Среда, 17 июня, 2026
Басты бетЖаңалықтарҰЛЫ ЖЕҢІСТІҢ 81 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ АРДАГЕР ӨНЕРПАЗДАР БАС ҚОСТЫ

ҰЛЫ ЖЕҢІСТІҢ 81 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ АРДАГЕР ӨНЕРПАЗДАР БАС ҚОСТЫ

 

Іле ауданында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 81 жылдығына арналған «Отты жылдар жырлары», «Песни огненных лет» атты облыстық ардагерлер шығармашылық байқауы өтті.

Н.Тілендиев атындағы Іле аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылған шараға Алматы облысының аудан-қалаларынан келген ардагерлер ұйымдарының өкілдері, өнер ұжымдары мен жеке орындаушылар қатысты.

Байқаудың негізгі мақсаты – Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тарихи мұраны насихаттау, майдангерлердің ерлігіне тағзым ету, соғыс жылдарында халыққа рух берген әндерді кейінгі ұрпаққа жеткізу және ардагерлер арасындағы мәдени байланысты нығайту.

Іс-шара барысында мәдениет үйінің фойесінде тақырыптық көрмелер ұйымдастырылып, облыс ардагерлері арасында шахмат жарысы өткізілді.

Айтулы шараға арнайы қатысқан Іле ауданының әкімі Қайыржан Серікбайұлы Жақсымбетов облыстың түкпір-түкпірінен келген ардагерлермен кездесіп, оларды мерекемен құттықтады. Аудан басшысы ардагерлердің ел дамуына қосқан үлесі мен өнегелі өмір жолының өскелең ұрпақ үшін маңызды екенін атап өтті.

Байқаудың ашылу салтанатында Алматы облысы ардагерлер ұйымының төрағасы, Алматы облысының Құрметті азаматы Ерболат Сапарұлы Тұрымбетов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Байқау хор және жеке орындау жанрлары бойынша өтті. Сахна төрінде Жамбыл, Қарасай, Іле, Талғар, Еңбекшіқазақ, Кеген, Ұйғыр, Балқаш аудандары мен Алатау және Қонаев қалаларынан келген өнерпаздар әскери-патриоттық әндерді орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Қазылар алқасы қатысушылардың орындаушылық шеберлігіне, сахна мәдениетіне және шығарманың мазмұнын жеткізу деңгейіне баға берді.

Шара соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталып, барлық қатысушыларға арнайы алғыс білдірілді.

«Отты жылдар жырлары» байқауы – Ұлы Жеңіс жолында жанын қиған боздақтардың ерлігін ұлықтап, бейбіт өмірдің қадірін насихаттаған тағылымды мәдени шараға айналды.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments