Пятница, 9 мая, 2025
Басты бетЖаңалықтарҰлы Жеңістің 80 жылдығына орай соғыс жəне еңбек ардагері Қойкел Смақов туралы...

Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай соғыс жəне еңбек ардагері Қойкел Смақов туралы тағылымды тағзым

Тектілік пен ерліктің жалғасы Қойкел əкеміз – қарапайым қазақы отбасыдан шыққанымен, түбі терең, шежіреге бай əулеттің ұрпағы. Ол – ел ішінің бірлігін бекемдеген, сөзі дуалы Сарыбай бидің жəне қазақ əдебиетінің алыбы, жыр керуенінің көшбасшысы Жамбыл Жабаевтың ұрпағы. Осындай текті əулеттің тəлімін көрген Қойкел Смақов сонау бозбала шағынан елге адал қызмет етуді басты мұрат тұтты. 1941 жылдың маусымында басталған сұрапыл соғыс ел ішіндегі тыныш тіршілікті күл-талқан етті. Əкесі мен баласы қатар аттанып жатқан шақта, Қойкел əкеміз де екі бауыры Қармыс пен Жабдықбаймен бірге майдан шебіне бет түзеді. Ол жауынгерлер арасындағы байланысты қамт амасыз етті. Майдандағы миссия – өмір мен өлімнің арасында Қойкел Смақов Ленинград майданында байланыс бөлімінің құрамында жау оғынан үзілген телефон желілерін қалпына келтіріп, маңызды əскери операциялар кезінде стратегиялық ақпарат алмасуды қамтамасыз етіп отырған. Байланыс үзілсе – əскер соққысыз қалатын, сол себепті бұл қызмет өліммен бетпе-бет келумен пара-пар болатын. Сұм соғыста телефон желісін қайта жалғап жүргенде, жау оғы əкеміздің беліне тиген екен. Ол ауыр жараланып, қыстың қақаған аязында қалған. Соның салдарынан екі аяғы үсіп, саусақтарын кесуге тура келген. Мұндай ауыр жарақаттың өзі оның рухын сындыра алмады. Свердловск қаласындағы əскери госпитальде
ұзақ уақыт емделіп, 1944 жылы туған еліне оралды. Соғыстан соң жаралы жауынгер табанды еңбек етті. Ол Жеңістің 40, 50, 70 жылдық мерекелік медальдарымен марапатталып, «Г.К.Жуков», «Еңбек ері», «Соғыс ардагері» ордендерін иеленді. Қойкел əкеміз ауыл тіршілігін жандандыруға белсенді түрде атсалысты. 1944 жылы Сұлушаш анамызбен отбасын құрып, тағдырдың қиындығын бірге көтеріп, тоғыз баланы тəрбиеледі. Олар еңбекқорлықтың, төзімділіктің, сабыр мен
даналықтың үлгісі бола білді. Əкеміз елге сыйлы, сөзі өтімді, шежіреші, əңгімешіл қарияға айналды. Əкеміз өз заманындағы ел ішінің тұрмыс-
тіршілігін, салт-дəстүрін, тарихи тұлғалардың тағылымын жадында ұстаған ерекше адам еді. Ол бізге Сарыбай би туралы, жыр алыбы Жамбыл бабамыз туралы əсерлі əңгімелер айтып отыратын. Осындай естеліктері арқылы біз тарихпен тілдесіп, ұлттық рухымызды таныдық.

«Кəрісі бардың – ырысы бар» демекші, Қойкел Смақов өмірінің соңына дейін ел ішінде қадірлі болды. Ол – ғасыр жасаған қария ретінде ұрпақтарының қызығын көріп, немере- шөбере сүйіп, тəуелсіз елдің таңын қарсы алған бақытты жан. Жеңістің бағасын ұмытпайық! Бүгінгі бейбіт өмір – сол бір сұрапыл күндерде жанын шүберекке түйген майдангерлердің арқасы. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Қ.Смақовтай
батыр бабаларымызды еске алу – бұл тек құрмет қана емес, ұрпақ алдындағы парыз. Қойкел қария – біздің жүрегімізде, шежіремізде, ел тарихының мəңгілік беттерінде.

Ұлы – Сайлау ҚОЙКЕЛОВ,
келіні – Гүлжан ШҮКІРБАЙҚЫЗЫ.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments