Жамбыл ауданына қарасты Үмбетәлі ауылында өткен кездесуде ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты өзекті мәселелер қарастырылды. Жиынға ауыл тұрғындары мен салаға қатысты мамандар қатысып, өндіріс пен өткізу тетіктері кеңінен сөз болды.
Кездесу барысында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, қайта өңдеу және дайын өнімді делдалсыз өткізу жолдары талқыланды. Әсіресе, шағын шаруашылықтардың мүмкіндігін арттыруға бағытталған кооперация мәселесіне ерекше назар аударылды.
Мамандардың айтуынша, шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіру техника мен құрал-жабдықтарды бірлесіп пайдалануға, қаржы ресурстарына қол жеткізуге және өнім сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мұндай бірлестіктер қайта өңдеу нысандарын ашуға жол ашады.
Кооперативтік жүйе арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерін тікелей сауда желілеріне жеткізу мүмкіндігі артып, делдалдарға тәуелділік төмендейді. Бұл өз кезегінде өндірушілердің табысын арттыруға ықпал етеді.
Сондай-ақ жиында сүт және ет өнімдерін қайта өңдеу деңгейін арттыру мәселесі қозғалды. Қайта өңдеу кәсіпорындарын ашу және қолданыстағыларын жаңғырту ауыл шаруашылығы өнімдерінің қосылған құнын арттыруға мүмкіндік береді.
Кездесу соңында ауыл тұрғындары өз ұсыныстарын білдіріп, шаруашылықты дамыту бағытындағы пікірлерімен бөлісті.


