Құрбан айт – мұсылман қауымы үшін аса маңызды рухани мереке. Бұл күндер мейірімділік пен жанашырлықты, жақынға жәрдемдесу мен қоғамда ынтымақ пен бірлікті арттыруды дәріптейді. Құрбан айт мерекесі – тек діни мейрам ғана емес, бұл – рухани тазару, қоғамда мейірімділік пен бауырмалдықты нығайтатын ерекше күн.
Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз мәслихатында Сағи Нұрмаханов — Алматы облысы Полиция департаменті ЖПҚБ ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция подполковнигі; Ажар Бекболаева — ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Алматы облыстық аумақтық инспекциясының Тамақ өнімдері қауіпсіздігі бөлімінің басшысы; Мадияр Пірімқұлов — Алматы облысының бас имамы; Ерлан Матаев — Алматы облысы Дін істері басқармасының бас маманы мәлімдеме жасады.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шешімімен, 2025 жылы:
* 5 маусым – Арапа күні,
* 6 маусым – Құрбан айт мерекесінің бірінші күні болып белгіленді.
Құрбан шалудың уақыты 6 маусым күні айт намазы оқылғаннан кейін басталып, 8 маусым күні ақшам намазына дейін жалғасады. Белгіленген уақыттан тыс құрбан шалуға, уақытынан ерте және кешігіп те құрбан шалуға болмайды.
Алматы облысы аумағында айт намазы таңғы сағат 06:00-де оқылады. Өзге аймақтардағы намаз уақытын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының muftyat.kz ресми сайтынан көруге болады.
Сонымен қатар, Құрбан шалуды офлайн және онлайн форматтарда өткізу қарастырылған. Онлайн құрбандық шалу үшін qurban.muftyat.kz ресми сайты іске қосылды.
Құрбан шалуға арналған рәсімдердің заң талаптарына сай және санитариялық-гигиеналық талаптарға толық сәйкес өтуін қамтамасыз ету мақсатында, ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Алматы облыстық аумақтық инспекциясы, 2025 жылғы 6–8 маусым аралығында арнайы 25 мал сою орнын бекітті. Бұл орындарда ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздік қатаң бақылауға алынады.