Данияда супермаркет сөрелерін тауармен толтыратын гуманоид роботтар сынақтан өтіп жатыр. Тәжірибе Копенгаген маңындағы дүкендердің бірінде жүргізілуде.
Робот консервілерді танып, сөреге ретімен орналастырады. Әзірге оның әрбір қимылын адам басқарады. Оператор жасанды интеллектіні тауарларды тануға үйретіп жатыр. Роботты әзірлеген компания Еуропаның алты елінде жұмыс істейді және екі мыңнан астам дүкенмен байланысы бар.
Жобаның мақсаты — дүкен қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетіп, уақытын үнемдеу. Қызметкерлер жұмыс уақытының жартысына жуығын сөрелерді реттеуге жұмсайды. Болашақта бұл міндеттің бір бөлігін роботтар атқарып, қызметкерлердің сатып алушыларға көбірек көңіл бөлуіне мүмкіндік бермек.
Компания роботтарды 2027 жылдың басында дербес жұмыс істеуге бейімдеуді жоспарлап отыр. Олар негізінен түнде, дүкендер жабық кезде жұмыс істеп, тауарлардың жарамдылық мерзімін тексеруге, бос сөрелерді және дұрыс орналастырылмаған өнімдерді анықтауға тиіс.
Дегенмен роботтар әзірге адамдарға қарағанда баяу жұмыс істейді және тұрақты бақылауды қажет етеді. Бұған қоса, жергілікті заңнама олардың толық автономды жұмыс істеуіне әзірге мүмкіндік бермейді.
Бізбен бірге болыңыз: Atameken_press
#роботтар #гуманоид #Дания #супермаркет #ЖИ #технология #жаңалықтар


