Десе де осы пікірлерге филология ғылымдарының кандидаты, саясаттану докторы Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың журналист Майя Бекбаевамен болған сұхбатында нақтылы нүкте қойылғандай. Өйткені оның «Тарих толқынындағы Қазақстанның үзіліссіз мемлекеттілігі. ХVІ-ХІХ ғасырлардағы еуропалық және америкалық карталардағы Қазақ мемлекеті» атты кітабы бар құрметке лайық. Мұхит-Ардагер Қаржаубайұлы осы ғылыми еңбекпен шұғылданған 17 жылдық зерттеу нәтижесінде шетел архивтерінен Қазақ мемлекетінің шекарасы көрсетілген 1500 карта тапқан. Соның ішінен 130-ын ғана ықшамдап алынған. Әр картаның өзіндік толық мағлұматы бар. Бұлардың бәрі біздің отандық ғылыми айналымға тұңғыш енгізіліп отыр. Бұл тарихшылар мен географтарға ғана емес, лингвистерге, топонимистерге, жалпы Қазақ елінің тарихымен айналысатын тұлғалардың бәріне арналған аса құнды еңбек. Сонымен қатар кітаптың ғылыми ғана емес, саяси өлшемі де бар. Бұрын Қазақ мемлекеті болмаған дегендерге ғылыми жауап. Осы кітаптан кейін мұндай әңгіме айтылмайды ғой деп ойлаймын. Өйткені бұл көне карталар – еуропалық және америкалық саяхатшылар мен дипломаттар әзірлеген ғылыми құжаттар. Оларда нақты Қазақ мемлекеті мен 40 этноним көрсетілген.
Оның сөзіне қарағанда, 1562 жылы сызылған сол картада «Қазақия» деп нақты көрсетілген.
Дүниежүзілік картографтар мен саяхатшылардың кейбірі шекараны сызумен қатар сол елдердің өзіне тән ұлттық ерекшеліктерін сурет түрінде бейнелеген.
М. К. Сыдықназаровтың ғылыми жаңалығы халықаралық саяси кеңістікте Қазақ елінің тарихына, мемлекеттілігімізге күмәнмен қарайтындарға нақты дәлел және қазақ халқының көпғасырлық тарихын жоққа шығаруға қайтып жол бермейтін, оның тарихи жерлеріне иелігін айқындайтын құнды дүние болып табылады. Бұл академиялық жинақтың бүгінде қоғамның тарихи жадын оятудың, руханиятын жаңғыртудың, еліміздің шынайы тарихын қалпына келтірудің белсенді үдерісі жүріп жатқан кезде Жаңа Қазақстан құру үшін маңызы өте зор.
Сондықтан қазақ ғылымы мен біздің қоғам Қазақ мемлекетінің ежелгі карталарымен мүмкіндігінше тезірек танысуы тиіс.
Орынбасар ЖАНӘДІЛ,
білім беру саласының үздігі, ардагер-ұстаз, өлкетанушы.