылымның түрлі бағытына үйрете отырып, олардың қызығушылығын ояту. Бүгінде балалар экологиялық бағыт аясында өзінің әлеуметтік жобасын қорғап жатыр. Жобалар оқушыға қоғамдық ортада болып жатқан дүниеге көзқарасын қалыптастырады. Тәжірибе барысында қандай да бір нәтижеге жету үшін еңбек етудің маңызды екенін түсінеді. Сонымен қатар, мектебімізде жылыжай бар. Онда балалар түрлі көкөністі, жемісті т.б. қалай отырғызатынын, қалай өсетінін арнайы экологиялық сабақ өткізіп зерттейді. Бұл экологиялық мәдениетті қалыптастырудың бір бағыты ретінде қолға алынған. Экологиялық бағыттағы шараларымыздың басым бағыты – баланы экологиялық мәдениетке үйрету», – деді №90 гимназия директоры Гүлжанат Асанқызы.

Табиғатты аялау мен қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды насихаттаған бұл шара жас ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға және дамытуға өз үлесін қосты.

#ЭкологКүні #ТазаҚазақстан #ӨзіңненБаста

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments