Ұлылықтың өлшемі – атақ пен дәрежеде емес, соңына қалдырған өшпес ізі мен халық игілігіне айналған өлшеусіз мұрасында болса керек. Саналы ғұмырын құрғақ теорияның құрсауында қалдырмай, ғылымның күрделі заңдылықтарын дала төсінде нақты іспен дәлелдеген сондай бірегей тұлғалардың бірі – қазақ аграрлық ғылымының абызы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор – Төлеухан Садықұлов.
Оның есімі отандық зоотехния мен селекция тарихында алтын әріптермен өрнектелген. Әсіресе, әлемдік ғылым мойындаған, ұлттық брендімізге айналған «Дегерес» қой тұқымын дүниеге әкелуі – тек қазақ ғылымының ғана емес, бүкіл отандық селекция мектебінің тарихи жеңісі, жасампаздық салтанаты еді.
Жуырда аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Аян Нұрпейісов және тілші Тұрсынжан Тоқтасынов үшеуміз Алматы қаласына арнайы барып, ғалыммен жүздесіп, көкейде жүрген көптеген сауалдарға жауап алған едік. Сол бір тағылымды сұхбат барысында қазақ мал шаруашылығы ғылымының кешегісі мен бүгіні, ұлттық селекцияның қиын да қызықты тағдыры, «Дегерес» қойының жаратылыс тарихы мен ғылымның қатпарлы ізденістері жайлы кеңінен әңгіме өрбіді.
Академиктің терең пайымы, ғылымға деген кіршіксіз адалдығы мен ел болашағына деген перзенттік жанашырлығы біздің жүрегімізге ерекше әсер қалдырды, тұлғаның асқақ болмысын жаңа қырынан танытты.
Төлеухан Садықұловтың балалық шағы қазақ даласының күрделі, сонымен бірге жасампаздыққа толы дәуірімен тұспа-тұс келді. Ол жастайынан сайын даланың еркін тынысын бойына сіңіріп, ата-бабамыздың мал өсірудегі ғасырлар бойы қалыптасқан ерекше тәжірибесін көріп, түйсініп өсті. Осы бір табиғи тәрбие мен дала мектебі оның өмірлік ұстанымын айқындап, болашақ мамандығын таңдауына тікелей ықпал етті.
Ол мал шаруашылығын жай ғана кәсіп немесе күнкөріс көзі емес, қазақ халқының болмысы мен тіршілігінің, мәдениеті мен рухының алтын арқауы, темірқазығы деп түсінді.
Білімге деген шексіз құштарлық жас ізденушіні сол кезеңдегі еліміздің маңдайалды қара шаңырақтарының бірі – Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына алып келді. Бүгінде Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті деп аталатын бұл киелі білім ордасында ол отандық аграрлық ғылымның негізін қалаған ұлы ұстаздардан тәлім алды.
Студенттік шағынан-ақ ғылыми зерттеулердің бел ортасында жүріп, зоотехникалық есептеулер мен селекциялық жұмыстарға ерекше зейін қойды. Оқу орнын үздік тамамдаған сәттен бастап оның бүкіл тағдыры ғылыммен және асыл тұқымды мал шаруашылығымен мәңгілікке байланысып кетті.
Ол ғылыми қызметкерліктен бастап, аспирантура мен докторантураның барлық баспалдақтарынан өтіп, қазақ селекция ғылымының ірі діңгегіне айналды.
Өткен ғасырдың 70–80 жылдары Қазақстанның әр аймағындағы тәжірибелік шаруашылықтар мен мал зауыттарын үздіксіз аралаған ғалым селекцияның практикалық негіздерін өз қолымен қалады. Оның басты мақсаты – кабинет тыныштығында туатын құрғақ теория емес, өндіріске нақты өнім, елге нақты пайда әкелетін тірі ғылым жасау еді.
Алматы облысының кең даласында өткізген ғылыми экспедициялары бүгінде бір-бір тарихи шежіреге айналған. Қыстың қақаған аязы мен жаздың аптап ыстығына қарамастан, мыңдаған қойдың дене бітімін микроскопиялық дәлдікпен зерттеп, олардың генетикалық ерекшеліктерін саралау адам айтқысыз қажыр-қайрат пен болаттай төзімділікті талап ететін.
Алайда Төлеухан Садықұлы ғылымға деген махаббатының арқасында барлық бейнетті зейнетке айналдыра білді. Оның зерттеу нәтижелері Мәскеу мен Ленинград секілді ірі ғылыми орталықтарда жоғары бағаланып, қазақ селекция мектебінің беделін халықаралық деңгейге асқақтатты.
Ғалымның ғылымдағы ең биік шыңы – «Дегерес» құйрықты, жартылай биязы жүнді қой тұқымын шығаруы болды. Бұл жаңалық сол кезеңдегі зоотехния ғылымындағы қалыптасқан қасаң түсініктерге үлкен төңкеріс пен серпіліс әкелді.
Қазақстанның кең байтақ даласы шөлейтті және таулы аймақтардан тұратындықтан, малдан ең алдымен ерекше төзімділік талап етіледі. Қазақы құйрықты қойлар табиғаттың қандай қатал мінезіне де шыдамды болғанымен, олардың жүні қылшық әрі тұрпайы болатын. Ал еуропалық биязы жүнді қойлар сапалы жүн бергенімен, арқаның аязы мен даланың желіне шыдас бермейтін.
Осы тұста ғылым алдында жергілікті қойлардың төзімділігін сақтай отырып, оның бойына сапалы жүн мен жоғары ет өнімділігін қалай біріктіруге болады деген күрделі сұрақ тұрды.
Т. Садықұлов осы жұмбақты шешу үшін Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Дегерес өңірінде ұзақ жылдарға созылған ғылыми марафонын бастады. Ол жергілікті құйрықты саулықтарды Англияның атақты «Шропшир» және «Гемпшир» тұқымдарымен будандастыруға кірісті.
Күрделі будандастыру жұмыстарынан кейін алынған төлдердің ішінен етті-майлы қасиеті жоғары әрі жартылай биязы жүнді малдар мұқият сұрыпталды. Көптеген ұрпақ бойы «өзінен-өзі өсіру» әдісі арқылы жаңа генетикалық топ тұрақтандырылып, жеке тұқым ретінде бекітілді.
Ол кезеңде әлемдік зоотехнияда «құйрықты қойдың бойында жартылай биязы жүн болуы мүмкін емес» деген қатып қалған қағида бар еді. Себебі май алмасу мен жүн құрылымының қалыптасуы бір-біріне генетикалық тұрғыдан қарама-қайшы саналатын.
Алайда қазақ ғалымы көпжылдық еңбегімен бұл теорияны тас-талқан етіп, құйрық майы мен жартылай биязы жүннің бір организмде үйлесімді дамуының биохимиялық механизмдерін ғылыми тұрғыдан дәлелдеп берді.
Осылайша, 1980 жылы «Дегерес» қойы ресми түрде дербес тұқым ретінде мемлекеттік апробациядан өтіп, әлемдік ғылымда жаңа белес бағындырылды.
Дегерес қойы – биязы жүнді, құйрықты қой тұқымы. Ол 1930–1980 жылдар аралығында Алматы облысында жергілікті қылшық жүнді, құйрықты қой саулығын «Шропшир» қошқарымен күрделі зауыттық будандастыру арқылы шығарылған. Жаңа тұқым ретінде 1980 жылы бекітілген екен.
Дене бітімі шымыр, сүйегі берік, кеудесі кең, құйрығы орташа. Жыл бойы жайылымда бағуға бейімделген, ұзақ жүруге төзімді. Қошқары тірідей 100–110 кг, саулығы 58–63 кг салмақ тартады. Қошқардан 6–7 кг, саулықтан 3–3,5 кг жүн қырқылады. Жүн талшығының ұзындығы 9–16 см.
Енесінен бөлген кезде қозылары 35–45 кг салмақ тартады. Сойыс салмағы 16–19 кг, сойыс шығымы 49–51%. Таза жүн түсімі 58–65%.
Дегерес қойы Қазақстан мен Орталық Азияда (Түрікменстанда, Өзбекстанда, Қырғызстанда, Моңғолияда) өсірілетін жергілікті қылшық жүнді қойларды асылдандыруға, олардың жүн өнімділігі мен оның сапасын арттыруға кеңінен пайдаланылады.
Бүгінгі таңда Дегерес қойы Алматы облысындағы Балқаш ауданының «Күнгей» және Жамбыл ауданының «Мәди» шаруа қожалықтарында өсіріледі.
Тұлғаның ізденімпаздығы мұнымен де шектелген жоқ. 2002 жылы академик Төлеухан Садықұловтың жетекшілігімен және Оңтүстік Африка Республикасының профессоры Барридің қатысуымен ерекше халықаралық ғылыми жоба жүзеге асты.
«Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Дегерес» қойының эмбриондары ғарыш кеңістігіне аттандырылып, олардың тысқары ортадағы өміршеңдігі зерттелді. Қазақстан, Ресей, АҚШ, Италия және ОАР ғалымдары қатысқан бұл бірегей жоба қазақ аграрлық ғылымының халықаралық аренадағы айбынын асырды.
Ол дегерес, сарыарқа және еділбай секілді етті-құйрықты, қылшық жүнді қой тұқымдарының генетикалық әлеуетін жетілдіруге бағытталған бірнеше ірі мемлекеттік бағдарламаларға жетекшілік етті.
Ғалымның артында қалған мұрасы ұшан-теңіз. Оның жетекшілігімен 16 кандидаттық, 7 докторлық диссертация қорғалса, өзі 200-ден астам ғылыми мақаланың, 1 монография мен 3 оқулықтың, сондай-ақ 8 патент пен 1 авторлық куәліктің авторы атанды.
Академиктің ерен еңбегі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланды. 2019 жылы Ел Президентінің Жарлығымен Төлеухан Садықұлы Садықұловқа және оның ғылыми тобына әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлық табысталды.
Сондай-ақ ол «Құрмет» орденімен марапатталып, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» деген асқақ атаққа ие болды. Ол ТМД, Еуропа, Қытай мен Моңғолия мінберлерінде қазақ селекциясының жетістіктерін асқан мақтанышпен танытып, халықаралық қоғамдастықтың жоғары бағасын алды.
Десе де, Төлеухан Садықұловтың өміріндегі ең маңызды миссиясы – өзінен кейінгі берік ғылыми мектепті қалыптастыру және шәкірт тәрбиелеу болды. Ұзақ жылдар бойы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде «Мал өсіру және селекция» кафедрасын басқарып, мыңдаған жастың қанатын қатайтты.
Ұстаздың шәкірт тәрбиелеудегі басты қағидасы – ғылымның халыққа, ұлтқа қызмет етуі еді. «Ғылым – атақ үшін емес, ел игілігі үшін жасалуы керек» деген асыл ұстаным оның бүкіл өмір жолының темірқазығы болды.
Сонымен қатар, ол қазақ тіліндегі аграрлық ғылыми терминологияның негізін қалап, «Қой шаруашылығы» секілді іргелі оқулықтар жазып қалдырды.
Академиктің өмір жолы – ғылымға деген кіршіксіз адалдықтың, ұлтқа деген шексіз қызметтің және ерен еңбекқорлықтың жарқын үлгісі. Ол қазақтың байырғы мал шаруашылығы мәдениетін заманауи генетика ғылымымен шебер ұштастыра білген дала дарабозы.
Оның есімі қазақ ғылымының аспанында мәңгілік жарық жұлдыз болып жана бермек, ал ол негізін қалаған ғылыми мектеп пен асыл тұқымды «Дегерес» қойы еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі мен экономикалық қуатын арттыруға әлі талай ғасыр қызмет ететіні сөзсіз.
Әйгерім ӘБУ



