Суббота, 22 ноября, 2025
Басты бетЕңбек адамыҚазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, ақын Надежда Лушникова - 85 жаста

Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, ақын Надежда Лушникова — 85 жаста

Тамшыдан бастау алған адам ғұмырын кейде жай, кейде буырқанған өзен ағысына ұқсатамын. Осы өмір ағысында әркім өз хал-қадерінше соңына із қалдыратындай тіршілік жасайды. Ал Ата, Әже атанған немересіне қиял-ғажайып ертегі, ұлағатты сөз айта алмайтындар да бар арамызда. Керісінше, үлкен де, кіші де табынып, кітап шығарылған-ды. Кітапта «Верный» бекінісінен бермен қарайғы айтулы деген өзгеріс-жаңалықтардың жылнамасы облыстық архивтен алынған берілген. Бірінде, 1913 жылы ақ патша Романовтардың 300 жылдық тойына арнап, Алматыда кәсіпкерлердің көрмесі ашылғандығы айтылып, Лушниковтар да шай көрмесіне қойған жазылыпты.

Бірақ, Надя өзінің ғұмырлық кәсібін саудадан емес, жиырма бесте, таңдаған. Кейіннен Надежда Лушникова ел ішінен мұман алтын сүстендей басып қосып, бастаңдарына екі сыйлық қонақты шақырып, естен кетпестей поэзия кешін өткізген. Көктемгі сақманға да комсомол жастармен бірге барып, қаракөл елтірісі үшін мезгілсіз соғылған қозыларды керіп, өксігін баса алмай жатып, жұрт болып жұбатып, артынан сол қозылардың қуыраптан жетілген күнді де анық жекемсезбасынан өткізгенін ұмытпай айтады.

«Сырдың бойы еліндегі бастауын ашқан, қыз бор бұрымын тарқатып, айнаға алғаш қараған жері, үлкен өмірге қосағы Тұрлыбекпен екеуіне жүздесуге ынтығатын, олар жайлы шығарма жазып, тебіренетін жандар да баршылық. Олар алуан мамандықтың, өнердің иелері, елі мен жерінің мақтаны болған жандар. Сондықтан да біздің өлкенің ерекше аталатыны. Осы орайда, бір жақсым деп, әңгімесіне мейірің қанатын жандардың бірі – Надежда жеңгеміз. Ол айтыскер ақын, ұстаз, мейірімді ана әрі әже.

Халқымыздың салт-дәстүрін бір қазақтай-ақ бағалаған осы бір жанның еңбек жолы жарты ғасырдан астам уақытты құрайды. «Алпыс жылғы өмірің, Алты қырды асқандай, Кірпікті жауып ашқандай…», – деп ақын-ананың өзі айтпақшы, ай артынан жыл ерткен ащы ішектей тірліктің асуы да оңай емес. Тіпті, зулап өтетіні де, жақсысы мен өкініші қатар жүретіні де бар бір жағынан. Десе де жеңгем бүгінде сексен деген жасты еңсерсе де, көмейінен жыр төгілетін әзіз жан.

Қазақ жас сұрасқанда «неше мүшелдесің» дейді. Жеңгеміз бүгіндері жеті мүшелді артқа тастап, сары балақ егіндей немере, шөбере көріп жайқалып, арналы өзендей ағысы, арнасы кеңейген шағы. Бірінші мүшел бала кез «жарға ойнаған лақтайсың» демекші, «Наденька», «Нәкентай» деп еркелеткен балалық шағы алыста қол бұлғап қалды. Бірақ, балалықтың ащы-тұщы дәймі, ыстық-суықты аңғарып танудан басталып есте қалар айшықты сәттерін суретке тартқандай ақыл-зердеге бекітіп, көкірегіне сақтаған тұсы әркімнің-ақ ойында. Жас келсе де ол сәт ұмытылмайды-ау.

«Соғысты туа шақырған, қу жетімек атандық», – деп өлеңінде толғайтын жеңгеміз балалық шағын барлап, қолмен қойғандай ғып сұрапыл күндерін көз алдына елестеткенде, тұла бойың түршігеді. Анасының көнетоз бөркейін мектепке киіп, екеуара алмастырып күн кешкен күндері де ол үшін ыстық. Бірақ, балалық базарлы шақ өзінше қызық, думан.

Надежда Андрейқызы Жетісудың хан жайлауы Үшқоңырда туып, «Шұбаратта» көрші Шәлі апасы мен Ирина Иосифовна шешесінің төсін тел еміп, қазақ-орысқа бірдей еркелеп өсті. Шәметай дейтін ақын ауылдасының қызы Әлкемаймен бірге жаяу жүріп, саялы бақ ортасындағы ақшаңқай киіз үйге жетіп, ішке енгенде, бас жағында жұдырықтай-жұдырықтай қып-қызыл, хош иісті алмалы үйге, ақ киімді, ақ сақалды атаның жанына жақындап, тарамысты қолымен ұсынған алманы ашқарақтана жегені күні бүгінгідей көз алдында шығар. Сол күннен бе екен, оның өмірі өзгергені?!

Кейіннен «Мәдениет және тұрмыс» журналында «Әлкемайдың шешесі» деген очеркі басылып, Шәметай апайымен сырласып-сұхбаттасқанда (1974 жыл) алма ұсынған қарттың жыр дүлдүлі Жамбыл екенін біледі.

Жырының құт шапанын жамылғасын,
Көргеннен түстеп таныр кәрі жасың.
Қолынан алма жедім бала кезде,
Қондырып нәзік бойға ақ батасын.
Қазаққа түгел жетсе Надежда атым,
Жарықтық, шын пейілден дарытқасын, –

деп келетін ұзақ жыры да алғашқы кітабында сол кезді еске салады. Қызыл алманың дәмі, ұлы ақынның киесі жеңгеме сол кезде ерекше сезім сыйлаған екен.

Мектеп жасына толғанда 1949 жылы тамыршы шөпші, емші атанған әжесі Агафия мен атасының қолында 1 Май ауылындағы бастауыш сыныпта оқиды. Жалғыз ұлы Андрейден «қара қағаз» келгеннен Герасим атасы аз сөйлейтін, мүштігін аузына салып, жанарын алысқа қадайтын болған. Жарықтық ағаштан небір керемет бұйымдарды — ою-өрнекті сандық, асадал, адалбақан, киім салғыш — бәр-бәрінің қиысын келтіруші еді. Сосынғы аса жақсы көретұғын ермегі — ерінбей-жалықпай Алматыға ат арбамен ай сайын барып, қап-қап кітап әкеліп, қолы босағанда құс жастыққа жантайып, көз алмай оқитын зиялы жан болған деседі.

Арғы бабалары Фрол Михайлович Лушников — сібірлік аты шулы 3-гильдия көпесі, айдауда жүрген орыстың ірі декабрист-жазушы Михаил Бестужевпен дос болған көкірек көзі ашық жан екен. Кейіннен 1860 жылдары бала-шағасы алымын ұзартып, қазақтың жеріне келіп, сауда-саттығын жүргізеді. Алматы облысының 60 жылдығына орай өткізілген мереке күндерінде «Жетісу: жасампаздық кезеңдер» атты естелік ауыз әдебиетінің қазбаларын жинастырып, Үмбетәлі ақынның өмірі мен шығармашылығына байланысты дүниелерді там-тұмдап тауып, мұражайын қарлығаштай «қалап», ел-жұрт болып ақынның 100 жылдық мерейтойын атап өткеннен кейін, 1992 жылы шыққан жоғарыдағы кітапшаға басылған суреттердің ішінде халық ақыны Үмбетәлі мұражайының суреті де кірген. Сол кездегі облыс басшысы Ахметжан Есімовтың баяндамасында жеңгемізге арнайы тоқталып алғысын, рахметін білдіргенінің куәсі болғанбыз. Өнер, өмір сабақтастығы деген осы болар. Сәмен батырдың ұрпағы Тұрлыбек ағамызбен шаңырақ құрып, келін болып түскенде бетін жырмен ашқан Үмбетәлі ақынға мұражай ашқаны сол бір өнер жарастығынан бастау алғандай. Сөйтіп, өз босағасының төріне өлеңнен діңгек орната білді.

Соңына сандық толы жыр-маржанын қалдырып, бақилыққа аттанған марқұм Халық ақыны Әсімхан Қосбасаров әрі ауылдасы, әрі жақын қайнағасы ретінде 1965 жылдан үлкен кіші ақындар айтысы, жыр додасы, той-томалақта бірге болып, Сүйінбай мен Жамбыл төккен кәусар жырдың туын биіктеткен қадірмендеріміз. Ойласам сол кезде мекенімізде қолына домбырасын ұстап, айтыстың төрінде жыр төккен асылдарымыз ерен екен-ау. Бір жылы Ленинградтан қонақ келіп, «айтыстың не екенін» көзбен көрейік деп аяқ асты өтінген соң, күніне Надеждамен үш айтысатын Әлімқұл Жамбылов қапелімде таптырмай, амалсыз қайнағасы Әсімхан атамен айтысқа түскенін әлі күнге қазақи қалыпта бетін шымшып, еске алады.

Ал, 1964 жылдың ақпанында Шымкентте өткен оңтүстік өлкесі ақындарының айтысына Бауыржан Момышұлы, Әбділда Тәжібаев бастаған жазушы-ақындар, халыққа белгілі Келмембет, Серғазы, Есдәулет сияқты майталман айтыскерлер шақырылып, бәсеке қызады. Сол кезде Надежда қыз алпыстың асқарындағы шымкенттік ақын Тастан Жолдасовпен, Әліқұл Қалдыбаевпен жыр додасына түсіп, қазақтың батыр ұлының қолынан алтын сағат тақса, жазушы Әзілхан Нұршайықов бұл жиынға «Ақиқат пен аңыз» кітабының бір бөлімін арнаған.

Надя қыз сол кезде Қызылордадағы Мәншүк Мәметова атындағы Қазақ қыздар педучилищесін бітіріп, екі-үш жылдай Сырдария аудандық комсомол комитетінде жастар ұйымын басқарған жалынды кезі. Қызылордаға Мұхтар Шаханов пен Шәмші Қалдаяқов арнайы келіп, кездесу өткізіп жатады. Сонда Нәкең «Сыр сұлуы» әнін үйрену үшін аудан орталығы Тасбөгеттегі ең кең салынған үйдің бірін таңдап, басқа үйлерден көзге түсер асыл бұйымдарын әкелдіріп, безендіріп, жастардың той жасап ұзатқан қасиетті мекен» деп ерекше бағалайды.

1983 жылы ұстазы әйгілі сатирик, жазушы Асқар Тоқмағанбетовтың дүние салуы Надежда жеңгеміздің үлкен қызы Құралайды ұзатып жатқан тұсқа келіп қалса да, сыр білдірмей құдаларын аттандырғасын, іле-шала сырдың бойын бетке алып, ағасының қабірі басында кәдімгідей дауыс сап, жоқтау айтып, жиналғандарды қатты толқытады. Онысын өзі қазақ жырларының қуаты деп бағалайтынын қайтерсің.

Сонау жылдары теледидардан жамбылдық Серік Қалиевпен айтысын тамашаладым. Серік:
Жасыңнан бар қазаққа мәлім едің,
Жар болып бір қазаққа қалып едің.
Баукеңді өнеріңмен риза қылып,
Қолынан алтын сағат тағып едің.
Жеңеше, жан едіңіз ер көңілді,
Көрсетіп жүрсің ылғи көргеніңді.
Ізіңнен мақтан етем ергенімді,
Өкінем қартайғаныңда келгенімді,

дегенде, Серік тоқтар-тоқтамастан Надежда Айдың бетін жұлып алғандай табанда:

Серікжан, басып келдің асу жолды,
Шашу ғып жыр күлшесін оңды-солды.
Жасымда шалдарменен айтысушы ем,
Алпыста қағысқаным жігіт болды.
Тараздың қаршығасы Қалиевым,
Ақынға айтысатын жариын бір.
Жасымнан қапталдастым шалдарменен,
Өзіңдей жас шарыққа жаниын жыр,

деп төпелетеді.

Жамбыл атасының жолымен талмай өнер қуған жеңгеміз, нан табарлық жұмысын да шығармашылығымен ұштастырды. Ширек ғасыр қазақтың қара домалақ балаларына қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берсе, 1984 жылдан мәдениет саласында тер төгіп, өзі уығын қадаған Үмбекеңнің музейінде шырақшы болып, дамыл таппай ақынның бай мұрасын жинады, адалдық танытты. Кезінде ауылдық, облыстық кеңеске депутат болып сайланды. Алдына шағымын айтa келген жандардың қолынан ұстап, небір отқа түскендерді етегінен тартып, мәселелерінің оңынан және адалынан шешілуін қадағалағанына да куә болдық. Осы жылдарда «Елім менің», «Көңіл қошы», «Жыр шашу», «Айтыс», «Сағынарсыңдар мени де» тағы басқа кітаптары оқырман мен орыс қызының арасын жібек жіптей жалғады.

Жеңгем Қазақтың қабырғалы ақыны Қанипаны, Өзбекстаннан келген ақынды, тағы басқа қаламгерлерді шақырып, дастархан жайды. Жыршы Жылбек інім сол кезде жас бала. Домбырасын қолына алып, Сүйінбай бабасының жырын төкті, Жамбыл ақынның өлеңдерін оқыды. Бұдан соң жиналғандар Шәмшінің әндерін шырқады. Қазір есіме алсам, керемет басқосу болған екен. Мұндай сәттер бұл шаңырақта жиі болатын. Жеңгеміздің көпшіл, осындай қонақжайлылығы да бар.

Ақын-ананың «Қазақтың ауылының қызымын мен, Келемін кең далаға қызығумен» дегенінде еш әсірелеу жоқ. Қазақтың ауылында Құралай, Қарлығаш, Ләйлә, Жәнібек пен келіні Нәзира, немерелері Нұрберді, Арнұр, Дамираны өсіріп, Алладан рақым күтіп, амандығын тілеп, аналық жүрек жылуына орап келеді. Қашанда соңына ақын өлең-жырын тастайды, бірақ Надежда жеңгеміздей мұражай салып, ғылыми еңбек жазып, ауылдың өнерге бейім балаларының басын қосып, аталарының жырымен ауыздандыратын машақат

Мол шаруамен кім айналысар дейсіз?! Халық ақындары Әсімхан, Әлімқұлмен бірге ауылдарды аралап бір топ өнерге бейім жастарды жинады. Солардың қатарында өрімдей жеткіншек Ақан Әбдуәлиев, Жылбек Тоқтасынов та бар. Қазір олар ел аузындағы азаматтар.

Ұзынағаштағы М.Әуезов көшесіндегі биік еңселі үйде зейнеткер шалы, марқұм Тұрлыбекпен жарыса кітап оқып, телеарналардан бірге кино көріп, бір-бірімен жарысып, өмірдің қызығына тоймай отырғанын көрдім. Одан қалса, қаладағы балаларына алма-кезек жол тартатын. Үйіне бір барғанда Надежда жеңгем қалам-қағазды айналдырып, сыр мінез машинкесін тақылдатып отыр екен. Сол күнгі жазған өлеңінде:

Жер қойнынан шыққан судай сүзіліп,
Адам өнер топырағынан түзіліп.
Қайсы біреуге нұр жауады аспаннан,
Қырсық кетпес кейбір пақыр наданнан.
Туған жерге нұрлының көп төлемі,
Арналады өлеңі мен өнері.
Жыры болып өрбігені Жамбылдан,
Ақындықпен Жетісуды таң қылған!
Әйгілі ғой әншілігі Арқаның,
Қайта тумас Біржансалым, Ақаным.
Күй атасы Құрманғазы, Дина апам,
Құбылаға домбырасын сыйлаған.
Жыраулардың алтын кені Сыр бойы,
Кең даламның шырқатқандай қыр-ойы.
Табынамын жүрегіне қазақтың,
Көз ашқаннан куәсімін ғажаптың! – деп жыр құрағын құрап, тебіренді.

Иә, кейін Тұрлыбек аға өмірден өтті. Ақынның отағасынан, жартысынан айырылғаны жанына батты. Үйдің айналасындағы жайқалған бақ, алқызыл қызғалдақтар ағаның қамқор алақанын аңсап қалды. Ақын жеңгем қос немересі Нұрберді мен Арнұрын алып Астанаға жол тартты. Екі ұлды оқытты, қазақтың салт-дәстүрін бойларына сіңіруге күш салды. Үміті ақталды. Немерелері мектеп бітіріп, бірі Еуропаға жол тартып, білім қуды, екіншісі де арман арқалап заңгерлік мамандықты таңдады. Ал қарашаңырақта ұлы Жәнібек пен келіні Назира түтінін түзу шығарып отыр. Жеңешем осы үйде жырын жазып, немересі Дамираны ойнатып, ертегі айтып әжелік парызын орындап жүр.

Надя ақын өзіне «Әйелге келем таңқалып» деген өлеңінде былай баға беріпті:

– Әйелдің туы жөргекте,
Көлеңкесінде қалмадым.
Әйелдің туы балада,
Өлеңнің жалын қармадым.
Әйелдің туы ақ шелек,
Майысты көбірек бармағым.
Әйелдің туы сыпырғыш,
Алтын нұр жалт-жұлт бар маңым.
Әйелдің туы нәзіктік,
Гүлмін мен, рахмет заманым.
Үй, түз деп жүріп асығыс,
Аз қостым жырға, Заңғары.
Әйслмін өзім әйелге,
Келемін күнде таң қалып.
Босаға атты күзетте,
Тұрғанын ұқшы аңғарып.
Қорғайды оны кеткенше,
Қара шашы ағарып.
Қорғайды сосын аруағы,
Тірліктің атын доғарып.
Талай да талай қыр астым.
Көргені көп-ақ бұл бастың.
Өз ішім жылап тұрса да
Ауладым көңілін қимастың.
Жықпадым сөзін сыйластың.
Жеріне келіп Ілиястың.
Бір ауыз өлең айтпасам,
Дүниеге мынау сыймаспын.
Жап-жасыл мекен, сыбдыр бақ,
Желге айтқан сырын сыбырлап.
Керілген күнді оятқан,
Торғайы таңнан жыр-жырлап.
Еліне келіп Ілиястың
Қуатпен ерек нық бастым,
Өзендей жатқан бұрқырап,
Тірлікте, сірә, тынбаспын, – деп қорытындылапты.*

Жеңгем ақкөкірек қазақтың жүрегіне осылай табынса, қазақ та оны өз қызындай еркелетіп келеді… Иманды, жиғанды қазақты Раббым лайым қорғасын, дархан жүректі халқым жасай берсін дейік, сөз соңында!

Күмісжан БАЙЖАН, ҚР Мәдениет қайраткері

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments