Пятница, 26 июня, 2026
Басты бетЖаңалықтарҚазақстандық жұмыс берушілердің кадрларға сұранысы өсуде

Қазақстандық жұмыс берушілердің кадрларға сұранысы өсуде

026 жылдың қаңтар-мамыр айларында республика жұмыс берушілері Электрондық еңбек биржасында (Enbek.kz) 495,7 мың бос жұмыс орнын жариялады. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,2 мыңға немесе 2,3%-ға артық (484,5 мың). Еңбек ресурстарына тұрақты сұраныс экономиканың барлық негізгі салаларында сақталуда. Әсіресе ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және құрылыс салаларында өсім қарқыны жоғары болды.

Айлар бөлінісінде өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ең жоғары өсім наурыз айында (+27,6%) және сәуірде (+7,4%) тіркелді. Қаңтар айындағы көрсеткіш те өткен жылдың деңгейінен 3,6%-ға жоғары болды.

Салалар бойынша ең көп бос жұмыс орны білім беру бағытында жарияланды. Бұл салада 120,3 мың вакансия орналастырылып, жалпы сұраныстың шамамен 24%-ын құрады.

Сонымен қатар өндірістік және агроөнеркәсіптік секторларда кадрларға деген сұраныстың айтарлықтай артқаны байқалады. Бұл нақты сектордағы экономикалық белсенділіктің күшейгенін көрсетеді:

  • ауыл, орман және балық шаруашылығы саласында 37,5 мың бос жұмыс орны ұсынылды, бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 61,8%-ға көп;
  • тау-кен өндіру өнеркәсібінде кадрларға сұраныс 48%-ға өсіп, 8,4 мың вакансияны құрады;
  • өңдеу өнеркәсібінде өсім 31,1%-ды құрап, 37,8 мың бос жұмыс орны жарияланды;
  • құрылыс саласында вакансиялар саны 26,6%-ға артып, 32,1 мыңға жетті.

Сондай-ақ өзге қызмет түрлерін көрсету саласында да оң өсім байқалды – мұнда 75 мың бос жұмыс орны жарияланып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35,9%-ға артты. Кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет саласында да сұраныс 34,6%-ға өсіп, 10,9 мың вакансияны құрады.

Өңірлер бөлінісінде бес ай ішінде ең көп бос жұмыс орны Астана қаласында (41 мың), Павлодар облысында (34,8 мың) және Түркістан облысында (33,9 мың) тіркелді. Ал өткен жылмен салыстырғанда кадрларға сұраныстың ең жоғары өсімі Атырау облысында (+63,2%), Ақмола облысында (+43,7%) және Түркістан облысында (+23,2%) байқалды.

Жалпы алғанда, 2026 жылдың қаңтар-мамыр айларындағы жиынтық көрсеткіштер еліміздің еңбек нарығында тұрақты оң үрдіс сақталғанын көрсетеді. Әсіресе өнеркәсіп пен аграрлық секторларда сұраныстың артуы отандық өндірістің сапалы дамып келе жатқанын айғақтайды. Қазіргі уақытта еңбек нарығында жұмыс іздеушілер үшін барлық өңірлер мен негізгі салалар бойынша жұмыспен қамтудың кең мүмкіндіктері ұсынылып отыр.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments