Воскресенье, 24 ноября, 2024
Басты бетЖаңалықтарЖүзге келген журналистің мерейі

Жүзге келген журналистің мерейі

Кеше Алматы қаласындағы «Достық үйінде» Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, ардагер журналист Ханымбүбі Ақжолованың туғанына 100 жыл толуына орай «Бір ғасыр биігінде» атты кітаптың тұсаукесері өтті.

Осынау ерекше жиынға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Қазақстанның Еңбек Ері, ЮНЕСКО Халықаралық Мәдениеттерді жақындастыру орталығының директоры, Қазақстанның халық жазушысы Олжас Сүлейменов, Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Ләззат Тұрлашев, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ақберен Елгезек, Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев, Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас, Алматы облысының және Жамбыл ауданының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Әскербек Абаев, жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы, зиялы қауым өкілдері мен алыс-жақынан келген туыстары қатысты

Қуанышты шараға жиылғандар ғасыр жасаған абыз ана Ханымбүбі Ақжолованың өмірі мен шығармашылығына арналған деректі фильмді тамашалады. Осынау мәдени шараның тізгінін жазушы жерлесіміз Н.Қапалбекұлы ұстады.

Жүзге келген журналистің мерейінде беташар сөзді бастаған ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Ханымбүбі апамыздың шығармашылығы туралы салиқалы пікір білдіріп, мерей иесіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы Алғыс хатын табыстады. Өз кезегінде Ханымбүбі Ақжолова Мемлекет басшысының ыстық ықыласты құттықтауына риза пейілмен, «Бір ғасыр биігінде» атты жаңа кітабының бір данасын Ел Президентіне сыйға тартты.

Тұсаукесер рәсімінде күллі әлемге танымал ғасыр ақыны Олжас Сүлейменов пен Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының атынан ақын Ақберен Елгезек сөз алып, жан жадыратарлық жақсы тілектер айтты. Олжас Омарұлы Ханымбүбі Ақжолованы ғасыр-ғұмыр мерейімен құттықтап, кеудесіне «Невада-Семей» қозғалысының 30 жылдық мерекелік медалін тақты.

Бұдан соң Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Ләззат Тұрлашев салтанат төріндегі әз ананың өмір жолына тоқталып, оған «Алматы облысының құрметті азаматы» атағын табыс етті. Сондай-ақ, Ханымбүбі апай Халықаралық Журналистер академиясы мен Қазақстан Жазушылар одағының «Алғыс хатымен» марапатталды.

Сөз кезегі қарт журналистің туып-өскен құтты мекені – Жамбыл ауданынан келген жерлестеріне берілді. Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев пен Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас зор қуанышпен тұсауы кесілген кітап авторына деген жүрекжарды лебіздерін жеткізіп, лайықты сыйқұрмет көрсетті, ата дәстүріне сай иығына камзол бешпетін жапты.

Жиын соңында Ханымбүбі апайдың қызы, биология ғылымдарының докторы Света Айткелдіқызы осы жүздесудің мазмұнды өтуіне мейлінше атсалысқан азаматтарға алғыс айтып, шексіз ризашылығын білдірді.

Әйгерім ӘБУ.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments