Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына шет мемлекеттер басшылары мен халықаралық ұйымдар жетекшілерінен ұлттық мереке – Республика күніне байланысты құттықтаулар келіп түсіп жатыр.
🇷🇺Ресей Президенті Владимир Путин жеделхатта Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік салаларда қол жеткізген табыстарына тоқталып, еліміздің халықаралық қарым-қатынаста салмақты әрі сындарлы рөл атқаратынын, сондай-ақ әлемде абырой-беделі биік екенін атап өткен.
– Ресей мен Қазақстан арасындағы байланыстар стратегиялық серіктестік пен одақтастық рухында жемісті ілгерілеп келеді. Барлық бағыттағы өзара тиімді ынтымақтастығымызды достас халықтарымыздың игілігі үшін, сондай-ақ Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту жолында дәйекті түрде тереңдете береміз деп сенемін, – деп жазды Владимир Путин.
🇨🇳Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанда ауқымды саяси реформалар іске асырылғанын атап өтіп, қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономикалық өсімнің орнықтылығын сақтау, халықтың әл-ауқатын көтеру, елдің өңірлік және халықаралық позициясын нығайту бағытында қарқынды жұмыс жүргізіліп жатқанына назар аударған.
– Қазақ-қытай қарым-қатынасын ілгерілетуге ерекше мән беремін. Екіжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мақсатында бірлесе күш жұмылдыруға, сондай-ақ халықтарымыздың игілігі үшін ықпалдастық мазмұнын байытуға әзірмін, – деді Си Цзиньпин.
🇺🇸Бұған дейін Мемлекет басшысының атына құттықтау хатын АҚШ Президенті Дональд Трамп та жолдаған болатын.
– Мемлекеттеріміз арасындағы Кеңейтілген стратегиялық серіктестікті жоғары бағалаймын және мен президенттік лауазымды атқарған екі мерзімде қалыптасқан берік байланысты одан әрі нығайтамыз деп сенемін. Осы қуанышты сәтті сіздермен бөлісу – мен үшін зор мәртебе, – деп жазған Дональд Трамп.
🇺🇿Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев кейінгі жылдары екі ел басшыларының бірлескен ерік-жігерінің арқасында Қазақстан мен Өзбекстан арасында орнаған стратегиялық серіктестікке және одақтастық қарым-қатынасқа көңілі толатынын жеткізген. Бұл тату көршілік пен тығыз достық қағидаттарына негізделген байланыстарымыздың соны сипатқа ие болғанын көрсетеді.
🇰🇬Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров 1990 жылы 25 қазанда Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылдануы Қазақстанның тәуелсіздігіне жол ашқанын, сондай-ақ елдің тарихи мұраға адалдығын және халықтың дербес ел болашағының іргесін қалау жөнінде батыл шешім қабылдағанын паш еткенін атап өткен.
🇹🇯Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон Қазақстанмен арадағы тарихи дәстүрді, өзара құрметті және сенімді арқау еткен достық қарым-қатынас пен ынтымақтастықты жоғары бағалайтынын жазған.
🇹🇲Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов құттықтауында Қазақстан егемендік жылдарында мемлекеттілікті нығайтуда, халықтың әл-ауқатын жақсартуда және елдің халықаралық аренадағы беделін арттыруда айтарлықтай табысқа жеткеніне назар аударған.
t.me/aqorda_resmi



