ХХІ ғасыр – жастардың ғасыры. Иə, жастар ғасыры ғой, бірақ жастар ғасыры деп соларға тым еркінсуге жол беріп қойған жоқпыз ба, соны ойланып көрейікші. Мектеп табалдырығын енді аттаған баламыздың қолына сабақ оқы деп смартфон алып беріп қойдық бəріміз. Сол смартфон сіз бен бізден гөрі балаға қатты жақын болып, сырлас досына айналды.
Сырлас досы былай тұрсын ұстазына айналды. Ұстаз деген жақсы ұғым ғой, егер жақсылыққа баулыса. Бірақ біздің балалардың ұстазы болып жүрген сол смартфон зұлымдыққа үйретіп жатпағанына кім кепіл? «Тик-ток» пен «инстаграмда» отырған баламызға əй дейтін ажа, қой дейтін қожа болмаған соң санасы түрлі ақпараттармен былғанып, лайлануда. Соның салдары аз емес. Қаракөздеріміз оңтүстік Корея елінің сырға таққан жігіттерін өздеріне пір тұтып, солардың еліртпе əнін тыңдап өсіп келеді. Олар Құрманғазының күйі мен Шəмшінің əнін ескілікітің көзіне бағалап, жатырқап өсуде. Құрманғазы мен Шəмшіні былай қойғанда дəстүрлі əнді тыңдатсаң шекелері тырысып шығады. Шекесі тырысқан балағы «ұлттық құндылығыңды жоғалтпа, қадірле», – деп айтсаң өзіңмен ұрысып тынады. Міне, осылайша жат елдің жағымсыз қылықтарын бойға сіңірген біздің бүлдіршіндер арзан күлкі мен тез танылудың жолын іздеп жартылай жалаңаштанып шешініп, бейнебаян түсіріп, жарысқа түседі. Құдды бір жақсылық жолында жарысып жатқандай.
Осы жағын ойласам, кей кезде осы бізге де ұялы телефон мен ғаламторға да белгілі бір дəрежеде заң аясында шектеу қойса дұрыс болар ма еді деп ой топшылайсың. Бірақ ол ойыңды іс жүзіне жалғыз өзің асыра алмасың тағы бар. Қысқаша айтқанда біздің қазіргі ұрпақ шет мемлекеттің саясатын бойына сіңірген ақпараттық соғыстың құрбанына айналуда. Бізге осы саясат жолында ұлт болып күресу керек. Əйтпесе, ұлттық кодымызды ұмытып, тектілігімізді жоғалтып алармыз. Тектілік демекші, əлгі бейнебаян түсіріп жүрген жандардың үйінде ата-анасы жоқ па, əлде олар да тексіздікке бой алдырған ба деп ойлайсың. Себебі, бесіктен белі шықпаған қыздар əурет жерлерін ашып тұрып билегенде кірерге тесік таппай кетесің. Көрмейін десең… Бір кем дүне-ай…
Негізі бəріне өзіміз кінəліміз. Иə, өзіміз. Алдыңға буын мен ортаңғы буын саналған өзімізге де обал жоқ. Балам тыныш жүрсе екен деп дегеніне көніп, сұрағанын алып беріп, құлағымызды тыныштандырамыз. Сол тыныштықтың зардабы ертең тоқпақ болып тиіп жүрмесе игі іс болар еді. Ізіңді басып келе жатқан ұрпаққа ізеттілік көрсетіп, қамқорлық танытпағаннан кейін де телмірген телефоны тəрбиелеп келеді де. Оларға телефоны бұрынғы аталар мен апалар сияқты ертегі мен батырлар жырын айтып бермейді. Шетелге еліктіреді. Еліктеген бала еріккендердің ермегіне айналып кетуде. Сəл болса да ойланайық! Ұрпағымызды ұялы телефон ұяттан бездірмесін десек ұяда жақсы тəрбие беріп, тезге салайық. Əйтпесе ұяда не көрсе соны іліп кеткен ұрпақ көбейіп кетер.
Елдар ЖАҚЫПБЕКОВ.