Пятница, 13 ноября, 2026
Басты бетAtamekenТілге құрмет – Ата заңның айнымас қағидасы

Тілге құрмет – Ата заңның айнымас қағидасы

Кейде бір мәселенің шешілмеуін заңның жоқтығынан көреміз. Ал кейде заң бар, бірақ оның орындалуына келгенде ақсайтынымыз бар. Тіл мәселесінде де осындай жағдайлар кездеседі. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Бұл Конституцияда нақты жазылған. Бірақ мемлекеттік тілдің мәртебесі күнделікті өмірде қаншалықты сақталып жүр? Заңда белгіленген талап пен қоғамдағы нақты жағдайдың арасында алшақтық жоқ па? 10 қарашада өткен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көтерген мәселелері осы сұрақтарға қайта назар аудартты. Президент қазақ тілінің мәртебесін көтеру, оны ғылым мен технологияның тіліне айналдыру, сөздік қорын жүйелеу, емле ережелерін реттеу қажеттігін айтты. Сонымен бірге тіл мәселесін пайдаланып, қоғамда жанжал туғызуға тырысатын әрекеттерге «Заң мен тәртіп» қағидаты бойынша баға берілуі керектігін ескертті. Байқасаңыз, мұнда екі бөлек мәселе айтылып тұрған жоқ. Тілдің дамуы да, оны қолданудағы тәртіп те бір-бірімен байланысты. Өйткені мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру үшін алдымен оның құқықтық негізі сақталып, қоғамда қолданылуына жағдай жасалуы керек. Ал тіл мәселесі адамдарды бір-біріне қарсы қоятын себепке айналмауға тиіс. Қазақстан Конституциясының 9-бабында мемлекеттік тіл – қазақ тілі деп көрсетілген. Осы бір сөйлемнің өзі үлкен жауапкершілікті жүктейді. Мемлекеттік тіл дегеніміз – тек ресми атақ емес. Ол – елдің мемлекеттік басқаруында, қоғамдық өмірінде, білім мен ғылымында, ақпарат кеңістігінде қолданылуға тиіс ортақ тіл.Осы баптың екінші тармағында мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ тілімен қатар орыс тілінің ресми түрде қолданылатыны жазылған. Ал үшінші тармақ мемлекетке Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай жасау міндетін жүктейді. Демек, Конституциядағы тіл нормалары бір ғана мәселені шешуге бағытталмаған. Бір жағынан, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі бекітілген. Екінші жағынан, еліміздегі өзге тілдердің дамуына да жағдай жасау қарастырылған. Мұны неге айтып отырмыз? Себебі қоғамда тіл мәселесі қозғалғанда, кейде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру өзге тілдердің құқығын шектеу ретінде түсіндіріліп кетеді. Ал Конституцияда мұндай талап жоқ. Керісінше, мемлекеттік тілдің мәртебесін қамтамасыз ету мен азаматтардың тілдік құқықтарын сақтау қатар қарастырылған. Президент құрылтайда да осыған арнайы тоқталды. Қазақ тілін дамыту басқа тілдердің дамуына кедергі келтіру емес екенін айтты. Бір тілді екінші тілге қарсы қоюға болмайтынын ескертті. Бұл – тіл саясатының да, қоғамдық келісімнің де маңызды ұстанымы. Мемлекет басшысының құрылтайдағы сөзінде назар аударатын бір тұс бар. Ол қазақ тілін қолданудағы бірізділік мәселесін көтерді. Бүгінде бір ұғымның бірнеше нұсқада қолданылуы, емле мен ережедегі ала-құлалық, сөздіктердің бірізді жүйеге түспеуі тілдің сапасына әсер ететінін айтты. Мәселен, ресми бекітілген орфографиялық сөздіктің соңғы нұсқасы 1983 жылы шыққанын еске салды. Сондықтан сөздіктерді жаңартып, емле ережелерін жүйелеу қажеттігін тапсырды. Бір қарағанда, бұл тіл мамандарына қатысты мәселе сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ оның қоғам үшін де маңызы бар. Әсіресе заң, медицина, білім, технология сияқты салаларда терминдердің бірізді қолданылуы өте маңызды. Осы тұста Конституцияның 3-бабына назар аударған жөн. Онда заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету Қазақстан Республикасы қызметінің негізгі қағидаттарының бірі ретінде белгіленген. Яғни бұл талап мемлекеттік басқарудың барлық саласына ортақ. Тіл саясаты да одан тыс қалмайды. Егер Конституцияда қазақ тілі мемлекеттік тіл деп көрсетілсе, мемлекеттік органдар осы мәртебені іс жүзінде қамтамасыз етуі керек. Азамат мемлекеттік мекемеге қазақ тілінде жүгінгенде, оған сапалы әрі түсінікті жауап берілуі қажет. Мемлекеттік ақпарат пен қызметтің қазақ тіліндегі нұсқасы формалды аударма деңгейінде қалмауы керек. Басқаша айтқанда, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру туралы сөз болғанда, ең алдымен мемлекеттік аппараттың өз жұмысынан бастаған дұрыс. Заң мен тәртіп дегеніміз – талапты тек азаматтарға қою емес, мемлекеттік органдардың да өз міндетін орындауы. Құрылтайда Президент тіл мәселесін пайдаланып, қоғамдық жанжал туғызуға тырысатын адамдардың әрекетіне де тоқталды. Мұндай әрекеттерге заң аясында баға берілуі керектігін айтты. Конституцияның 16-бабы әр адамның тіліне, ұлтына және басқа да белгілеріне қарап кемсітуге тыйым салады. 22-бап әркімнің ана тілін, төл мәдениетін қолдануға, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдауға құқығын бекітеді. Ал 23-бап сөз бостандығына кепілдік бере отырып, ұлттық және этностық алауыздықты қоздыруға жол бермейді. Осы үш норманы қатар қарастырсақ, мәселе түсінікті болады. Мемлекеттік тілдің мәртебесін қорғау керек. Азаматтардың тілдік құқықтары да сақталуы керек. Ал қоғамда араздық туғызатын әрекеттерге заңға сәйкес тосқауыл қойылуы қажет. Демек, «Заң мен тәртіп» қағидаты біреуді тілі үшін жазалау немесе белгілі бір тілде сөйлеуге мәжбүрлеу дегенді білдірмейді.  Тіл мәселесі – бір күнде шешілетін мәселе емес. Бірақ оны шешудің жолы белгілі. Конституцияда мемлекеттік тілдің мәртебесі бекітілген. Ендігі міндет – осы норманың өмірде орындалуын қамтамасыз ету. Бұл жерде мемлекетке де, қоғамға да жауапкершілік жүктеледі. Мемлекеттік органдар қазақ тілінде сапалы қызмет көрсетуі керек. Білім беру жүйесі тілдің мүмкіндігін кеңейтуге тиіс. Ғалымдар мен мамандар терминологияны біріздендіруге үлес қосуы қажет. Ал азаматтар бір-бірінің тілдік құқығын құрметтеп, тіл мәселесін араздыққа емес, ортақ іске айналдыруы керек. Кейде заң мен тәртіпті тек құқық бұзған адамға жаза қолданумен байланыстырамыз. Алайда оның мәні әлдеқайда кең. Заң мен тәртіп – белгіленген норманы сақтау, өз міндетіңді орындау, өзгенің құқығына құрметпен қарау. Бұл талап мемлекеттік тілге қатысты саясатта да көрініс табуы керек. Қазақ тілінің мәртебесін көтеру – мемлекеттің конституциялық міндеті. Ал оны дамыту үшін жүйе, тәртіп, нақты жұмыс және қоғамдық қолдау қажет. Заң мен тәртіп үстемдік еткен қоғамда тіл мәселесі де өз шешімін құқық пен жауапкершілік аясында табуы тиіс.

Жұмахан Байғазықызы. Газеттің тілшісі

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments