🟦Мемлекет басшысы қонақжайлық танытып, жиынды жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровқа және барша қырғыз халқына ризашылығын білдірді.
– Кездесуіміз бізге туыс елдер – Қырғызстан мен Өзбекстан тәуелсіздігінің 35 жылдығын мерекелеу күндерімен тұспа-тұс өтіп жатыр. Мұның символдық мәні зор. Орайлы сәтті пайдаланып, әріптестерім – құрметті Садыр Нургожоевич Жапаров пен қадірлі Шавкат Миромонович Мирзиёевті осы маңызды әрі тарихи күнмен құттықтаймын. Бауырлас халықтарға бақ-береке тілеймін! – деді Қазақстан Президенті.
🟦Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, ширек ғасырда Шанхай ынтымақтастық ұйымы «Шанхай бестігінен» бастап Еуразияның үлкен бөлігін қамтитын және адамзаттың жартысына жуығын біріктіретін ірі халықаралық ұйымға айналды.
– ШЫҰ – әртүрлі, бірақ рухы бір елдердің бірегей бірлестігі ретінде ішкі мәселеге араласпау, егемендікті құрметтеу, өзара сенім, ашықтық пен ынтымақтастық қағидаттарын іс жүзінде жүзеге асырып келеді. Бүгінде ол шын мәнінде табысты, ықпалды әрі сұранысқа ие халықаралық құрылымға айналды. Әйтсе де біздің Ұйым құрылған сәттен бері әлем айтарлықтай өзгерді. Көз алдымызда халықаралық қатынастардың жаңа жүйесі қалыптасып жатыр. Бірігуден гөрі жікке бөліну, ынтымақтастық ниетінен гөрі геосаяси бақталастық басым түсіп, мүдделер теңгерімін іздеудің орнына араздық өршіп барады. Өзара сенімге селкеу түсті. Онсыз ең мықты халықаралық институттардың өзі бірте-бірте сын-қатерлерге төтеп беру қабілетінен айырылады. Осы орайда, біздің Ұйымның маңызы арта түседі. ШЫҰ әскери-саяси блок логикасынан тыс әрекет етеді әрі оның қызметі қандай да бір мемлекетке қарсы бағытталмаған. Ұйым мүлдем басқа саяси философияға, яғни түпкі өзегінде прогресс жолындағы ортақ бастамалар идеясы жатқан «Шанхай рухына» сүйенеді. Біздің басты мақсатымыз – қуатты әрі өркендеген ШЫҰ қоғамдастығын құру, – деді Мемлекет басшысы.


