ЕРЛІК ПЕН ЕЛДІК ҚҰРМЕТКЕ ЛАЙЫҚ
7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай Жамбыл ауданында кең көлемді мерекелік іс-шара ұйымдастырылып, ел қорғаны болып жүрген әскери қызметкерлер мен сала ардагерлеріне құрмет көрсетілді. Мерекелік шараға аудан әкімі Нұрлан Ертас, әскери бөлім өкілдері, ардагерлер, құқық қорғау және төтенше жағдайлар саласының қызметкерлері, қоғам белсенділері мен аудан тұрғындары қатысты.
Шара алдымен қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалды музейінде басталды. Жиналған қауым Жамбыл бабаның рухына тағзым етіп, құран бағыштады.
Одан кейін қонақтар музей алаңында ұйымдастырылған әскери техникалар көрмесін тамашалады. Көрмеде әскери бөлімдердің арнайы техникалары, құтқару және өрт сөндіру құралдары, жауынгерлік жабдықтар көпшілік назарына ұсынылды. Әскери қызметкерлер келушілерге техникалардың мүмкіндіктерін таныстырып, олардың ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлі жөнінде ақпарат берді. Әсіресе жастар мен мектеп оқушылары әскери техникаға ерекше қызығушылық танытып, мамандармен пікір алмасты.
Мерекелік шара одан әрі Жамбыл ауылдық мәдениет үйінің жанындағы Ұлы Отан соғысының ардагері Алғадай Жамбылұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен жалғасты. Жиналған қауым майдангер рухына тағзым етіп, ел тыныштығы жолында жанын қиған боздақтарды еске алды. Бұл рәсім жас ұрпақтың бойында тарихи жадыны сақтау мен елге деген құрмет сезімін қалыптастыруға бағытталды.
Салтанатты жиын мәдениет үйінде жалғасын тапты. Іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын енгізу рәсімімен ашылып, Мемлекеттік Гимн орындалды. Мерекелік кеш барысында Отан алдындағы адал қызмет, ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі әскери қызметшілердің еңбегі кеңінен дәріптелді.
Жиында Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертасұлы құттықтау сөз сөйлеп, Отан қорғаушылар күні – ел қорғаны болып жүрген азаматтарға көрсетілетін ерекше құрметтің белгісі екенін атап өтті. Сонымен қатар, аудан әкімі әскери сала қызметкерлері мен ардагерлерге ризашылығын білдіріп, олардың ел тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтаудағы еңбегі әрдайым жоғары бағаланатынын жеткізді.
Мерекелік іс-шара барысында Отан қорғаушылар күні және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 81 жылдығына орай әскери салада табысты қызмет етіп жүрген бірқатар азаматтар марапатталды. Атап айтқанда, Бауыржан Момышұлы атындағы 28237 әскери бөлімінің жауынгерлік даярлық бөлімінің бастығы, подполковник Бауыржан Жарылқасынов, қаржы қызметінің аға маманы, сержант Ақбөпе Тюльтаева, радиациялық, химиялық, биологиялық қорғау ротасының взвод сержанты, аға сержант Дәурен Жұман, бөлім оркестрінің аға маманы Бақытжан Көмекбаев және өзге де әскери қызметкерлер мен сарбаздарға алғыс хаттар табысталды.
Сондай-ақ, төтенше жағдайлар саласында қызмет етіп жүрген құтқарушылар мен өрт сөндірушілер де марапат төрінен көрінді. Олардың қатарында Темірлан Жумабаев, Бейбарыс Ғилым, Асар Жақсылық, Ильяс Табынбаев, Нұрасыл Тоқан және басқа да азаматтар бар. Марапаттау рәсімінде олардың табиғи апаттар мен төтенше жағдайлар кезінде халыққа дер кезінде көмек көрсетіп, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі қажырлы еңбегі ерекше аталып өтті.
Шара аясында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің атынан бірқатар азаматтарға арнайы марапаттар табысталды. Сонымен қатар, «Азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен Алматы гарнизонының әскери прокуроры, әділет полковнигі Айдос Ақберген және Оңтүстік өңірлік әскери тергеу басқармасының бастығы, полковник Айдос Күзембаев марапатталды.
Жиында Бауыржан Момышұлы атындағы 28237 әскери бөлімінің Ардагерлер кеңесінің төрағасы, запастағы подполковник Қуаныш Бейсембаев сөз сөйлеп, әскери қызметтің жауапкершілігі мен маңызына тоқталды. Ол жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу – баршаға ортақ міндет екенін атап өтті.
Мерекелік шара концерттік бағдарламамен қорытындыланды. Сахнада патриоттық әндер шырқалып, өнерпаздар Отанға деген сүйіспеншілік пен ел бірлігін дәріптейтін әсерлі қойылымдарын ұсынды. Көрермендер көтеріңкі көңіл-күймен тарқап, ел тыныштығы мен бірлігі жолында қызмет етіп жүрген азаматтарға ақжарма тілектерін білдірді.
Отан қорғаушылар күніне арналған бұл шара – ел қорғаны болған азаматтарға құрмет көрсетіп қана қоймай, жас ұрпақтың бойына патриоттық рух пен елжандылық қасиеттерді сіңіруге бағытталған маңызды мерекелік басқосу болды.
Бақтияр Айталы





