Четверг, 1 октября, 2026
Басты бетЖаңалықтарҚАРТТАРЫМ – АСЫЛ ҚАЗЫНАМ

ҚАРТТАРЫМ – АСЫЛ ҚАЗЫНАМ

Қариясын құрметтеген елдің қазынасы мол

1 қазан – Қарттар күніне орай Жамбыл ауылындағы Жамбыл музейінде аға буын өкілдеріне құрмет көрсетуге арналған «Қарттарым – асыл қазынам» атты мерекелік іс-шара өтті.

Тағылымды басқосу аудандық «Әділет» партиясы филиалы мен Аудандық ардагерлер кеңесінің бірлескен ұйымдастыруымен өткізілді. Шараға ардагерлер, еңбек ардагерлері, ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелер, жастар және оқушылар қатысты. Басты мақсат – аға буынға құрмет көрсету, олардың ел дамуына қосқан үлесін дәріптеу, өмірлік тәжірибесін кейінгі ұрпаққа насихаттау және ұрпақтар сабақтастығын нығайту.

Мерекелік шараға келген қонақтар алдымен Жамбыл Жабаевтың музейін аралап, ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты құнды жәдігерлермен танысты. Басқосу «Дала рухы» күйімен ашылып, оны «Жас Ұлан» оқушылар үйінің «Пернесаз» ансамблі орындады.

Шара барысында жүргізушілер қариялардың қоғамдағы орнына тоқталып, олардың өмірлік тәжірибесі мен өнегесінің кейінгі ұрпақ үшін маңызын атап өтті. Қариялар – ел тарихының куәгері, отбасының ұйытқысы, жас ұрпаққа бағыт-бағдар беретін ақылдың қайнар көзі.

Кездесуде Жамбыл аудандық «Әділет» партиясының төрағасы Әділбек Қамбарұлы құттықтау сөз сөйлеп, аға буын өкілдеріне ізгі тілегін білдірді. Сондай-ақ Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескелді Қасымов мырза сөз алып, қарияларға құрмет көрсетудің маңыздылығына тоқталды.

– Қария – әр шаңырақтың берекесі, елдің рухани тірегі. Үлкеннің батасын алып, өнегесін бойға сіңіру – кейінгі ұрпақ үшін үлкен мектеп. Бүгінгі кездесу аға буын мен жас ұрпақтың арасындағы байланысты нығайтып, сыйластық пен сабақтастықтың мәнін тағы бір көрсетті, – деген мазмұнда ізгі тілектер айтылды.

Мерекелік кештің көркін Жамбыл ауылындағы өнер мектебінің бишілер тобының орындауындағы «Жібек самалы» және «Мереке» билері аша түсті. Ал Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі, дәстүрлі әнші Ләззат Жанаманова С. Аронұлының «Біз сонаршы түлкі құған» термесін орындап, көрерменге ұлттық өнердің тағылымын ұсынды.

Қарттар күні – үлкенге құрмет көрсетіп, олардың еңбегіне тағзым ететін ерекше күн. Аға буынның ғибратты ғұмыры мен өмірлік тәжірибесі – кейінгі ұрпақ үшін баға жетпес мұра. Осындай игі шаралар арқылы елге еңбегі сіңген азаматтарға құрмет көрсетіліп, олардың өнегелі жолы жас ұрпаққа насихатталады.

Шара соңында қарияларға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларына амандық пен береке тілектері айтылды. «Қариясы бар ел – қазыналы ел» дегендей, үлкенді ардақтап, батасын алған ұрпақтың болашағы да баянды болмақ.

Мерекелік басқосу естелік суретке түсумен қорытындыланды.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments