Четверг, 16 июля, 2026
Басты бетЖаңалықтарҚұқық бұзушылықтың алдын алу – жүйелі жұмыстың нәтижесі

Құқық бұзушылықтың алдын алу – жүйелі жұмыстың нәтижесі

 

Қоғамның тұрақтылығы мен елдің жарқын болашағы – өскелең ұрпақтың қауіпсіздігіне, құқықтарының қорғалуына және сапалы тәрбиесіне тікелей байланысты. Осыған орай Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Іле ауданында балалардың құқықтарын қорғау, құқық бұзушылықтың алдын алу және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Іле ауданы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия өз қызметін мемлекеттік органдармен, білім беру ұйымдарымен, құқық қорғау органдарымен және қоғамдық институттармен бірлесіп жүзеге асырады. Комиссия қызметінің басты мақсаты – әрбір баланың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау, қараусыздық пен панасыздықтың, құқық бұзушылықтың және балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу.

2025–2026 оқу жылында ауданның 43 жалпы білім беретін мектебінде 62 105 оқушы білім алуда. Олардың ішінде 22 156 оқушы көпбалалы, 2 070 оқушы аз қамтылған, 3 507 оқушы ата-анасы ажырасқан, 2 016 оқушы толық емес отбасылардан шыққан. Бұл санаттағы балалар тұрақты бақылауға алынып, әлеуметтік, психологиялық және құқықтық қолдау шараларымен қамтылуда.

Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру – құқық бұзушылықтың алдын алудың маңызды тетіктерінің бірі. Бүгінде аудан мектептерінде 820 үйірме мен спорт секциясы жұмыс істейді. Оларға 41 234 оқушы қатысады. Сонымен қатар 85 директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, 83 педагог-психолог, 87 әлеуметтік педагог және 2 836 сынып жетекшісі оқушылармен және олардың ата-аналарымен тұрақты профилактикалық жұмыстар жүргізуде.

2026 жылдың басынан бері комиссияның 14 отырысы өткізіліп, 47 материал қаралды. Қаралған мәселелер бойынша 12 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 6 отбасы әлеуметтік сүйемелдеуге жіберілді, 5 бала Балаларды бейімдеу орталығына орналастырылды, 2 кәмелетке толмаған арнайы білім беру ұйымына жолданды, сондай-ақ 2 ата-ананы ата-ана құқықтарынан айыру туралы материалдар сотқа жіберілді.

Қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде 2026 жылы аудан бойынша жасөспірімдердің қатысуымен қылмыс тіркелген жоқ, ал ювеналды полицияның есебінде тұрған кәмелетке толмағандар жоқ. Бұл құқық қорғау органдарының, білім беру ұйымдарының, ата-аналардың және комиссияның өзара үйлесімді жұмысының нақты нәтижесі.

Дегенмен, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың, буллингтің, интернет кеңістігіндегі қауіптердің және суицидтің алдын алу бағытындағы жұмыстар әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Сондықтан комиссия бұл бағыттағы профилактикалық жұмыстарды одан әрі күшейтіп, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, ата-аналардың жауапкершілігін арттыруға және балалар үшін қауіпсіз орта құруға басымдық беруді жалғастырады.

Баланың құқығын қорғау – мемлекеттің ғана емес, әрбір ата-ананың, педагогтің және бүкіл қоғамның ортақ міндеті. «Заң мен тәртіп» қағидатын берік ұстана отырып, біз балалардың қауіпсіз әрі бақытты болашағына бірге жол ашамыз.

Іле ауданы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments