.
Ковид. Атың өшкір бұл індет дүниежүзін шарлап, қаншама жанның өмірін қиды десеңізші. 2019 жылы көршілес Қытай елінен шыққан осынау жұқпалы індет әлі де басылмай келеді. Алғашқы кезде бұл аурудың бар екеніне көп адам сенбеді, көңілді күмән тұмшалады. Соның салдарынан жаны жайсаң талай отандасымыздан айырылып қалдық. Ауру ушыққан тұста блокбекеттер қойылып, карантиндік режим күшейді. Сол кезде ауру да сәл бәсеңсігендей болды. Бірақ карантин режимін босаңсытқаннан кейін ел-жұрт осымен ауру тоқтады деп өзбілермендікке салынып, той-томалақ пен жиынды жасырын түрде өткеріп, ауруды одан әрі ушықтырды. Содан кейін карантин режимі қайтадан күшіне енген кез де болды.
Негізінде біздің халық тәукелшіл ғой, «Көппен көрген – ұлы той» дегенді сылтауратып, мерекелік шаралар мен тойларды, ас пен құдайы тамақ таратуды жалғастыра берді. Осы еренсіздіктің зардабын өздері тартты ақыры.
«Бұл індетті жою үшін екпе жасату керек. Ол екпені салдыру да тегін», – деп дәрігерлер айтудай-ақ айтып жатыр. Алайда, жұртшылық білікті мамандарға емес, ел ішінде жүрген қауесетке сеніп, одан да бас тартып жатыр. Екпеден қашқан ел тойдан бас тартар емес, кафелер мен мейрамханаларды қонақтарға лық толтырып салтанат сайрын қылып жүр. Соның салдарынан ауданда да бұл дерттің беті әлі түбегейлі қайтқан жоқ. Оған біріншіден адамдардың өзі кінәлі. Себебі, банк пен пошта бөлімшесінің алдында айлық пен зейнетақы немесе атаулы көмек түскен күндері балға үймелеген арадай құжынап шектеулі ара қашықтықты сақтамай режим бұзған елді күнде көріп жүрміз. Сонда олар алатын ақшасын дәл сол күні емес, басқа бір күні алса болмас па еді? Оның өзіне тиесілі ақшасын ешкім алып кетпейді ғой. Аурудың өршуінің бір себебі осы.
Екіншіден, мейрамханалар мен тойханалар да есік-терезесін тарс жауып алып, той жасауды әлі тоқтатар емес. Оған жан-жақтан неше түрлі адам келеді. Жиылған қауымның ішінен біреуі ауру тасымалдаушы болса бітті, бірнеше адамға жұқтырды дей беріңіз. Бұл салғыртыққа тойханалар мен той иелері бірден-бір кінәлі.
Міне, осындай бейқамдықтың кесірінен қазіргі уақытқа дейін ауданда 1756 адам жұқпалы дертке ұшырады. Оның 1128-і сиптомсыз түрін жұқтырған болса, 629-ы сиптомды түрімен ауырған. Қазіргі таңда осы індеттен зардап шеккен 55 адам ауруханада емделіп жатыр. Бұл жұқпалы аурулар емделетін бөлімшенің 26 %-і ауруларды қабылдап отыр деген сөз.
Ақ халатты абзал жандар да осы індетпен күресеміз деп жүріп өздері ауру жұқтырғанын естіп, біліп жүрміз. Аудан халқының денсаулығы үшін осы індетпен күресуде 54 медициналық пунктер мен ауруханаларда 1430 медицина қызметкерлері еңбек етуде. Біз солардың еңбегін әрқашан жоғары бағалаймыз.
Деніміз сау болып, өзгелерге зиянымыз тимесін десек, індет басылғанша карантин талаптарын мұқият сақтайық, ағайын! «Сақтансаң – сақтаймын!» деген қағидатты сөзді ұмытпай, айналамыздың да аман болуына жауапты екенімізді әрдайым ескере жүрейік.
Е.Есқожа.