«Бейбіт елде береке бар» демекші, биылғы 2021 жыл біздің еліміз үшін ерекше маңызды жəне тарихи оқиғаларға толы. Соның қатарында Қазақстан Республикасы Тəуелсіздігінің 30 жылдығын ерекше атап өту біз үшін үлкен мəртебе. Бұл өткен жолымызға зер сала қарайтын, өзімізге де, елдік жетістіктерімізге де есеп беретін жыл болып отыр.
Осы орайда Тұрар Рысқұлов атындағы орта мектебінде «Қазақстан Республикасы Тəуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге арналған 30 жұлдызды күн!» атты іс-шаралар жоспары жасалып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Мектеп əкімшілігі, ұстаздар мен сынып жетекшілері ата-аналармен бірлесіп оқушыларға еліміздің тəуелсіздік алғалы жеткен жетістіктерін таныстыруда. Шəкірттердің білімін ұштай түсуге, оларды Отанды сүюге, ел байлығын қорғауға, болашақта Қазақстанды өркендетуге білімді адамдар керек екенін ұғындыруға, бүгінгі тəуелсіздікке қалай қол жеткенін зерделеуге барынша мəн берілуде. Жеткіншектерді Отан үшін отқа түсетін елжанды азамат етіп тəрбиелеу мақсатында əртүрлі іс-шаралар жүргізіліп, жеткен жетістіктер мектептің фейсбук жəне инстаграмм парақшаларына жариялануда.
Мектеп директоры Аққұлиева Ақмарал Даниярқызы ұжыммен бірге 2020-2021 оқу жылының қорытындысын жасап, жеткен жетістіктерімізге марқая отырып, бұл ел тəуелсіздігінің 30 жылдығына қосқан үлесіміз екенін ашық айтты. Мұғалімдер мен оқушыларға, ата-аналарға алғыс білдірді. 2020-2021 оқу жылында мектептен 7 оқушы «Алтын белгі» иегері атанса, 7 оқушы Үздік аттестат иегері деп танылды. Əртүрлі халықаралық, облыстық жəне аудандық байқауларға қатысқан оқушылар мен ұстаздар мектеп намысын биікке көтеріп, жүлделі орындарға ие болды.
Адам баласы дүниеге туа салысымен патриот болып келмейді. Ол мектепте көпшілік арасында білім мен тəрбие алып, əлеуметтік ортамен араласып, азаматтық болмысын қалыптастыру арқылы патриотқа айналады. Өзінің жеке мақсат-мүдделері қоғам игілігімен үндесіп, елінің дамуына елеулі үлес қосып жатқанын жан-жүрегімен сезінген адам нағыз бақытқа кенеледі. Халқымыздың біртуар перзенті Əлихан Бөкейханов «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген болатын. Ендеше, біз де шынайы патриоттық сезіммен рухтанып, қасиетті тəуелсіздігімізді одан əрі нығайта түсу үшін бірлесе жұмыс істеуіміз керек.
Гүлзира НҰРИҚЫЗЫ.