Среда, 27 ноября, 2024
Басты бетДін және қоғамДіни сауатсыздық – діни экстремизм бастауы

Діни сауатсыздық – діни экстремизм бастауы

Жалпы діни экстремизмнің негізгі тамыры – бұл сауатсыздық. Діни сауатсыздық дінді түсінбеуге, ал дінді дұрыс түсінбеу адасушылық пен қате-кемшіліктерге алып келетіні айдан анық. Осы орайда, дiни экстремизммен күресте ең маңызды қадам бұл дiни сауаттылықты арттыру екендiгi даусыз. Дiни сауатты болу үшiн белгiлi бiр дiни оқу орнын бiтiру шарт емес. Ол ұлттық тарихты білу, дәстүрімізді зерттеу және әлемдiк деңгейдегi үрдiстерден хабардар болудан тұрады. Яғни, өз Отанын сүю мен дәстүрiн ұстану, тарихын қастерлеу – дiни сауаттылықтың бiр қыры. Өйткенi, қазақ тарихына үңiлген кез келген адам қазақ халқында өзге елдi жаулау, өзге ұлт пен дiндi кемсiту секiлдi көрiнiстердiң орын алмағандығын көре алар едi.

         Қазіргі замандағы адамдардың ең әлсіз тұсы – білімсіздік пен ғылым үйренуге деген құлшыныстың жоқтығы. Дін дегеніміз осы екен деп көсемдерінің сөзіне иланған жастардың ақ-қарасын ажыратып жатпастан, соқыр сеніммен адасуларының бір ұшы осы білімсіздікте жатыр. «Өзің білме, білгеннің тілін алма» деген сөзді қазақ халқы қарғыстың ең ауыры деп те жатады. Сол бір сауатсыздықтың арқасында қазіргі таңда ғаламтор желісі арқылы да, өздерінің түйсігі қатаймаған жасөспірімдерді жат ағымның жолына оңай бұрмалап алуда.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты кітабында: «Біз бұқара санасындағы діншілдіктің артуына әзір болуымыз керек, онда тұрған қатерлі ештеңе жоқ. Жалпы дін өздігінен өнегелі ақиқаттан бөтен ештеңе үйретпейді. Жалғыз-ақ, бізге қауіп төндіретіні діни біліміміздің деңгейі онша жоғары болмай отырғаны»,– дейді. Ең алдымен экстремистік және террористік ұйымдар ғаламторды желі қолданушыларының әлі қалыптасып үлгермеген санасына тез ықпал ету үшін қолданады. Яғни, олардың негізгі нысанасы әлеуметтік жағдайы мен дүниеге деген көзқарасы толық қалыптаспаған жастар екендігі айқын. Әсіресе жастар ғаламторға қатты сенім артып, барлық мәліметтерді ғаламтордан таба алатынына күмән келтірмейді, олардың үлкен қатерлерге апарып соқтыратын зияндылығын ескерусіз қалдырып жатады. Мысалы, деструктивті діни ағымның жeтегінде кеткендердің 88% пайызына осы әлеуметтік желі әсер еткені белгілі. Әлбетте ғаламторды қолданбаңыздар деуден аулақпыз, алайда ғаламтордан ақ пен қараны ажырата алатындай білім ізденгеніміз дұрыс деп ойлаймын.

«Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» демекші, қазіргі таңда діни білім алу үшін шет ел асып оқудың да қажеті жоқ. Сапалы діни білім алуда Қазақстанның да мүмкіндігі жоғары екенін білуіміз керек. Бүгінде   Елбасы Н.Назарбаевтың тікелей ықпал етуімен Алматыда «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университеті ашылды. Сонымен қатар, діни білім беретін исламдық бағыттағы 6 медресе, 3 медресе-колледж деңгейіндегі арнайы орта білім беру орындары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті және Қ.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеттері «дінтану», «исламтану», «теология» мамандықтары бойынша кадрлар даярлауда.

Қорыта келгенде «білім – бақтың жібермейтін қазығы, білімсіз бақ – әлдекімнің азығы» демекші, әр  біріміз сауатты болу үшін білім алуға міндеттіміз. Зайырлы біліммен қатар діни білім алу да маңызды. Әр адам жан-жақты болуға талпынса, көштен қалмасы анық. Қазіргі бой салыстыратын емес ой салыстыратын заманда, дамыған елдермен тереземіз тең болуы үшін білімді де, сауатты болуға ұмтылайық!

Айбар ЕРАСЫЛ,

«Діни экстремизм құрбандары мен деструктивті

ағым ұстанушыларын оңалту орталығының» бөлім бастығы

 

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments