Четверг, 2 июля, 2026
Басты бетЖаңалықтар«Әділет» партиясы Алматы облыстық филиалының жаңа басшысы сайланды

«Әділет» партиясы Алматы облыстық филиалының жаңа басшысы сайланды

Қонаев қаласында «Әділет» партиясы Алматы облыстық филиалының кезектен тыс конференциясы өтті. Жиында партияның облыстық филиалының басшылық құрамын қалыптастыру мәселелері қаралып, облыстық филиал төрағасы, Саяси кеңес мүшелері мен бақылау-тексеру комиссиясының жаңа құрамы сайланды.

Конференция барысында күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі ретінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Конституция – Жаңа Дәуір» атты үндеуін қолдау жөніндегі мәселе талқыланды. Делегаттар Президент бастамаларының елдің саяси жүйесін одан әрі жетілдірудегі маңызын атап өтіп, аталған үндеуді қолдау туралы ортақ пікір білдірді.

Жиын қорытындысы бойынша ашық дауыс беру нәтижесінде Данияр Алдабергенұлы Қасқарауов «Әділет» партиясы Алматы облыстық филиалының басшысы болып сайланды.

Данияр Қасқарауов кәсіпкерлік, қоғамдық және қоғамдық-саяси қызмет салаларында мол тәжірибе жинақтаған. Жаңа қызметінде ол облыстық филиалдың жұмысын үйлестіріп, партияның бағдарламалық мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асыруға, өңір тұрғындарымен тиімді байланыс орнатуға және азаматтардың ұсыныс-пікірлерін ескере отырып, партия қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге күш салмақ.

Конференция шешімімен партияның облыстық Саяси кеңесінің құрамы да жаңартылды. Кеңес құрамына кәсіпкерлік, қаржы және банк секторы, өндіріс, білім, мәдениет, спорт, әлеуметтік сала, табиғат қорғау, жастар саясаты, қоғамдық бірлестіктер және өңірдің қоғамдық-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген түрлі салалардың өкілдері енгізілді.

Сонымен қатар, бақылау-тексеру комиссиясының жаңа құрамы бекітілді. Оның құрамына ұйымдастырушылық, қаржы-шаруашылық, құқықтық және қоғамдық жұмыстарда тәжірибесі мол мамандар сайланып, партияның ішкі қызметінің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз ету міндеті жүктелді.

Осылайша, «Әділет» партиясы Алматы облыстық филиалының жаңа басшылық құрамы толық жасақталды. Алдағы кезеңде филиал өңір тұрғындарымен жүйелі жұмыс жүргізуге, партиялық бастамаларды іске асыруға, сарапшылар қауымдастығымен, кәсіпкерлермен және азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимылды нығайтуға басымдық бермек.

Атамекен-ақпарат

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments