Қазақстанда коммуналдық және энергетикалық секторларды жаңғыртуға бағытталған ұлттық жобаны іске асыру кезінде отандық кәсіпорындарды қолдау мен жергілікті өндіріс орындарының әлеуетін толық пайдалану негізгі басымдықтардың бірі болмақ.
Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов айтып, мемлекеттік инвестициялар ең алдымен ұлттық экономиканың дамуына қызмет етуі тиіс екенін атап өтті.
Үкімет басшысының айтуынша, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру барысында қазақстандық кәсіпорындардың өнімдеріне басымдық беру маңызды.
– Ұлттық жобаны іске асырудағы ең басты мәселелердің бірі – отандық тауар өндірушілерді қолдау, – деді Олжас Бектенов.
Осы мақсатта Премьер-Министр жауапты мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар жүктеді.
Атап айтқанда, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне Ұлттық жобада ең көп сұранысқа ие сәулет-құрылыс және қала құрылысы каталогының мамандандырылған кодтарымен Тауар өндірушілер тізілімін қысқа мерзімде толықтыру тапсырылды. Бұл құрылыс және жөндеу жұмыстарына қажетті қазақстандық өнімдерді тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жаз мезгілінің соңына дейін мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп жаңа өндіріс орындарын іске қосу және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың қуатын кеңейту үшін ұзақ мерзімді кепілдендірілген келісімшарттарды (офтейк-келісімшарттарды) жасау жұмыстарын жеделдету міндеті қойылды.
Премьер-Министр Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне барлық процестерді ерекше бақылауға алып, елімізде сапалы баламасы өндірілетін жағдайда шетелдік өнімдерді сатып алуға жол бермеуді тапсырды.
Мемлекет басшысы айқындаған экономиканы әртараптандыру және отандық өндірісті дамыту бағыты аясында қолға алынған бұл шаралар қазақстандық кәсіпорындардың тапсырыспен қамтылуына, өндіріс көлемінің артуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және ұлттық экономиканың тұрақты дамуына серпін береді деп күтілуде.


