Суббота, 27 июля, 2024
Басты бетUncategorized2024 жылы Ұзынағашта кардио орталық ашылады

2024 жылы Ұзынағашта кардио орталық ашылады

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Жамбыл ауданына іссапармен барды.

Ол алдымен Ұзынағаштағы орталық аудандық аурухананың, перзентхана мен әйелдер кеңесінің жұмысымен танысты.

Аудандағы ең басты жаңалық – 2024 жылы кардио орталықтың ашылуы. Жоба жеке инвесторлардың қаржысы арқылы жүзеге аспақ. Жалпы сомасы 1 млрд теңгеден астам қаржы құйылмақ. Аумағы 620 шаршы метр болады. Орталықта 25-30 науқасқа төсек орын құрылады.

«Қазіргі таңда жалға беріліп жатқан ғимараттар күрделі жөндеуден өтіп, кардио орталық ашылады. Алматы облысында мұндай медициналық мекемелер тапшы. Кардио орталық аудандық аурухананың базасында қызмет етеді. Бүгінде осы бағытта бөлінетін қаржы артуы үшін әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жұмыстың көлемі жайлы ақпарат бердік», – деді денсаулық сақтау басқармасының басшысы Лязат Ақтаева.

Өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев бұл бастамаға қолдау білдірді. Кейіннен перзентхананы аралап шықты. Ол жаңадан босанған келіншектермен тілдесіп, бауы берік болсын айтты. Әйелдердің айтуынша, перзентханада күтім жақсы, дәрігерлер мен медбикелер мейірімді, сапалы қызмет көрсетіп жатыр.

Жалпы бұл перзентхана мен әйелдер кеңесі 2019 жылдан бастап қызмет етеді. Ана мен балаларға қажетті барлық құрал-жабдықтармен қамтылған.

Бұдан кейін облыс әкімі жас мамандармен сөйлесті. Олар дәрігерлер үшін жақсы жағдай жасалып жатқанын айтты.

«Менің жұмыс істеп жүргеніме 2 жыл болды, биыл әйелім С.Асфендияров атындағы медициналық университетті бітіріп, осы жерге жұмысқа келді. Өзім бос жұмыс орындары жәрмеңкесі бойынша жұмысқа қабылданғанмын. Аурухана басшылығы бізге уақытша баспана берді. Енді құжаттарымызды жинап, үй алмақ ниеттеміз», – деді жас хирург Асқар Райымкулов.

Өңір басшысы «Алатау жастары» баспана бағдарламасына өтінім беруді ұсынды.

«Былтырдан бастап қолға алынған бағдарламаның биыл ауқымы кеңейтілді. Өтінім беріп көріңіздер. Бұдан бөлек, өңірде 2,5%-бен жастарға шағын несие беріліп жатыр. Мемлекет тарапынан жастарға қолдау әрқашан болады», – деді Марат Сұлтанғазиев.

Әкім Талғар ауданында дәрігерлердің соққыға жығылғанын да еске алды.

«Өткенде Талғар ауданында дәрігерлерді соққыға жығып кетті. Көбіңіз жас маман екенсіздер, жұмыстарыңызда жауапкершілік өте көп. Кез келген жағдайдан шығудың амалы бар. Аурухана басшылығының кеңесіне жүгініп әрекет етіңіздер», – деді аймақ басшысы.

Содан соң Марат Сұлтанғазиевке заманауи озық үлгідегі компьютерлік томография аппараты көрсетілді. Бұл аппарат та инвесторлардың қаржысына қойылған. Осы КТ-ны іздеп, түсушілер көп – дейді мамандар.

Айта кетейік, Жамбыл ауданы Қарғалы ауылында да аудандық аурухана қызмет етеді. Оған 38 мың тұрғын тіркелген. Мыңбаев және Қазыбек бек елді мекендерінде 2 ауылдық аурухана бар. Сонымен қатар аудан халқына 20 дәрігерлік амбулатория, 8 фельдшерлік-акушерлік пункт, 2 медициналық пункт қызмет көрсетеді. Дәрігерлер тапшылығы 8 маманды құрайды. Биыл 21 дәрігер жұмысқа қабылданған. Ұзынағашта ескі орталық аудандық аурухананың жанында үлкен емхананың құрылысы басталды. Қазіргі таңда инженерлік желілерін тарту жұмыстары жасалып жатыр.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments