Теңіздің тереңінен маржан тергендей, сырлы да сазды күй өнері – халқымыздың рухани жауһары. Замана зарын, дәуірдің тынысын, ұлттың үні мен болмысын домбыраның қос ішегі арқылы жеткізе білген күйшілер – қазақ мәдениетінің алтын діңгегі. Аңызға айналған Нұрғиса Тілендиевтің «Қос аққу» күйі арқылы аққулардың мінез-құлқына әсер еткені – күй құдіретінің дәлелі. Міне, сондай ұлы өнерді серік еткен жандардың қатарында Жамбыл ауданына қарасты Еңбекшіарал ауылынан шыққан дәулескер домбырашы, сазгер әрі ұстаз Берік Бөкебаев ағамыздың орны айрықша. Ол – өнер жолындағы өнегелі ісімен ғана емес, ұлт мұрасын шәкірт жүрегіне сіңіре білген ұлағатты тұлға. Сазгерлік пен күйшілікті өмірінің өзегіне айналдырған өнерпазбен болған сырлы сұхбатымызда күй өнерінің өткені мен бүгіні, шәкірт тәрбиесі, домбыра шеберлігі мен шығармашылық ізденіс жолы кеңінен сөз болады.
- Алдымен оқырмандарымызға өзіңізді таныстырып өтсеңіз. Өнер жолындағы алғашқы білім баспалдақтарыңыз қандай болды?
- Мен, 1965 жылы 30 қарашада Жамбыл ауданына қарасты Еңбекшіарал ауылында шаруа отбасында дүниеге келдім. Әкем – сол кездегі озат шопандардың бірі болған, өнерге жақындығы бар адам еді. Ән айтып жүргенімді тыңдап, «мына бала өнерге бет бұрады» деп жиі айтып жүреді екен. Балалық шағымнан өнерге ынтық болдым, ән айтудан, күй тыңдаудан жалықпайтынмын. 9 жасымда алғаш рет қолыма домбыра алып, «Кеңес» күйін орындадым. Содан кейін «Келіншек», «Қосалқа» сияқты күйлерді шерттім. «Ақбұлақ» әнін де домбыраға салып орындаған кездерімде ұстаздарымның таңғалғаны есімде. Бала кезде ағам екеуміз қолдан жасаған тақтай домбыраны шертіп, мәз болатынбыз. Ал нағыз домбыраны маған анам алып берген. Сол кісінің қолдауын, қамқорлығын өмір бойы ұмытпаймын. «Комсомол» әнін алғаш үйреткен де анам еді.
1973–1974 жылдары Алматы қаласындағы №4 мектеп-интернатында, қазіргі Нүсіпбай Ибрагимов атындағы өнер мектебінде білім алдым. 1975 жылы Абай атындағы музыка мектебінде 8-сыныпқа дейін оқыдым. Сол кезде біздің тәрбиеші Ғани Көпбаева деген апай мені домбыра үйірмесіне жетектеп апарып, Абуов Адамбай ағаймен таныстырды. Ол кісі – менің алғашқы ұстазым. Кейін ауылды сағынып, 8-сыныпта Қарасу ауылына ауысып, сол жердегі мектепті 1983 жылы бітірдім. 1984 жылы әскер қатарына шақырылып, Хабаровск өлкесіндегі Бикин деген қалаға бардым. Қызығы, қаланың аты өз атыммен аттас болды. Себебі, достарым мені «Бекен» деп атайтын. Әскерде нота танитын сарбаздарды оркестрге іріктегенде мен де таңдалып, үрмелі аспаптарда өнер көрсеттім. Отан алдындағы парызымды өтеген соң Жамбыл атындағы кәсіптік колледжде «шопыр» мамандығын оқыдым. Ол кезде студенттер ауылдан жаяу қатынайтын. Мақта терген күндерім күні бүгінге дейін есімде. Бірақ оқуымды аяқтай алмадым. Әлде қиындықтарға шыдамай, әлде қырсық мінез әсер етті ме… Қалай болғанда да еңбекпен шұғылданып жүрдім. 1986 жылы аудандық «Құлансаз» ансамбліне қабылданып, алғашында биші, кейін күйші ретінде сахнаға шықтым. Бірақ сол жылы желтоқсан оқиғасына байланысты ансамбль жұмысын тоқтатты. 1987 жылы Қаскелеңдегі клуб қызметкерлерін даярлайтын оқу орнына түсіп, 1989 жылы тәмамдадым. Қайтадан ансамбльге оралуға ниет білдіріп едім, мәдениет бөлімінің басшысы жұмысқа алмай қойды. Дегенмен мойымадым, Қарғалыдағы автобазада қарауыл болып жұмыс істедім. Кейіннен ансамбльге шақырылғанда қуанышымда шек болмады. Театр құрамында сахнада өнер көрсеттім, автоклубта да қызмет атқардым. Бірақ 1990 жылдардағы тоқырау бұл салаға да ауыр тиді – ансамбль де, автоклуб та жабылды. 1997 жылы туған ауылым Еңбекшіарал мектебінде ән-күй пәнінен сабақ бердім. 1998–1999 жылдар аралығында Бауыржан Момышұлы атындағы №28237 әскери бөлімде оркестр құрамында жұмыс істеп, аудандық мерекелік іс-шараларға белсенді қатыстым. 2000 жылы «ЖасҰлан» оқушылар үйінде домбырадан дәріс бердім. Қазіргі таңда АЭС білім беру орталығында домбыра үйірмесінің жетекшісі ретінде еңбек етіп келемін.
- Берік аға, күй өнеріне келуіңізге не түрткі болды? Репертуарыңызда өзіңіздің шығарған күйлеріңіз бар ма?
- Күйге келуім – жай қызығушылық емес, жүректің үндеуі десем де болады. Домбыра үні бала күнімнен ішкі жан-дүниеме жақын еді. Бірақ шын мәнінде күй шығаруға жетелеген – өмірлік соқпақ, тағдырдың тосын бұрылыстары мен ішкі сезімдер.Алғаш жарыққа шыққан күйім «Өр қанат» деп аталады. Бұл күй менің ардақты анама арналған. Шынымды айтсам, жастық шақта анамның сырқатын терең түсініп, сезіне алмаппын. Ол кісі тіршіліктің тауқыметімен ерте еңбекке араласты. 1991 жылы, көктемнің мамыр айында анам сусамыр дерті салдарынан дүние салды. Бұл – мен үшін өте ауыр қайғы болды. Жанымды жегідей жеген сағыныш, жүректі езген өкініш күй болып төгілді. Бірде үйде отырғанда терезеден кенет тарс еткен дыбыс шықты. Қарасам – өмірімде бұрын-соңды көрмеген, ерекше түсті жасыл-көк құс. Даусы да ерекше еді. Сол құс біздің үйдің терезесіне келіп сайрайтын. Ішімнен: «Бұл анамның аруағы ма екен?» деп ойлай беретінмін. Әйтеуір бір тылсымнан келген үн сияқты әсер қалдырды. Сол күндердің бірінде Көкөзек ауылындағы Ермек Жұматаев деген ағамыз үйіне қонаққа шақырды. Жолда келе жатқанда анам көз алдыма елестей берді. Сол сәтте кенеттен жүрегімнен бір әуен туды. Ермектің үйіне жеткен соң, домбыра тауып, жаңа ғана жүректе пайда болған сол әуенді шерте бастадым. Кейін ол күйге айналып, анамның рухына арналған «Өр қанат» атты туынды дүниеге келді. Бұл менің өмірімдегі ең шынайы, ең жүректен шыққан күйім.
«Қомыз» атты тағы бір күйім туралы айтақ болсам, бұл күй 1991 жылы көрші Қырғыз елінде дүниеге келген еді. Сол жақтағы бір кездесуде қазақтың қап-қара көзді, сұлу да сымбатты бір бойжеткенін көрдім. Сезімнің күшімен ерекше әсерге бөлендім. Домбыраға сол сәттегі толқыныс пен шабытты салдым. «Қомыз» күйі – жастықтың шынайы лебін, алғашқы сезімді жеткізген сырлы күй. Күй – ішкі жанымның үні. Оны айтуға тіл жетпеген жерде күй сөйлейді. Күй мені жұбатты, күй мені жігерлендірді, күй арқылы өзімді де, өткенімді де, сағынышымды да жеткізе алдым. Домбыра – мен үшін жай ғана аспап емес, өмірдің серігі, рухани тірегім. Жүрекке сыймаған сырды домбыраға салам, ал күй соны халыққа жеткізеді.
- Сізді күйші ғана емес, сазгер ретінде де халық жақсы таниды. Сазгерлік жолыңыз қалай басталды? Алғашқы әндеріңіз жайлы айтып бересіз бе?
- Иә, сазгерлік – менің өнердегі бағытымның бір парасы. Жалпы, 1990 жылдан бастап Есенқұл Жақыпбек ағамызбен жақын араласып, өнер төңірегіндегі терең әңгімелердің куәсі болдым. Сол кезең – біздің буынның рухани ізденіс жолындағы ерекше тұстарының бірі еді. Бәріміз аудандық мәдениет үйінде жиі жиналатынбыз. Ол уақытта бұл орданың тізгінін Ғалымжан Сақаев деген ағамыз ұстады. Өңіріміздің өнер майталмандары – Қанағат Қарашев, Есенқұл Жақыпбек, Ермек Жұматаев сынды азаматтармен сол ортада танысып, шынайы шығармашылық достыққа қадам бастық. Кейде Есағаның үйіне барып, сырласатынбыз. Өлең мен әуен туралы, шабыт пен шындық жайлы ұзақ әңгімелер айтылатын. Сондай бір кеште ағамыз өз жыр жолдарын ұсынып, «ән жазып көрсең қалай болар екен?» деген ұсыныс айтты. Содан «Жұлдыздар бәрін болжайды» деген алғашқы әнім дүниеге келді. Ол Есен ағамызға қатты ұнады. Сол шабытпен сазгерлік жолымды бастап кеттім. Кейін ақынның тағы бірнеше өлеңіне ән жаздым. Атап айтсам, «Көңілің менде білемін», «Сен жалынсың», «Асыл құрбым» деген сынды туындылар сол уақыттың еншісінде қалды. Әр ән – бір тағдыр, бір хикая. Оның артында іңкәрлік, сағыныш, жастықтың шынайы үні жатыр. Бүгінгі таңда 20-ға жуық ән жазған екенмін. Бірақ мен үшін олардың саны емес, шынайылығы, тыңдарманның жүрегіне жетуі маңызды. Ән – жанның жаңғырығы ғой.
- Ұстаз-шәкірт сабақтастығы туралы не айтар едіңіз? Өзіңіз шәкірт тәрбиелеп жүрсіз бе?
- Өнер – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын киелі аманат. Әсіресе күй өнерінде бұл сабақтастықтың орны тым бөлек. Күйші – тек орындаушы емес, жүрек үнімен елдің рухани жүгін арқалап жүрген жан. Ал бұл өнерді жалғау – үлкен жауапкершілік. Бір күйші екіншісіне тек шеберлігін емес, күйге деген жүрек тербелісін, ішкі тылсым сезімін де аманаттайды. Мен бұл жауапкершілікті терең түсінемін. Сондықтан шәкірт тәрбиелеуді өмірлік міндетім деп білемін. Қазір АЭС білім беру орталығында домбыра үйірмесін жүргізіп келемін. Балалармен жұмыс істеу – өз алдына бір әлем. Әр шәкірттің табиғаты, ішкі әлеуеті әртүрлі. Біреуі үнге сезімтал, енді бірі саусақпен шебер жұмыс істейді. Бірақ күй – тек саусақ емес, ол – жанның үні. Сондықтан ең алдымен балаларға домбыраны сезінуді, тыңдай білуді, күйге жан-дүниесімен еніп кетуді үйретемін. Себебі техника – кейін келеді, ал жүрекпен шертпесе, күй өнері тірі болмайды. Қуантатыны – қазіргі жастардың арасында ұлттық өнерге деген шынайы қызығушылық байқалады. Тек сол жүректегі ұшқынды маздататын, бағыт-бағдар беретін ұстаз болса, жеткілікті. Өзім де кезінде ұстаздарымның қолдауымен осы жолға түскен жанмын. Енді сол аманатты әрі қарай жалғау – менің парызым. Бүгінде Рахымбай Данияр, Еркебұлан Шалғынбаев сынды шәкірттерім өнер жолында үлкен жетістікке жетіп жүр. Бұдан бөлек, республикалық деңгейдегі байқауларда топ жарып, аудан мен облыс намысын қорғап жүрген шәкірттерім де бар. Олар – менің ғана емес, халқымыздың үміті. Шәкірттерімнің жетістігін көріп, еңбегімнің еш кетпегеніне көз жеткізген сәттер – мен үшін ең үлкен марапат.
- Домбыра жасау ісіне қалай бет бұрдыңыз? Бұл өнердің бастауы қалай қаланды?
- 1998 жылы Ақан Әбдуәлиев екеуміз Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияға бірге құжат тапсырдық. Ақан оқуға түсіп кетті, мен болсам іріктеуден өте алмадым. Бірақ бұл сәтсіздік менің сағымды сындырған жоқ. Араға екі жыл салып, 2000 жылы арманымның соңынан қайта жол тарттым. Сонда алдымнан кездейсоқ бір адам – Мүлкемен Қалауов кездесті де: «Оқуға ешқашан кеш емес!» – деп жігер берді. Бұл сөз мені жігерлендіріп, ертеңіне ауылдағы жерлесім Бекмұрат Жамбыловпен бірге қайтадан құжат тапсырдық. Іріктеу қағазында екеуміз де тізімде жоқ болып шықтық. Еңсем түсіп, ауылға қайттым. Бірақ күтпеген жерден қазан айында поштадан оқуға шақырту келді. Ол сәттегі қуанышымды сөзбен жеткізу қиын. Алайда қуаныш ұзаққа бармады. Оқу орнында түрлі қысым болды: стипендиям тоқтатылды, емтихандардан өте алмадым. Өзімнің бала күнімнен келе жатқан бірбеткей мінезім де кедергі болған шығар. Консерваториядан мені ешкім қуған жоқ, бірақ амалсыз кетіп қалдым.
2001 жылы орман шаруашылығында жұмыс істедім. Сол уақытта домбыра жасаумен айналысатын Қарғалыдағы Семейдің жігіттерімен араласып жүрдім. Кейде олар маған жасап жатқан домбыраларын көрсетіп, күй шертіп беруімді сұрайтын. Жақсы шыққан аспаптарын Алматыға апарып, небәрі 2-3 мың теңгеге сататын. Осылайша менің ұлттық аспапқа деген қызығушылығым ояна бастады. Басында тиек, құлақ секілді бөлшектерін жасап көмектесіп жүрдім. Бірақ олар бұл істің қыр-сырын үйрете қойған жоқ. Осы кезде есіме Марат Күсенов деген ұстазым түсті. Бұл кісі домбыра ғана емес, скрипка мен қобызды да жасайтын өте шебер, білімді адам еді. Үйіне іздеп барып, домбыра жасауды үйренгім келетінін айттым. Өкінішке қарай, Марат ағамның денсаулығы сыр беріп, жүріп-тұра алмай қалған екен. Сонда маған реніш білдіріп: «Кезінде үйретем дегенімде үйренгеніңде, дәл қазір қиналмас едің», – деді. Бірақ соған қарамастан, екі мөшекке салып, барлық құрал-сайманын аманаттап берді. Сол күні 4 сағат бойы алғаш рет домбыра қалыбын жасап, қара терге түсіп еңбектендім. Сырланған алғашқы домбырам кеуіп үлгерместен Қарғалыдағы достарыма апарып, көрсеттім. Басында күлді. Кішкене қисықтау жасалған домбырамнан шыққан үнді тыңдаған сәтте бәрі тына қалды. Ол мен үшін үлкен шабыт берді. Жылдар өте, қолым жаттығып, тәжірибем артты. Бүгінге дейін 500-ден аса домбыра жасаппын. Олардың көбісін шәкірттеріме, достарыма сыйға тарттым. Ең қымбатқа сатқан домбырам палисандр ағашынан жасалды, 500 долларға бағаланып, Сейдолла Бәйтерековтің қолына тиді. Бұл – мен үшін үлкен мәртебе. Домбыра жасау ісін нағыз ұстазым Марат ағамнан үйрендім. Ол кісінің қасында жүріп, қобыз жасаудың да негізін меңгердім. Кейде аптасына 6-7 домбыра жасап үлгеретін кездерім болды. Қазір, өкінішке қарай, бұл кәсіп сәл шеттеп қалды. Бірақ сол кездердегі еңбегім мен ізденісім – өнер жолындағы үлкен белесім болып қала береді.
- Қазіргі жастар орындап жүрген күйлерге көңіліңіз тола ма?
- Жастардың күйге бет бұруы – үлкен қуаныш. Бұл ұлттық өнердің өлмегенінің, әлі де тамыры тереңде жатқан тірі өнер екенін көрсетеді. Алайда көңілім тола ма десеңіз, әрине, жүрегімді мазалайтын тұстары бар. Қазіргі жас орындаушылар, көбіне техникалық шеберлікке көбірек ден қояды. Саусақтары шапшаң, домбыраны меңгеру деңгейі жоғары. Бірақ күй – жай ғана саусақтың ойыны емес, ол – жүректен шығатын шынайы тебіреніс. Әр күй – тарих. Оның ар жағында халықтың тағдыры, жеке адамның мұңы мен қуанышы жатыр. Өкінішке қарай, кейде осы мазмұн ескерусіз қалып, күйдің «пішінін» ғана ойнайтындар көбейіп барады. Тыңдаушының жүрегіне жетпейтін, әсері үстірт күйде қалып жатқан дүниелерді естіп жүрміз. Бұл – өнер үшін де, ұрпақ үшін де қауіпті бағыт. Себебі күй – ұлттық рухтың үні. Оны есту ғана емес, сезіну, қабылдау қажет. Сонымен қатар, қазіргі репертуарға көз жүгіртсек, парсы, өзге де шығыстық сарынға жақын күйлердің көбейіп бара жатқанын байқаймыз. Әсіресе бүлдіршіндер соны орындауға құмар. Жас баланың даусына ұқсас, жеңіл, ырғақты күйлерді тез үйренеді. Бірақ мен шәкірттеріме алдымен Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Дина сынды дәулескер күйшілердің туындыларын үйретуге тырысамын. Өйткені бұл – тек күй үйрету емес, ұлттық болмысты сіңіру. Ұстаз ретінде менің міндетім – күйші тәрбиелеумен қатар, рухани тереңдігі бар азамат қалыптастыру. Себебі күй – рухтың үні. Оны терең сезіне алатын адам ғана нағыз күйшіге айналады.
- Өнер жолындағы өзіңіз бағындырған белестер мен жеткен жетістіктеріңіз жайлы айтып өтсеңіз.
- Мен үшін ең үлкен жетістік – шәкірттерімнің облыстық, республикалық деңгейдегі байқауларда топ жарып, өнер әлемінде өз жолын табуы дер едім. Ұстаз ретінде олардың әрбір жетістігі – менің де рухани жеңісім. Сондай-ақ, жүрегімнен шыққан әндердің ел аузында айтылып жүргені – өнерімнің өміршеңдігін білдіреді. Әсіресе, ақын Есенқұл Жақыпбектің сөзіне жазған әндерім бүгінде әлеуметтік желілерде кең тарап, жастардың, белгілі әншілердің орындауында шырқалып жатқаны – мен үшін зор қуаныш. Әрине, өнер жолы – әрдайым даңғыл бола бермейді. Еңбегің еленбей, елеусіз қалған сәттер де болады. Кейде аудан көлеміндегі байқауларда бағаланбаған әндерімнің бүгінде Айгүл Қосанова сынды танымал әншінің орындауында кең аудиторияға жетуі – уақыт пен тыңдарманның өз бағасын беретінінің дәлелі. Құдай қаласа, биыл күзде 60 жылдық мерейтойыма орай шығармашылық кеш өткізуді жоспарлап жүрмін. Сол сәтте халқыма есеп беріп, тыңдарманымның ыстық ықыласына бөленсем деген арманым бар.
- Әңгімеңізге рақмет!
- Сізге шалқар шабыт пен толағай табыс тілейміз!
Сұхбаттасқан: Әйгерім ӘБУ