Өсер елдің қай сəтте де бірлік болмақ қалауы,
Лаула, лаула, желтоқсанның мұзға жаққан алауы.
Өздеріңдей өр намысты жас өркені бар елдің
Ешқашанда еңкеюге тиісті емес жалауы! – деп ақын жырлағандай, желтоқсанның мұзға жаққан алауы 1991 жылы 16 желтоқсанда тəуелсіздік таңын атырды. Еліміз «Қазақстан» деген атпен бүкіл əлемге тəуелсіз мемлекет болып жарияланды. Міне, содан бастап 16 желтоқсан – ел тəуелсіздігіне қолымыз жеткен күн. Бұл күн – біз үшін зор мереке. Халқымыздың бостандыққа ұмтылысының жəне өшпес қайсар рухының арқасында Қазақстан дербестікке жетті.
Биыл соқтықпалы, соқпақты жолмен келген тəуелсіздікке 30 жыл толып отыр. Тəуелсіздік – ұлттың тілі мен ділі, салт-сананың мызғымас тірегі, күші, алтын діңгегі, халықтың бақ жұлдызы. Бұл бірліктің, ынтымақтың жəне татулықтың мерекесі. Осындай тұғыры биік елде білім алып, өсіп-өніп келе жатқанымды мақтан тұтамын.
Қазақстан – ұлан-байтақ жері бар тəуелсіз мемлекет. Өзіміздің желбіреген көк Туымыз, асқақ Елтаңбамыз, əуезді Əнұранымыз бар. Қазақстанда сан түрлі ұлт өкілдері тату-тəтті өмір сүруде. Ел тəуелсіздігінің алғашқы жылдарынан бастап Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев экономикамен бірге білім жəне ғылым саласын дамытуға айрықша көңіл бөлді. Қазір еліміздің білім жүйесі жаңа заманға лайық əрі халықаралық стандартқа сай жетіліп келеді. Оның отандық үлгісі қалыптасуда. Осы ретте ел басшылығының инновациялық ой-тұжырымдары мен тікелей қамқорлығының маңызы зор болғанын атап өткен жөн.
Мен Елбасымызды Ұлт Көшбасшысы ретінде құрметтеймін. Отыз жыл ішінде Қазақстан халқы оның басшылығымен талай қиыншылықты еңсеріп, тəуелсіз, демократиялық, өркендеген, бай əрі қуатты Қазақстан Республикасын құра білді. Алдағы уақытта да Қазақстан сарабдал саяси бағытты ұстанып, жаңа табыстарға жететініне, сондайақ қарқынды дамитынына сенімдімін.
Осындай тұғыры биік тəуелсіз елде өмір сүру не деген зор бақыт. Сондықтан өз елімнің тұғыры əрқашан биік тұруына менің де атсалысқым келеді. Тəуелсіз елдің тəуелсіз ұрпақтары көбейе берсін.
Кəусар ЛЕСКЕНҚЫЗЫ