Алматы облысының Іле ауданында биыл 6 260 жаңа жұмыс орны ашылып, жылдық жоспар 132 пайызға орындалды. Оның 5 164-і – тұрақты жұмыс орны. Бұл туралы аудан әкімі Қайыржан Жақсымбетов Алматы облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Аудан басшысының айтуынша, халықты жұмыспен қамту және жұмыссыздық деңгейін төмендету – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы негізгі басымдықтардың бірі.
Соңғы жылдары ауданда жұмыссыз азаматтар санының азаюы байқалады. Мәселен, 2024 жылы 5 936 жұмыссыз азамат тіркелсе, 2025 жылы олардың саны 5 087-ге дейін төмендеген. Осылайша, бір жылдың ішінде жұмыссыздар саны 849 адамға қысқарған.
Ал 2026 жылы ауданда 4 743 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған болатын. Алайда бүгінгі таңда 6 260 жұмыс орны құрылып, жоспар 132 пайызға орындалды. Оның ішінде 5 164-і тұрақты жұмыс орындарына тиесілі.
Бұл көрсеткіштер аудан экономикасының дамуы, жаңа кәсіпорындардың ашылуы және жұмыспен қамту бағытындағы шаралардың нәтижесінде қалыптасып отыр.
«Мен аудан әкімі ретінде әрбір тұрғынның жағдайына жауаптымын. Сондықтан жұмыспен қамту мәселесіне жай ғана статистика ретінде қарамаймын. Өйткені әр санның артында бір адамның тағдыры, бір отбасының тұрмысы тұр. Біз үшін ең маңыздысы – адамдардың тұрақты жұмыс тауып, өз отбасын қамтамасыз етуіне мүмкіндік жасау», – деді Қайыржан Жақсымбетов.
Сонымен қатар аудан әкімі қол жеткізілген нәтижелерге қарамастан, жұмыссыздық мәселесі әлі де өзекті екенін атап өтті.
Оның айтуынша, алдағы уақытта жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, кәсіпкерлікті қолдау және өндіріс орындарын ашу арқылы тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту шаралары жалғасады.
Аудан басшысы жұмыспен қамту саласындағы басты мақсат сандық көрсеткіштерді орындау ғана емес, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту екенін жеткізді.


