Суббота, 23 ноября, 2024
Басты бетЖамбыл-175 жылОның жыры теңіз түбінде жатқан маржан тәрізді

Оның жыры теңіз түбінде жатқан маржан тәрізді

Жамбыл Жабаев өзінің ғасырға жуық ғұмырында тау мен даланы жырлады. Поэзия əлеміндегі туған халқының мақтанышы, əлемдік деңгейдегі жыр алыбына айналды. Оның ақыл-ойға, парасатқа, терең тарихқа, мөлдір сырға, нəзік сезімге, бай образға толы поэзиясы өлеңге құштар, өнерсүйер əрбір жанды сүйсінтті. Жамбыл бабамыз – есімі қазақ əдебиетінде алтын əріптермен қалған ғажайып құбылыс! Алып та биік, айдынды да айбынды жыр жампозы!

 Ұлы Отан соғысы кезінде Жамбыл өлеңдері майдан даласын шарлап, жауынгерлерді ерлікке, ел қорғауға шақырды. Ақынның соғыс жылдары толғаған өлеңдері неміс басқыншыларына қарсы күресте жауынгерлерге қуатты рух беретін идеялық қаруға айналды. Оның жырлары майданда партизан отрядтарында ауыздан ауызға көшіп, басылым беттерінде басылып, əскердегі саяси жұмыстарға пайдаланылды. Осыдан-ақ Жамбыл жырларының қоғам үшін тəрбиелік мəнінің қаншалықты зор болғанын аңғарамыз.

Неміс алған жерлерде,

Қалды қандай қалалар.

 Шырылдаған бала бар,

Зар жылаған ана бар.

Еңсесін жау басқан соң,

 Елде қандай баға бар?! – деп жырлай келіп, ана мен баланың тағдырына ешкім бейжай қарай алмайтынын, Отан-Ананың тағдыры бəріміздің ортақ тағдырымыз екенін айтып, жастарды Отанды сүюге, бір жұдырықтай жұмылып оны жаудан қорғауға үндесе, ал майданға аттанғалы тұрған өрендерге арнап «Ата жаумен айқастық», «Өлім мен өмір белдесті» деген ұзақ толғауын жырлады. Жамбыл Отанды қорғап қалуға шақырған «Отанды сүй», «Біздің Отанның қырандары», «Москва менің қамалым», «Жаһанда жоқ теңіміз» сияқты т.б. патриоттық өлеңдер шығарды. Оның Ұлы Отан соғысы жылдарындағы шығармалары публицистикалық өткірлігімен, ой көркемдігінің өрнектілігімен құнды. Ұлы Отан соғысының төрт жылында Жамбыл үш мың жолдан астам жыр толғады.

Ж.Жабаевтың патриоттық сезімнің өміршеңдігін дəлелдеген, тəрбиелік мəні зор шығармалары болашақ ұрпақтың Отанын, туған жерін сүйетін азамат болып қалыптасуына жол сілтеді, бағыт-бағдар берді.

Жамбылдың патриоттық сезімге толы арнау, шақыру, үгіт өлеңдерінің майдандағы жауынгерлерге де, тыл еңбеккерлеріне де əсері мол болды. Ол халықтың жігерін жанып, намысын қайрады, барлық күш-жігерді жауды жеңу үшін жұмылдыру керектігіне сендірді. Қарт жыраудың аузынан шыққан жалынды жырлары дереу газет, радио арқылы қалың елге тарап, майдан даласына да жетіп жатты. Жамбыл майданға аттанған жауынгерлерге «жеңіспен оралыңдар, тойбастарды өзім айтам» дейді екен.

«ХХ ғасырдың Гомері» атанған Жамбыл поэзиясы қазақтың ғана емес, түркі тектес халықтардың ақындарына да үлгі-өнеге болып қалады. «Жамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржан сықылды, оны жинап алып, халқының қолына беру біздің əрқайсымыздың азаматтық борышымыз» деп жыр сұңқары Сəкен Сейфуллин айтқандай, біздің жас ұрпаққа Жамбылдың жырлары патриоттық болмысы жағынан үлкен тəрбие. Расында, оның теңіздің түбінде шашылып жатқан маржан сықылды жырларын жинап алып, кəдеге жарату енді əрқайсымыздың азаматтық борышымыз.

 Аля ЯКУБОВА,

Əсет Бейсеуов атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен əдебиеті пəні мұғалімі.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments