Воскресенье, 24 ноября, 2024
Басты бетЖаңалықтарБизнесті тексеруге қатысты мораторийдің бұзылуы туралы

Бизнесті тексеруге қатысты мораторийдің бұзылуы туралы

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда шағын және микро кәсіпкерлікті тексеруге 3 жылдық мораторий қолданылады.
Оған халықтың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға жаппай қатер төндіретін бұзушылықтарды болдырмауға немесе заңдылықты жоюға және т.б. негіздерге бағытталған тексерулер кірмейді. Мысалы, адамдардың улануы, өрт, жалақы төлемеу жағдайында жүргізілетін тексерулер осы мораторийдің қоладанысына жатпайды.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті (Комитет) өзінің қадағалау қызметі шеңберінде осындай тексерулердің есебін ғана жүргізіп қоймай, оларды тағайындаудың заңдылығын да тексереді.
Талдау көрсеткендей, мораторий және қолданыстағы карантиндік шектеулер 2020 жылы бизнеске қатысты тексерулер санының 5 есе төмендеуіне ықпал етті. Егер 2019 жылы кәсіпкерлер 128 мың рет тексерістен өтсе, 2020 жылы тексерістер саны 27 мыңнан асты, ағымдағы жылдың 5 айында 5 мыңды құрады.
Сонымен қатар, ағымдағы жылдың өткен кезеңінде шағын және микро бизнесті тексеруге мораторий аясында Комитет қызметкерлері 30-ға жуық заңсыз тексерулердің жолын кесті.
Тексерулерді есепке алу мен тіркеудің барлық процесі «Тексеру субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі» (ТСОБТ) ақпараттық жүйесінде цифрландырылғанын атап өткен жөн. Осы жүйе ең алдымен, бизнесті заңсыз тексерулерден қорғау үшін құрылған, ол мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың ашықтығын қамтамасыз етеді.
ТСОБТ шеңберінде «Qamqor» мобильді қосымшасы әзірленді, ол арқылы кәсіпкерлер алдағы тексерулер туралы хабарламаларды алады, онлайн режимінде шағым бере алады. Қазіргі таңда қосымшаны 110 мыңнан астам кәсіпкер қолданады.
Егер  кәсіпкерлер тексеруші органдардың қызметкерлері тарапынан заңсыз іс — әрекеттерге тап болса, Бас прокуратураның call-орталығының 115 — бірыңғай нөмірі бойынша хабарлауыңызды сұраймыз. Сондай-ақ аталған сұрақтар бойынша Комитетке және оның аумақтық органдарына жүгінуге болады.
Сонымен бірге, кез келген кәсіпкер www.qamqor.gov.kz ақпараттық сервисінде тиісті жолға акт нөмірін енгізу арқылы тексерудің заңдылығын көре алады. Сол жерде органның атауы, тексеру кезеңі, тексеруші тұлға туралы деректерді алу арқылы тексерудің тіркелгеніне көз жеткізуге болады. Егер ондай ақпарат болмаса, онда тексеру прокуратура органдарында тіркелмеген және ол заңсыз болып табылады.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments