Өткен сенбіде Жамбыл ауданында «Таза Қазақстан» акциясы аясында кең ауқымды сенбіліктер мен көгалдандыру жұмыстары ұйымдастырылып, аудан тұрғындары мен мекеме қызметкерлері туған жердің тазалығы мен көркеюіне бір кісідей атсалысты.
Жалпы, аудандық сенбілік барысында аудан әкімі Нұрлан Ертас, аудан әкімінің орынбасарлары мен мемлекеттік, бюджеттік мекеме қызметкерлері белсенділік танытты. Іс-шара аясында қатысушылар ағаш отырғызып, елді мекендерді көгалдандыруға үлес қосты. Сонымен қатар, негізгі жолдардың бойы күл-қоқыстан тазартылып, қоршаған ортаның тазалығына ерекше көңіл бөлінді. Мұндай жұмыстар ауданның экологиялық ахуалын жақсартумен қатар, тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыра түсуде.
Аудан көлемінде өткен тағы бір маңызды шара – ағаш отырғызу акциясы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің экологиялық жағдайын жақсарту және жасыл аймақтарды көбейту. Аталған акцияға жас мамандар белсене қатысып, туған жердің табиғатын көркейтуге өз үлестерін қосты.



