Қазақстанда мемлекеттік қызмет жүйесін жаңғыртуға бағытталған маңызды реформалардың бірі жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа заңға және мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойды,-деп хабарлайды Алматы облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жаңа заң Қазақстан Республикасының 2024–2029 жылдарға арналған мемлекеттік қызметті дамыту тұжырымдамасын іске асыру аясында әзірленді. Оның басты мақсаты – мемлекеттік қызметтің заманауи моделін қалыптастыру.
Заңда алғаш рет мемлекеттік қызметтің миссиясы, мақсаты және оны өткеру қағидаттары нақты айқындалды. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің кәсіби және этикалық талаптары, олардың лауазымдық міндеттері жүйеленіп бекітілген.
Құжаттың маңызды бағыттарының бірі – клиентке бағдарланған мемлекеттік қызмет моделін енгізу. Ендігі жерде мемлекеттік қызметшілер халыққа қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге, азаматтардың сұранысына жедел әрі тиімді жауап беруге басымдық береді. Бұл мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығын арттырып, қоғамның мемлекетке деген сенімін нығайтуға ықпал етеді.
«Заңда мемлекеттік қызметшілердің адалдығы мен әдептілігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінген. Осы мақсатта «мінсіз бедел» институты енгізіледі. Бұл бастама мемлекеттік қызмет жүйесінде жоғары моральдық-этикалық стандарттарды қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болып саналады»,-дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департамент басшысы Нұрсұлтан Сейдалиев.
Мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыру мақсатында жас әрі талантты мамандарды даярлау институты енгізілмек. Бұл жүйе мемлекеттік функцияларды тиімді орындауға қажетті құзыреттерді қалыптастыруға арналған білім беру бағдарламаларын қамтиды.
Департамент басшысының айтуынша, жаңа заңдағы негізіг өзгеріс мемлекеттік қызметке іріктеудің толық цифрлық форматқа көшуі. Кандидаттарды қабылдау мен іріктеу «Е-қызмет» интеграцияланған ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Бұл конкурс рәсімдерінің ашықтығын арттырып, адами фактордың әсерін азайтуға мүмкіндік береді.
«Заңда «Б» корпусының мемлекеттік қызметшілері үшін көлденең мансаптық ілгерілету механизмі де қарастырылған. Яғни бір лауазым аясында кәсіби деңгейіне қарай қызметкердің лауазымдық деңгейі мен жалақысы өсіп отырады»,-дейді спикер.
Айтуынша, бұл тәжірибелі мамандарды ынталандырып, мемлекеттік аппараттағы институционалдық жадты сақтауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ тәртіптік жауапкершілік мәселелері де жаңаша қарастырылған. Заңда тәртіптік жазалардың мерзімі олардың ауырлығына қарай сараланып, жауапкершілікті жеңілдететін немесе ауырлататын жағдайларды ескеру тетіктері нақтыланған.
Жалпы алғанда, жаңа заң мемлекеттік қызмет жүйесін халықаралық талаптарға сай жетілдіруге бағытталған кешенді құжат болып табылады. Ол мемлекеттік аппараттың ашықтығын, тиімділігін және кәсібилігін арттыруға, сондай-ақ азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін күшейтуге негіз болады.



