Пятница, 14 марта, 2025
Басты бетЖаңалықтарҚазақтың  Нұрғисасы

Қазақтың  Нұрғисасы

  • Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл

Қазақтың  Нұрғисасы

Нұрғиса Атабайұлы Тілендиев – қазақтың әйгілі күйші-композиторы, дирижері, дәулескер домбырашысы. Ол – Қазақстанның халық әртісі, Халық Қаһарманы. Нұрғиса Тілендиев – қазақ халқының маңдайына біткен біртуар азамат, қазақ музыкасына өлшеусіз еңбек сіңірген тұлға. Ол Жамбыл Жабаев жайында да естеліктер қалдырған. Тіпті Жамбыл бабамыз оған домбыра да сыйға тартқан екен. Өз естелігінде ол:

«Ақын домбыраны маған қайта ұсынып: «Жарығым, домбыраңды сақта! Қазақтың қара домбырасының бойына халықтың бар өмірі мен тарихы, қуанышы мен мұң-зары, өнері сыйып кеткен. Соны ыждағатпен, ұқыпты үйрене білсең, осы домбыра халқыңа көп нәрсе айтып берер», – деп еңкейіп, қасында отырған менің маңдайымнан сүйіп, бата берді», – деп жазған екен. Көзі тірісінде Нұрғиса ағаның өзімен де кездесіп, тілдескен едік.

Биыл Нұрғиса Тілендиевтің 100 жыл-дығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтпек. Атқарылатын игі іс-шаралар көп. Біздің музей жоспарында да түрлі шаралар ұйымдастыру қарастырылған. Сол шаралардың бастамасы ретінде Жамбыл атаның ұрпақтары мен музей қызметкерлері күйшінің музей-үйіне барып, сол замандағы тұрмыс-тіршілігімен танысып, жеке заттарын көріп қайтуды жөн көрдік.

Музейде ақынның жеке заттары, киген киімдері мен сувенирлік бұйымдарға бар. Бұл ерекше әсер қалдырды. Залдарды аралап жүріп, музей қызметкерлерімен бірге күйшінің «Құстар қайтып барады» әнін шырқадық. Музей қызметкері ретінде өзара тәжірибе алмасып, болашақта бірге атқарар шаралар жөнінде пікір алмастық.

Нұрғиса ағамыздан көзі тірісінде қандай арманы бар екенін сұрағанда: «Менің екі арманым бар. Бірі – мен қайтыс болғанда ұлы Жамбылдың жанына жерленсем, екіншісі – менімен қоштасарда өзімнің «Құстар қайтып барады» әнімді шырқап қоштасса» деген екен. Арманы орындалып, Нұрғиса ағамыздың сүйегі ұлы Жамбыл бабамыздың жанына жерленді. Ақын зиратына келіп Құран бағыштаған әрбір жан Нұрғиса ағаның да басына барып, тағзым етеді. Барлығының тілегі – «Ұлы бабалардың аруақтары риза болсын» деген ортақ ниет.

Айта кетерлік жайт – Нұрғиса ағамыздың 100 жылдық мерейтойына орай, оның мәңгілік тыныстаған орны – мемориалдық кешенге алдағы уақытта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

Салтанат Жамбылова,

Жамбыл Жабаев атындағы әдеби- мемориалды музейінің директоры.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments