Суббота, 23 ноября, 2024
Басты бетUncategorizedКәсіпкерлікті меңгерген

Кәсіпкерлікті меңгерген

Құстай ұшып зымыраған уақыттың қанатына ілесіп, алпыс жастың асқарына да шықтық, жігіт ағасы болып зейнеткер атандық. Бəрі көрген түстей болып артта қалған өмірдің енді алда тосқан не қызығы бар деп ойлайтын кездер болады екен. Сонда алдыңда жетпісті желкелеп, сексеннен секіріп өткен, тоқсанның төбесіне де жетіп қалған ағаларымызды көріп шүкіршілік қыламын, Алла бұйыртса, алда да өмір бар ғой деп ертеңіме үлкен үмітпен қараймын. Əсіресе, жас кезіңнен біліп өскен ағалардың жарқын өмір жолдарын көріп, талмай еңбек еткендеріне тамсанып, оларды үлгі тұтасың. Солардың бірі бүгінде 70 жасқа толып отырған Құдайбергенов Мұхтар деген азамат. Сонау 1981 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институтын аяқтап, Қазақ егіншілік ғылыми зерттеу институтына жұмысқа кіріскенде, бұл институтта ешкімді танымайтынмын, тіпті институттың қай жерде орналасқанын да білмейтінмін. Міне, сөйтсем, ғылымда жүрген ығай мен сығайлар, ғылым жолын таңдаған жас жігіттер мен қыздар жиналған белгілі ғылыми зерттеу мекемесі екен. Маған бəрі таңсық, бəрі қызық, ғылымның тəтті дəмін татып, сан алуан тақырыптарды зерттеп жүрген аспиранттарға қызыға қараймын. Алғаш танысқандарымның бірі Мұхтар Сəрсенбекұлы (ол кезде жай Мұхтар дейтінбіз) еді. Аспирантураны аяқтап, диссертациясын қорғауға дайындалып жүрген ақжарқын қағылез жігіт болатын. Селекция ғылымының қыр-сырын меңгеріп алған, білімді жас ғалым білгенін түсіндіріп, ақыл-кеңесін айтып қамқор болып жүретін. Қолында барын аямайды, көмекке даяр. Мысалы, болашақ бажам Əлен Қыдыров Қазақ ауыл шаруашылығы институтында агрономия факультетінде сырттай оқитын, Мұхтар соның дипломдық жұмысына диссертациясына көмектесіп, материалдарын беріп, жақсы қорғауына үлкен үлес қосқан еді. Əлен марқұм «Комиссия мүшелері менің дипломымды мақтап, аспирантураға түс деді» деп риза болып жүретін. Əртүрлі жиындарда белсене сөйлеп, өзінің білімін көрсетуге де шебер еді. Əсіресе «Знание» деген қоғам ұйымдастырған жиындарда, сол замандарда дəстүр болған бөлімдерде саяси тақырыптарды талқылағанда оның эрудициясы кең, күнделікті өмір жайында хабары мол екенін байқадық. Біз көңіл аудара бермейтін нəрселер оның назарынан тыс қалмайтын.

Мұхаңның өмір жолы сол кездердегі жастардың көпшілігіне тəн еді. 1952 жылы 7 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысы (Бəйдібек) ауданындағы Жамбыл ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген, ауылдың қызығына тоймай өскен қазақтың қара домалақ балаларының бірі болып ержетті. Ауыл баласын ауылға жақындастыратын кəсіп екені заңдылық қой. 1970 жылы орта мектепті бітіргеннен соң жақын жердегі Ташкент ауыл шаруашылық институтына оқуға түседі. 1975 жылы оны үздік бітіріп, ғалым агроном-селекционер мамандығын алып шыққаннан кейін еңбек жолын Шымкент Мемлекеттік ауыл шаруашылығы тəжірибе стансасында бастайды. 1977 жылға дейін жібек шаруашылығы бойынша бас маман болып жұмыс істейді. Осылайша, практикалық жұмыстың дəмін татқан жас маман білімін одан əрі арттыру мақсатында Қазақ егіншілік ғылыми зерттеу институтының аспирантурасына түседі. Ғылыми жетекшісі Қазақстанда өсімдік селекция ғылымын жаңа биікке көтерген, осы бағытта аспиранттарды «пəшке пəшкесімен» (менің кураторым Телман Аубакировтың сөзі) дайындап жатқан Рақым Оразалиевтің шəкірті атанады. 1980 жылы аспирантураны сəтті тамамдап, осы институтқа жұмысқа тұрады, алғашында агроном болып бастап, кейін кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, жүгерінің бастапқы тұқым шаруашылығы зертханасының меңгерушісі, жүгері селекциясы жəне тұқым шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі лауазымдарынан сатылап өтеді. Жиналған бай тəжірибесінің арқасында Мұхтар Сəрсенбекұлы басшылық қызметтерге де араласады, бірнеше рет институт директорының маркетинг жəне экономикалық талдау жұмыстары, ғылыми жұмыстар бойынша орынбасары, Республикалық «Асыл тұқым» тұқым шаруашылығы ассоциациясының вице президенті қызметтерін абыроймен атқарып, селекция жəне тұқым шаруашылығы жұмыстарын қарқынды жүргізуге лайықты үлес қосады. Сонымен бірге, республикалық деңгейдегі мекемелерде де жұмыс істеп, бай тəжірибе жинайды, «Казахстанские семена» ассоциациясының директоры, Ауыл шаруашылығы министрлігінің астық департаменті директорының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарады. Мұхтар Сəрсенбекұлының бойындағы тағы бір қасиет – кəсіпкерлікке бейімділігі еді, ол бизнестің қыр-сырын ерте түсінді, осы жолда іскер адамдармен тіл табысып, араласатын достары көп болатын. Еліміз тəуелсіздік алып, нарықтық экономика құра бастаған кезде достары Жұмаділда Қожабаев жəне Бақытжан Қалыбаевпен «Семена» деген кіші кəсіпорын құрып, елімізде алғаш тұқым шаруашылығы саласында кəсіпкерлікті бастаған еді. Тұқым шаруашылығы бойынша кəсіпкерлікті дамыту мақсатында басқа да бірқатар жұмыстар атқарып, 2003 жылдың қорытындысы бойынша.

Жамбыл облысы бойынша ғылыми жетістіктерін ауыл шаруашылығы өндірісіне ең үздік енгізуші болып танылады. 2009 жылдан бастап майлы жəне дəнді бұршақты дақылдар селекциясын меңгеріп, осы ғылыми бөлімдерге басшылық жасап, Қазақ егіншілік жəне өсімдік шаруашылығы ҒЗИ қызмет етіп келеді. Осы орайда Мұхтар ағамыздың бесаспап селекционер екенін ерекше атап өткім келеді. Əдетте машақаты көп, үздіксіз талай жылға созылатын селекциялық жұмыспен айналысатын ғалымдар бір екі дақылмен ғана шұғылданып жатады. Мысалы, академик Рахым Оразалиев бидай мен тритикале, Бөрібай Сариев арпа мен сұлы дақылдары селекциясымен айналысатын ғалымдар. Ал Мұхтар Сəрсенбекұлы бидай, арпа, жүгері, астықбұршақ, майлы дақылдары селекциясымен де айналысып, айтарлықтай жетістіктерге жеткен.

Мұхаңның ғылыми жетістіктерін сөз қылатын болсақ, 1984 жылы «Селекция жəне тұқым шаруашылығы» мамандығы бойынша кандидаттық диссертация, 2005 жылы көп жылғы зерттеу жұмыстарын қорытындылап, биология ғылымдарының докторы деген ғылыми дəрежені иеленді. Мұхаң 45 жыл ғұмырын селекция жəне тұқым шаруашылығы саласын дамытуға арнады. Көп жылдық ізденістің нəтижесінде селекциялықгенетикалық принциптерді əзірлеп, дəнді жəне бұршақ дақылдарын будандастыру үшін ата-аналық компоненттерді таңдау, адаптивті селекцияда генотип пен қоршаған ортаның өзара əрекеттесуін бағалау, аурулар мен зиянкестерге жəне қоршаған ортаның стресс факторларына төзімді сорттары мен будандарын шығаруға зор үлес қосқан ғалым. Ғалымның жетекшілігімен əртүрлі экологиялық аймақтарға арналған дəнді дақылдардың өнімділігі жоғары сорттары мен будандарының үлгілері шығарылды, елімізде жəне шет елдерде дəнді жəне бұршақ дақылдарының 31 сорты мен будандары өндірісте қолданылып келеді.

Үнемі ізденіс үстінде жүретін Мұхтар Сəрсенбекұлы АҚШ, Мексика, Германия, Сербия, Болгария, Қытай, Түркия, Ресей, Украинаның генетика, биотехнология, селекция жəне дəнді-бұршақ дақылдарының тұқым шаруашылығы бойынша жетекші ғылыми орталықтарында, институттарында жəне университеттерінде тағылымдамадан өтіп, бай теориялық жəне практикалық тəжірибе жинаған. Беделді ғалым ретінде майлы жəне бұршақ дақылдары жөніндегі республикалық үйлестіру кеңесінің төрағасы қызметін абыроймен атқарып келеді.

«Ғалымның хаты өлмейді» демекші, ғылыми зерттеулері 31 авторлық куəлікте, 20 патентте, 4 ұсыныста, жоғары оқу орындарына арналған 1 оқулықта жəне дəнді жəне бұршақ дақылдарының селекциясы, генетикасы, биотехнологиясы жəне тұқым шаруашылығы бойынша 198-ден астам ғылыми еңбектерде көрсетілген. Бай тəжірибесін ғылымның келешегі – жастарды тəрбиелеуге жұмсап келеді, оның жетекшілігімен 4 кандидаттық диссертация, 2 PhD докторы, 2 магистрант дайындалды.

Ғылым жолындағы еңбегі лайықты бағасын алып, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы академиясының толық мүшесі болып сайланды, Қазақстан комсомолының, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамоталарымен марапатталып, Қазақстан Республикасы Білім жəне ғылым министрлігінің «Еңбек сіңірген еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасы ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі», Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгілерімен марапатталды.

Мұхтар Сəрсенбекұлы ұл, қыз тəрбиелеп, немере сүйіп отырған қадірменді əке, ата. Кіші қызы Кəмила менің қызым Гүлнұрмен бір айда дүниеге келіп еді, сол кезде сəбилеріміздің тəтті қылықтарын айтып мəз болып, əке бақытына кенелуші едік. Аллаға шүкір, сол қыздарымыз да бүгін ана атанып, немере сүйдіріп отыр. Олай болса, Мұхаңа жетпіс жастың асуынан асып, ұстазы Рахым Алмасбекұлы сияқты шаршамай, 90 жастың асқарына өнімді еңбегімен жете беруін тілейміз.

Əйіп РƏШИТҰЛЫ, биология ғылымдарының докторы, Қарасай ауданындағы Қазақ егіншілік жəне өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институты.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments