Четверг, 12 ноября, 2026
Басты бетЖаңалықтарҚР ДСМ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСІНІҢ ОТЫРЫСЫНДА ДӘРІЛІК ЗАТТАРМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

ҚР ДСМ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСІНІҢ ОТЫРЫСЫНДА ДӘРІЛІК ЗАТТАРМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

 

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінде Қоғамдық кеңестің төрайымы Надежда Петухованың төрағалығымен кезекті отырыс өтті. Оған Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев, ведомствоның құрылымдық бөлімшелерінің басшылары және ведомствоға қарасты ұйымдардың өкілдері қатысты.

Отырысқа қатысушылар «СҚ-Фармация» ЖШС-нің тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде пациенттерді дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету бойынша атқарған жұмыстарының ағымдағы нәтижелерін қарастырды.

Отырыс барысында «СҚ-Фармация» ЖШС Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Николай Палинка Бірыңғай дистрибьютор қызметінің негізгі нәтижелері, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу барысы, сондай-ақ алдағы кезеңдегі дамудың басым бағыттары туралы баяндады. Оның айтуынша, компания сатып алу рәсімдерінің ашықтығы мен тиімділігін тұрақты түрде арттыруға басымдық береді.

«Біздің басты міндетіміз – тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде пациенттерді сапалы дәрілік заттармен уақтылы қамтамасыз ету. Сонымен қатар сатып алу рәсімдерінің ашық, уақтылы және экономикалық тұрғыдан негізделген болуы біз үшін аса маңызды», – деп атап өтті ол.

💊 Оның айтуынша бүгінгі таңда жүйе 1 875 медициналық ұйымды қамтып, 2 миллионнан астам пациенттің қажеттілігін қамтамасыз етеді. Бұл ретте дәрілік препараттардың 2 000-нан астам атауы бойынша жұмыс жүргізілуде.

Отандық және шетелдік өндірушілермен тікелей келісімшарттар жасау, сондай-ақ БҰҰ ұйымдарымен ынтымақтастық нәтижесінде 2024–2026 жылдары бюджет қаражатының жалпы үнемі 195 млрд теңгеден асты. Оның ішінде 2026 жылға арналған сатып алу бойынша үнем 70 млрд теңгені құрады. Бұдан бөлек, қазақстандық өндірушілер шығаратын 66 дәрілік заттың бағасы төмендетілді.

Қазіргі уақытта жалпы құны 662,1 млрд теңгені құрайтын 2027 жылға арналған сатып алу жұмыстары белсенді жүргізілуде. Бұл процесс белгіленген мерзімнен үш ай бұрын басталған. Н. Палинка атап өткендей, сатып алуды ертерек бастау сатып алу рәсімдерін өткізуге, келісімшарттар жасасуға және дәрілік заттарды жеткізуді ұйымдастыруға қосымша уақыт береді.

Дәрілік препараттар қоймаларға желтоқсан айынан бастап жеткізіледі, ал медициналық ұйымдарға жөнелту 5 қаңтардан басталады. Бұл дәрілік заттардың тапшылығы туындау қаупін барынша азайтуға мүмкіндік береді.

Отырыс барысында отандық тауар өндірушілерді қолдау бағытындағы нәтижелер де атап өтілді. Атап айтқанда, олардың сатып алудағы үлесі 35%-ға жеткен. Сонымен қатар медициналық техниканы орталықтандырылған сатып алу нәтижесінде оның бағасы 30%-ға төмендеген. Процестерді цифрландыру және жасанды интеллект элементтерін енгізу жұмыстары да жалғасуда.

Есептің қорытындысы бойынша Қоғамдық кеңес мүшелері бірқатар ұсынымдар беріп, халық үшін дәрілік көмектің қолжетімділігі мен сатып алу рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз ету басым міндеттер екенін атап өтті.

🌐 Ресми сайт   ⚜️ Instagram

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments