Іле ауданында білімді әрі білікті жастарды мемлекеттік қызметке тартуға басымдық берілуде. 2026 жылы GPA көрсеткіші 3,33-тен жоғары 4 жас маман ауданның жергілікті атқарушы органдарына жұмысқа қабылданды.
Іле ауданы әкімі аппаратының басшысы Данияр Сарымбековтің айтуынша, мемлекеттік қызметке жаңа буын өкілдерінің келуі кадрлық әлеуетті күшейтіп қана қоймай, басқару жүйесіне жаңа көзқарас пен тың серпін береді.
«Бүгінгі мемлекеттік қызметке кәсіби білімімен қатар, бастамашыл, жауапкершілігі жоғары, өзгерістерге бейім жастар қажет. Жоғары оқу орнын жақсы көрсеткішпен аяқтаған түлектердің мемлекеттік қызметке келуі – олардың білімі мен әлеуетін ел игілігіне жұмсауға берілген мүмкіндік. Біздің міндетіміз – қабілетті жастарға жол ашып, олардың кәсіби тұрғыда қалыптасуына жағдай жасау», – деді Данияр Сарымбеков.
Қолданыстағы мүмкіндіктер аясында жоғары оқу орнын жақсы нәтижемен тәмамдаған түлектердің мемлекеттік қызметке орналасуына жағдай жасалған. Бұл жас мамандарға еңбек жолын мемлекеттік басқару жүйесінде бастап, тәжірибе жинақтауға және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей атсалысуға мүмкіндік береді.
Алайда жас кадрларды тарту – жұмыстың бір бөлігі ғана. Олардың мемлекеттік қызметке бейімделуі, кәсіби біліктілігін арттыруы, құқықтық сауаттылығы мен азаматтармен жұмыс істеу дағдыларын дамытуы да маңызды.
Осы бағытта Іле ауданында мемлекеттік қызметшілердің кәсіби және тұлғалық әлеуетін арттыруға, ұжымдық мәдениетті нығайтуға бағытталған түрлі бастамалар жүзеге асырылуда. Мемлекеттік қызметшілер арасында пікірсайыс турнирлері, спорттық іс-шаралар мен тимбилдингтер ұйымдастырылып келеді. Мұндай алаңдар қызметкерлердің сыни ойлау, шешендік және шешім қабылдау қабілеттерін жетілдірумен қатар, командалық жұмысты күшейтуге, өзара тәжірибе алмасуға және ұжымдағы тиімді коммуникацияны қалыптастыруға мүмкіндік береді.
«Мемлекеттік қызмет – үлкен жауапкершілік. Мұнда әрбір қабылданған шешімнің артында азаматтардың мүддесі тұр. Сондықтан бізге тек білімді маман емес, елге қызмет етудің мәнін түсінетін, заң талаптарын басшылыққа алатын және қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінетін кадрлар қажет», – деді аппарат басшысы.
Жас мемлекеттік қызметшілерді қалыптастыруда «Заң мен тәртіп» қағидаты да басымдықтардың бірі. Заң талаптарын сақтау, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, шешім қабылдауда әділдік пен жауапкершілікті басшылыққа алу – мемлекеттік қызметшінің күнделікті жұмысының ажырамас бөлігі.
Іле ауданында алдағы уақытта да жастарға мемлекеттік қызметтің мүмкіндіктерін түсіндіру, кәсіби әлеуеті жоғары мамандарды тарту және олардың мемлекеттік басқару жүйесінде қалыптасуына жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жалғасады.


