Понедельник, 8 июня, 2026
Басты бетЖаңалықтарҰзынағаш еліндегі рухани шамшырақ - «MaqaBooks» кітап дүкені

Ұзынағаш еліндегі рухани шамшырақ — «MaqaBooks» кітап дүкені

Ұзынағаш ауылында оқырман қауымның жоғары талғамына сай қызмет көрсетіп келе жатқан заманауи «MaqaBooks» кітап дүкені ашылды. Бүгінде бұл дүкен аймақтың басты рухани орталығына айналды.

Кәсіптің негізін қалаушы Мақпал Сембайдың бұл ізгі ниеті өз балаларын кітапқа баулу мақсатынан басталған. Алғаш рет 2023 жылы онлайн форматта кітапқа тапсырыс қабылдау арқылы бастау алып, көше саудасы сияқты күрделі кезеңдерден де өткен еді. Міне, бүгін аталмыш кәсібі 2025 жылдың 1 қарашасынан бері ресми түрде «MaqaBooks» дүкенінің ашылуымен жалғасып отыр.

Аядай ғана дүкен ішін рухани әлемге айналдырған елеулі еңбегі мемлекеттік деңгейдегі жалпыұлттық «Кітап оқитын ұлт» бағдарламасының идеясымен ұштасқандай.

С. Мақпал бүгінде өз аудиториясы мен тұрақты клиенттер базасын толық қалыптастырған сатушы маман. Оның рухани дүкені ауыл халқын сапалы әдебиетпен жүйелі түрде қамтамасыз етіп отыр.

Ауыл өңірінде кітап өнімдеріне деген сұраныс жоғары деңгейде. Ал бәсекелестік ортаның аздығы «MaqaBooks» дүкенінің нарықта нық орнығуына мүмкіндік берді.

Мұнда оқырмандар үшін қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі әдебиеттердің бай қоры ұсынылған. Бұл дүкеннің көптілді ортаны қолдайтын заманауи бағытын айқындайды.

Бұл жай ғана сауда нүктесі емес, ауыл тұрғындары мен мектеп оқушыларының заманауи кітаптармен қолжетімді бағада таныса алатын негізгі мәдени алаңы болып табылады. Күнделікті сәтті сауда-саттық пен тұтынушылардың тұрақты ағыны Ұзынағаштағы ең беделді рухани орталық екенінің айқын дәлелі.

Мұнда еліміздегі «Аруна», «Arman-PV», «Steppe&World», «Мазмұндама», «Отбасы хрестоматиясы», «Марфу-press», «Қасым», «Ata-creativ – Қыр баласы қоры», «Фолиант» сынды ең үздік баспалардың өнімдері кеңінен сатылады.

Сонымен қатар, дүкеннің ең басты ерекшелігі – кәсіп иесінің кітапсүйер ата-анасынан мұраға қалған архивтік, сирек әрі ескі құнды кітаптар бұрышының болуында. Оқырмандар бұл бағалы еңбектерді арнайы ақылы абонемент арқылы бір ай мерзімге үйге алып оқып, қайта өткізе алады.

Кітап саудасы мен кітап алмасу мәдениетін қатар дамытқан бұл бірегей тәсіл ауыл тұрғындарының интеллектуалды деңгейін арттыруға тұрақты түрде зор үлес қосып келеді.

«MaqaBooks» кітап дүкені мұнымен тоқтап қалмақ емес. Болашаққа үлкен мәдени мақсаттар қойып отыр. Кәсіп иесінің алдағы жоспарында – дүкеннің тұрақты әрі кітапсүйер оқырмандарының басын қосып, арнайы кітап талқылау дөңгелек үстелдерін ұйымдастыру және бұл үдерісті жергілікті халықтың күнделікті айнымас әдетіне айналдыру миссиясы бар.

Біз «Атамекен» редакциясы өз тарапымыздан Ұзынағаш өңірінде кітап оқу мәдениетін жаңа белеске көтеріп, ағартушылық жолда аянбай еңбек етіп келе жатқан «MaqaBooks» дүкеніне шығармашылық табыс, таусылмас шабыт және кәсібіне береке тілейміз.

Бір отбасының мөлдір арманынан туған бұл игі бастама – тұрақты оқырман санын ұлғайтып, еліміздің кітап оқитын зиялы болашағына қызмет ете берсін!

Жұмахан БАЙҒАЗЫҚЫЗЫ

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments