ЭНЦИКЛОПЕДИЯЛЫҚ БІЛІМІ БАР ЭЛЕКТРИК
Жамбыл ауданындағы «Алатау Жарық Компаниясының» ең тәжірибелі әрі беделді электриктерінің бірі – 56 жастағы Ерлан Байқасымов. Ол энергетика саласына 36 жылға жуық ғұмырын арнаған. Бұл өңірде оны танымайтын адамды табу қиын. Кәсіби маман ретінде ол аймақтағы барлық елді мекендерді аралап, әрқайсысының электр желілерінің ерекшеліктерін жетік меңгерген.
Ерлан Мырзаханұлы еңбек жолын электрмонтер болып бастап, аудандық энергетикалық компанияның басшылық құрамына дейін көтерілді. Ол көп балалы отбасыда, жергілікті совхозда жұмыс істеген Мырзахан мен Атырхан Байқасымовтардың шаңырағында, Үнгіртас ауылында дүниеге келген. Ата-анасы жеті баласын еңбекке ерте баулыды, олар үй шаруасына ғана емес, егістік жұмыстарына да көмектескен.
Мектепті үздік бітірген Ерлан 1986 жылы Талғар ауыл шаруашылығын механикаландыру техникумының энергетика факультетіне оқуға түседі. Бірінші курстан кейін Кеңес армиясы қатарына шақырылып, алты ай Өзбекстанда оқып, одан кейін бір жарым жыл Ауғанстанда әскери қимылдарға қатысқан.
Отанға оралған соң техникумда оқуын жалғастырып, 1991 жылы электр технигі мамандығын алып шығады. Сол жылы-ақ еңбек жолын Жамбыл аудандық электр жүйесінде (ол кезде РЭС деп аталатын) қарапайым электрмонтер болып бастайды. Жоғары білім алуға деген арманы оны Қазақ ауыл шаруашылығы институтының энергетика факультетіне жетелеп, инженер-электрик дипломын алады.
Еңбекқор Ерлан Мырзаханұлын шебер, кейін аға шебер етіп тағайындайды. Ол – тамаша ұйымдастырушы әрі көшбасшы. 2012-2023 жылдар аралығында РЭС-те бас инженер қызметін атқарды. Соңғы екі жылда орталық жөндеу бригадасының шебері болып еңбек етіп, кез келген уақытта әріптестерімен бірге нысандарға шығуға дайын.