Жаңа Конституция жобасында сот төрелігі жүйесіне қатысты енгізіліп отырған өзгерістер құқықтық мемлекетті қалыптастыру жолындағы маңызды бетбұрыс болып табылады. Сот төрелігінің конституциялық қағидаттарының күшейтілуі, судьялардың тәуелсіздігін нығайту және сот ісін жүргізу нысандарының кеңеюі әділ сотқа қол жеткізу мүмкіндігін арттырады. Адвокатураның құқықтық мәртебесінің Конституция деңгейінде бекітілуі азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың сапасын жаңа деңгейге көтереді.
Жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқару саласындағы нормалардың қайта қаралуы әкімшілік реформалармен үндесіп, биліктің халыққа жақындай түсуіне ықпал етеді. Бұл өзгерістер жергілікті деңгейде шешім қабылдау тиімділігін арттырып, қоғамның мемлекеттік басқару ісіне белсенді араласуына жол ашады.
Сонымен қатар, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібінің жеке бөлім ретінде айқындалуы Негізгі заңның тұрақтылығы мен сабақтастығын қамтамасыз етеді. Конституциялық реформаларды тек Президенттің шешімімен және жалпыхалықтық референдум арқылы жүзеге асыру қағидаты халықтың саяси еркін күшейтіп, ел тағдырына қатысты шешімдерге тікелей қатысуын кеңейтеді. Бұл тұрғыда Халық Кеңесіне референдум бастамасын көтеру құқығының берілуі демократиялық институттарды нығайтатын маңызды тетік болып табылады.
Тұтастай алғанда, жаңа Конституция жобасы әділ сот жүйесін қалыптастыруға, тиімді жергілікті басқаруды дамытуға және халықтың билікке қатысу тетіктерін кеңейтуге бағытталған жүйелі әрі уақыт талабына сай реформа деп бағалаймын.
Әбу Әйгерім, Атамекен газетінің бас редакторы.

