Күні кеше ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына өзінің кезекті әрі салмақты Жолдауын арнады. Қазақстан халқы әрбір Жолдаудан көкейлерінде жүрген ең өзекті, ең түйткілді мәселелердің нақты шешімін күтетіні белгілі. Дамушы елдер қатарындағы халық ретінде әрбір азамат мемлекеттің алдағы жылдарға арналған айқын даму жоспарымен толықтай танысуға асығады. Экран алдында тапжылмай отырып, Жолдаудың әрбір сөзін жіті тыңдап шыққан журналист ретінде айтарым – бұл жолғы баяндама құрғақ уәде де, бұрыннан айтылып жүрген статистикалық есеп те емес. Бұл – қарапайым халықтың күнделікті тұрмысынан туындаған өмірлік сұрақтарға тікелей әрі нақты жауап берген, іс-қимылдың айқын картасын сызып берген өте түсінікті және салмақты құжат болды.
Ең алдымен, кез келген қарапайым азаматты ең бірінші толғандыратын мәселе – отбасылық бюджет пен айлық табыс деңгейі. Осы ретте Жолдауда халықтың қалтасына тікелей оң әсер ететін үлкен шешім қабылданды. Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміздегі Ең төменгі жалақы (ЕТЖ) мөлшері 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін өсетін болды. Бұл – жай ғана цифрлық өзгеріс емес, оның артында жүздеген мың тағдыр тұр. Бұл шешім бюджеттік ұйымдарда еңбекақысы ең төмен болып келген 370 мыңнан астам азаматтың, соның ішінде мектептер мен ауруханалардың тазалық қызметкерлерінің, аспаздарының, көмекші мамандары мен күзетшілерінің, сондай-ақ ел бойынша жалпы 1,8 миллион еңбек адамының табысын тікелей өсіреді. Бұдан бөлек, халықтың денсаулығына жауапты алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесінде жүрген 77 мыңнан астам учаскелік дәрігерлер мен медбикелердің жалақысы үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін өседі. Мұндай қадамдар әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбегін бағалаудың шынайы көрінісі екені анық.
Ел ішін аралағанда халық тарапынан жиі айтылатын келесі үлкен өтініш – заманауи мектептердің, сапалы ауруханалардың, су мен газдың жетіспеушілігі болатын. Жылдар бойы қордаланып қалған бұл инфрақұрылымдық мәселелерді шешу үшін Президент «Халықтық құрылыс» деп аталатын бұрын-соңды болмаған ауқымды бағдарламаны жариялады. Осы мақсатта Ұлттық қордан 2029 жылға дейін 6,5 триллион теңге қарастырылады. Оның ішінде биыл мен 2027 жылдың алғашқы айларында бірінші кезектегі жобаларды бастау үшін 1,5 триллион теңге бөлінеді. Ал, бұл ақша нақты қайда жұмсалмақ? Бөлінген қаржыға өңірлерде 70-ке жуық заманауи перинаталдық орталықтар, балалар ауруханалары, жедел жәрдем станциялары, оңалту орталықтары мен ерекше балаларға арналған спортзалдар салынады. Бұдан бөлек, 50-ге жуық жаңа мектептер мен спорт және мәдениет сарайлары бой көтереді. Ең бастысы – тозығы жеткен жылу электр орталықтары мен су жүйелері күрделі жөндеуден өтіп, ауылдарға газ бен таза ауыз су тартылады. Мұның бәрі қарапайым ауылдағы ағайынның да үйіне жылу мен таза ауызсу кіріп, сапалы медициналық көмекті өз өңірінде алуына жол ашады.
Бүгін еліміз үшін ең қауіпті әрі өзекті болып отырған мәселенің бірі – су тапшылығы мен тоқ тапшылығы екені жасырын емес. Жолдауда бұл екі саладағы мәселеге де нүкте қоятын маңызды шешімдер айтылды. Мемлекет басшысы ауыз суды көлік жуу сияқты мақсаттарға ысырап етуге қатаң тыйым салып, су пайдаланудағы бақылау мен тарифтік реформаны соңына дейін жеткізуді тапсырды. Ал электр энергиясының тапшылығын жою және қыс мезгілінде көрші елдерден қымбат электр энергиясын сатып алу тәуелділігінен құтылу үшін, жалпыұлттық референдум шешіміне сәйкес келесі жылы «Балқаш» АЭС-інің құрылысын бастау жүктелді. Сондай-ақ «Мойынқұм» АЭС-ін салу бойынша да дайындық жұмыстары тездетіледі. Салынған АЭС-терді алдағы 50-100 жыл бойы атом отынымен үздіксіз қамтамасыз ету үшін елімізде уранның алдағы жүз жылға жететін мемлекеттік стратегиялық қорын құру басталмақ. Мұның бәрі – келешекте жарықсыз немесе қуат көзінсіз қалу қаупінің алдын алатын нақты экономикалық әрі стратегиялық қадамдар.
Ауылдағы ағайынды қуантатын тағы бір жайт – агроөнеркәсіп кешеніне заманауи технологиялар мен жаңа қаржыландыру үлгісінің енгізілуі. Бұдан бұлай ауыл шаруашылығы тек шикізат өндіретін сектор болып қалмайды. Ет, сүт, мақта және басқа да өнімдерді ел ішінде терең өңдейтін зауыттар мен кластерлер құрылады. Солтүстік Қазақстан облысында сәтті жүзеге асқан 71 тауар-сүт фермасының тәжірибесі бүкіл республикаға таратылады. Президент белгілі халықаралық инвестор Дженсен Хуангтің ұсынысын қолдай отырып, ауыл шаруашылығына жасанды интеллект элементтерін енгізуді тапсырды. Мұндай заманауи агрохимиялық және сандық технологиялар егістік өнімділігін 2-2,5 есеге көбейтуге мүмкіндік береді. Фермерлер мен шаруа қожалықтарын «Бәйтерек» холдингі арқылы арзан әрі ұзақ мерзімді несиемен қамтамасыз ету жүйеленеді.
Келесі шешуші бағыт – шағын және орта бизнесті қорғау және «Халықтық цифрлық экономиканы» қалыптастыру. Бүгінде шағын және орта бизнес ел экономикасының 40 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Кәсіпкерлерді әбден мезі қылған негізсіз тексерістер мен жоспардан тыс айыппұлдарды тоқтату үшін Мемлекет басшысы 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап шағын бизнесті тексеруге кезекті 3 жылдық мораторий енгізуді ұсынды. Кәсіпкерлерді экономикалық баптар бойынша негізсіз қылмыстық қудалау тоқтатылады. Сонымен қатар, отандық өндірушілерге шетелдік импортты қолдан арзандату арқылы кедергі жасайтын қитұрқылықтар жемқорлық ретінде қатаң жазаланатын болады. Ал қарапайым азаматтар үшін смартфон арқылы ауылда отырып-ақ заңды табыс табуға жол ашатын «Халықтық цифрлық экономика» режимі мен активтерді токендеу жүйесі енгізіледі.
Еліміздің көлік-логистикалық әлеуетіне тоқтала кетсек, Қытайдан Еуропаға өтетін жүктің 85 пайызы Қазақстан арқылы тасымалданады. Осы мүмкіндікті толық пайдалану үшін келесі жылы Қытаймен жүк өткізу қабілетін 20 миллион тоннаға арттыратын «Бақты – Аягөз» теміржолы іске қосылады, ал «Арал – Каспий» күре жолы Транскаспий дәлізін 1 мың шақырымға қысқартады. Еліміздегі республикалық және жергілікті жолдардың 26 пайызын Көлік министрлігі тікелей өз бақылауына алып, жол сапасын арттырады. Әуе тасымалын дамыту мақсатында Арқалық, Зайсан, Катонқарағай, Кендірлі әуежайлары халыққа қызмет көрсете бастайды, ал келесі жылы Астанада жаңа әуежай құрылысы басталады.
Қаржы және салық саласында да әділеттілік қағидаты басты орынға шықты. Еліміздегі банктерде сақталған 52 триллион теңге депозитке қарап, Президент бұл қаражатты экономиканы несиелендіруге бағыттауды міндеттеді. Ал Салық кодексі бойынша бай-бағландарға арналған жоғары салық мөлшерлемесін енгізу мәселесі зерделенетін болды. Сондай-ақ, тоқсаныншы жылдары қабылданған ескі Азаматтық кодекстің орнына заманауи цифрлық экономикаға сай келетін жаңа Азаматтық кодексті 2027 жылдың аяғына дейін қабылдау тапсырылды. Алатау қаласында халықаралық инвесторлар үшін ағылшын құқығы үлгісіндегі жаңа Инвестициялық сот құрылмақ.
Айта кету керек, Президент Жолдаудағы әрбір салмақты тапсырманың орындалуы бойынша нақты мекемелер мен тұлғаларға үлкен жауапкершілік артты. Алдымен, Конституциялық реформадан кейін құрылған жаңа Құрылтай депутаттарына стратегиялық заңдарды, Жаңа Азаматтық кодексті және бизнесті 3 жылға тексеруден босататын мораторийді Үкіметпен бірлесе сапалы әзірлеу жөнінде үлкен сенім білдірді. Үкімет пен Көлік, Энергетика, Су ресурстары, Оқу-ағарту министрліктеріне «Халықтық құрылыс», АЭС құрылысы мен жол, мектеп сапасына қатысты сылтау айтпай, нақты нәтиже көрсетуді міндеттеді. Ал Президент Әкімшілігіне 2027 жылдың ортасына дейін мемлекеттік басқару жүйесін цифрландыру мен ЖИ-ге бейімдейтін реформа дайындау тапсырылды. Ең бастысы, Мемлекет басшысы сөзін халыққа, соның ішінде жаңа заман талабын меңгерген отаншыл, білімді, белсенді жастарға арнап, бұл реформалардың басты бенефициары – қарапайым азаматтар екенін қадап айтты.
Бұл Жолдауды тыңдай отырып түйген басты ойымыз – Мемлекет басшысы елдегі барлық шынайы мәселелерді бүкпесіз ашық айтты және оларды шешудің нақты қаржылай, заңнамалық және ұйымдастырушылық тетіктерін көрсетіп берді. Айлықтың өсуі, заманауи мектептер мен ауруханалардың салынуы, ауылдарға газ пен судың жетуі, бизнеске жеңілдіктер берілуі – мұның бәрі әрбір қазақстандықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған оң қадамдар. Ендігі басты міндет – мемлекет берген бұл мүмкіндікті жергілікті жерде сапалы жүзеге асыру және осы ортақ даму жолында халық болып жұмыла еңбек ету.
Жұмахан Байғазықызы. Газеттің тілшісі


